Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:25

Депутат: Қызылордадағы жүзеге аспайтын жобаның 84 миллион теңгесіне кім жауапты?

Казанцев
Фото: zhasalash.kz

Қызылорда облысындағы жалпы құны 22 трлн теңге болатын, бірақ жүзеге аспайтыны белгілі болған жобаның дайындық жұмыстарына жұмсалған 84 млн теңгеге кім жауап береді? 

Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Павел Казанцев үкімет пен Есеп комитетінің 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есебін талқылау кезінде қойды.

«Жоғары аудиторлық палатаның есебінде Шиелі ауданында су қоймасын салу жобасына қатысты бюджет қаржысының өте тиімсіз жұмсалғаны айтылған. Жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындауға 56 млн теңге, ал 2022 жылы қосымша тағы 28 млн теңге бөлінген. Алайда жобаны түзету кезінде оның құны шамамен 22 трлн теңгені құрайтыны белгілі болды», – деді Казанцев.

Оның айтуынша, бұл жағдай жоспарлаудың шынайылығы мен тиімділігіне үлкен күмән тудырады. Сонымен қатар зерттеулер жобаның аймақтың экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін экологиялық қауіптерді анықтаған. Осы себепті жоба орынсыз деп танылып, іс жүзінде тоқтатылған.

«Экологиялық және экономикалық тұрғыда алдын ала дұрыс бағаланбаған жобаны әзірлеуге бюджет қаржысы қалай жұмсалды? Салалық министрлік пен қаржы министрлігі іске аспайтыны анық жобаны қалайша жоспарлады? Бұдан қандай қорытынды шығарылды және осындай миллиондаған шығындарға жол бермеу үшін не істелмек?» – деп сұрады депутат.

Алайда бұл сұрақтарға су ресурстары және ирригация министрінен де, қаржы министрінен де нақты жауап алынбады.

Тегтер: