Депутат неге шырылдайды?
«BI Group» және «Базис-А» компанияларының артында кімдер тұр?
Осы аптадан бастап, мәжіліс депутаттары өңірлерге барып, халықпен кездесуді бастады. Бұған таңғалатын ештеңе жоқ. Жалпы, халық қалаулылары жылда осы мезгілде, президент халыққа жолдау арнағаннан кейін ел аралап келетін. Ондағы мақсаттары – халыққа жолдауды насихаттау, түсіндіру. Бұл жолы да мәжілісмендер ауылға осындай үгіт-насихат миссиясымен бара жатқан көрінеді. Олар –халықпен кездесулерде, қоғамдық қабылдауларда президент Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанын», оның әлеуметтік-экономикалық реформаларын түсіндіреді. Ел ішіндегі наразылықтарды басып, қалыптасқан ауыр ахуалды жұмсарту үшін билік барын салып жатыр.
Десек те депутаттар соңғы уақытта өзекті мәселелерді қозғап, ащылау пікір айтатын сияқты ма, қалай өзі?! Екі-үш күн бұрын мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан фейсбуктегі парақшасында Шымкент қаласы басшыларының жұмысына сын айтыпты. Депутаттың біреуді сойып салған ештеңесі жоқ. Дегенмен, елең еткізерлік пікір білдірген.
Құдайберген Ержанның жазған постына, жариялаған фотоларына қарағанда, депутатқа Шымкент қаласы Қайнарбұлақ ауылының тұрғындары әлі күнге инфрақұрылымның толық тартылмағаны жөнінде арызданғанға ұқсайды. Мәжілісмен осы жөнінде Шымкент қалалық әкімдігіне сауал жолдаған. Оған қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов жауап берген. Бірақ жауап Қ.Ержанды қанағаттандырмаған сыңайлы. Оның жазуынша, Шымкент қаласының аумағын кеңейту кезінде оған көршілес аудандардан көптеген елді мекендер кірген.
– Аталған іс-шара Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамыту және кезекте тұрған азаматтарға жер телімін беру мақсатында жүргізілді. Алайда, қазіргі таңда бұл әрекеттен аталған елді мекендер тұрғындары ештеңе ұтпады. Керісінше, Шымкент қаласы мегаполис статусын алып, оның дамуына бөлінетін қаржы көлемінің ұлғаюы және жергілікті атқару органдары басшылары жалақысының көбеюі сияқты артықшылықтар қарастырылды. Осыған қарамастан, қала басшылығы қаланың шет аумағында лай кешіп жүрген тұрғындарды ауыз сумен, көгілдір отынмен, сапалы электр жүйесімен толық қамтудың орнына, екінші кезекте қажеттілік ететін Конгресс Холл сияқты ғимараттардың құрылысымен айналысуда. Осы тұрғыда халықтың наразылығы орынды деп санаймын. Менің ойымша, қала әкімінің имиджі тұрғындардың өмір сапасына байланысты болу керек. Ол «Нұр Отан» партиясының алға қойған мақсаты, – деп жазды депутат.
Атқамінерлер Шымкенттен қалайда мегаполис жасау үшін Сайрам ауданынан 110 мың халқы бар отыздан астам елді мекенді өткізген. Осыдан он жыл бұрын. Сол кездері бұл ауылдардың жағдайы адам аярлық еді. Қарапайым жарықтың өзі тартылмағандықтан, жұрт ортадан ақша шығарып, трансформатор сатып алуға мәжбүр болды. Жекеменшік трансформатордан жарық алатындар тарифті екі есеге қымбат төлеп келді. «ҚазТрансГазбен» ым-жымы бір пысықтар жекеменшік газ тарату қондырғыларын орнатып, оған қосылған әр үйден – 250 мың теңгеден алды. Ауыз суға қосылу үшін – 100 мың теңге. Сол кезде мұндай бассыздықтарға «әй дейтін әже, қой деген қожа» болған жоқ еді. Мәжіліс түгілі, мәслихаттың депутатын көру мұң болды ғой. Себебі 2012 жылы аталған елді мекендердің халқы сайлаған мәслихат депутаттары Сайрам ауданында қалып қойды. Сайлаушысы – Шымкентте, депутаты – Сайрамда. Бұл жағдайға ешкімнің басы ауырған жоқ. Проблемасы көп елді мекендердің жағдайы соңғы жылдары ғана бері қарай бастады. Сол кездері жаңылыспасақ, Құдайберген Ержан Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып отырған болатын. Мәжілістің мандатын 2016 жылдан иеленді. Халық қалаулысының Шымкентте инфрақұрылымның зарын тартқан халықтың мұңын мұңдағанын, жергілікті әкімдердің жұмысына сын айтқанын өз басымыз естігеніміз де, көргеніміз де осы. Сонда депутаттың шырылдауық шегірткенің күйін кешкенін немен байланыстыруға болады. Президенттің тапсырмасымен бе?
Айтпақшы, Құдайберген Ержан мәжіліске Түркістан облысынан сайланған депутат. Ал дәл қазір, Түркістан облысында шырқырап тұрып айтатын мәселелер аз емес. Кешегі күніүкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин құрылысы қызып тұрған Түркістан қаласында 140 миллиард теңге сомасындағы тапсырысты немесе жалпы жұмыс көлемінің 25 пайызын конкурстан тыс тәсілдер арқылы «BI Group» және «Базис-А» компанияларының ұтып алғанын мәлім етті. Бұл компанияларға мемлекет тарапынан өте көп артықшылықтар берілгенге ұқсайды. Олар жер учаскелерін конкурстан тыс алудан бөлек, тіпті мүліктік жер салығын, кедендік баждарды төлеуден де босатылған болып шықты. Бұл шындық бұған дейін неге айтылмады? Қос алпауыт компанияның арғы жағында кімнің мүддесі, кімнің несібесі бар?
Жалпы, соңғы 3 жылдың көлемінде Түркістанға құйылған қаржылардың көлемі жүз миллиардтап саналады. Нысандарға бөлінген қаржылардың көлемі салынған ғимараттардың мақсаты көптеген күдікті ойларға жетелейді. Қаңтар қырғынынан кейін жаңа тыныстары ашылған депутаттар енді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жұмысына сын айтып, Түркістанға бөлінген қаржыларды тексеру, оның тиімділігіне талдау жүргізуді талап етіп жатса, таңғалуға болмайды.
Айтылған сөз өзектілігімен, дәл уақытында айтылғанымен құнды емес пе? Не де болса, депутаттардан бір ерлік күтіп көрейікші!