Депутат Мәжіліс отырысында анасын туған күнімен құттықтады

Бүгін Мәжілісте ерекше сәт болды. Депутаттық сауалдарды жариялау кезінде Ардақ Назаров күн тәртібін бір сәтке тоқтатып, анасын туған күнімен құттықтады.
– Бүгін менің анамның туған күні еді. 70 жасқа толып отыр. Анамды құттықтағым келеді. Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге және жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, құдай бере салған э немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін, - деді Назаров.
Одан кейін депутат қайтадан ресми тақырыпқа оралып, қазақстандық армияның жағдайына қатысты депутаттық сауалын жолдады.
Мәжіліс кулуарында депутат Назаровтан журналистер анасын трибунадан құттықтауы қаншалықты орынды болғанын сұрады. Депутаттың айтуынша, егер осы отырыс болмағанда, ол дәл қазір анасымен бірге болар еді.
«Мен анама ерекше сый жасағым келді — оны Мәжіліс трибунасынан құттықтадым. Регламентті бұзған жоқпын. Тіпті Ерлан Қошановтың өзі анама сәлемін жеткізді. Ана – біздің өміріміздің бақыты», - деді Назаров.
Ол сондай-ақ мұндай «сыйлық» жасау үшін алдын ала рұқсат сұрамағанын атап өтті.