Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:51

Депутат Көлік министрлігін Қазақстандағы ең әлсіз ведомство деп атады

Мұрат Әбенов
Мұрат Әбенов

Мәжіліс депутаты Мурат Әбенов 2025 жылдың қорытындысы бойынша Көлік министрлігі ең нашар нәтиже көрсеткен ведомство екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, такси мен авиация саласында «бейберекет пен монополия» сақталып отыр, ал министрлік берген уәделер орындалмаған.

"Мен бір жыл бойы Көлік министрлігінің жұмысына көңілім толмады. Такси саласында бейберекет. Бұл мәселені екінші жыл қатарынан көтеріп келеміз. «Яндекстің» орнына басқа компания әкелеміз деп уәде берді. Келіссөз жүріп жатыр деді, бірақ екі жыл өтсе де нәтиже жоқ. Министр ауысты, ал бір жеке компанияның монополиясы сол күйі қалды", - деді Мұрат Әбенов Мәжілістің пленарлық отырысынан кейінгі кулуарда.

Депутаттың айтуынша, такси жүргізушілері күніне 12 сағатқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр, табысының 20-25 пайызын агрегаторға береді, бірақ еңбек демалысы, аурухана парағы және әлеуметтік кепілдіктері жоқ.

"Такси жүргізушілері мүлде құқықсыз. Бұл 100 мыңнан астам адам дегенді білдіреді. Министрлік «Өскеменде APARU деген қазақстандық компания бар, олар 50-60 теңге алады» деді. Бірақ оларды нарыққа кіргізбей отыр, оған сол баяғы «Яндекс» кедергі келтіруде. Сондықтан біз қазір министрлікке наразымыз", - деді ол.

Сондай-ақ ол 2020 жылы заңға енгізілген қайтарылмайтын авиабилеттер нормасын еске салды. Депутаттың айтуынша, мұндай тәжірибе халықаралық практикада жоқ.

"Үкіметпен және Президент әкімшілігімен бірге «қайтарылмайтын билеттер» ұғымын алып тастауға келіскенбіз. Бірақ сол түзетулерді кезінде өзі ілгерілеткен вице-министр Талғат Ластаев қазір олардың күшін жоюға қарсы шығып отыр. Бұл басқару дағдарысы. Премьер-министр қолдаған шешімге вице-министр қарсы шығып отыр", - деді Әбенов.

Депутат бұл мәселе бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновтің алдына вице-министрдің жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізетінін айтты.

"Егер ол әуе компанияларын қорғағысы келсе, жеке әуе тасымалдаушылар қауымдастығына барсын. Вице-министр лауазымында не істеп отыр?" - деді депутат.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарына қатысты пікір білдіріп, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің шетелге шығуын шектеу туралы заң қабылдауды ұсынған еді.