Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:05

Депутат Нұрлан Сабуровқа тыйымды алып тастау үшін Ресейді ашық қолдауды ұсынды

Нұрлан Сабуров
Фото: ашық дереккөз

Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Виталий Милонов қазақстандық комик Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне қойылған тыйымға қатысты пікір білдірді.

 

РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында депутат әртіске «байыптылық танытып, Украинадағы қақтығыс бойынша Ресейді ашық әрі дауыстап қолдау» керегін айтқан.

«Әзілкешке байыптылық танытып, Украинадағы қақтығыста елімізді ашық қолдауға кеңес берер едім. Осындай ұстанымда болса, Ресейге кіру мәселесі тезірек шешілер еді», – деді Милонов.

50 жылға тыйым

Еске салайық, 6 ақпанда Нұрлан Сабуров Мәскеудің Внуково әуежайында ұсталып, кейін оған Ресейге 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынғаны хабарланған.

БАҚ мәліметінше, мұндай шешімге Украинадағы арнайы әскери операцияны сынағаны, сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын бұзды деген күдік себеп болуы мүмкін. Алайда комик бұл айыптауларға қатысты ресми түрде пікір білдірген жоқ.

7 ақпанда Сабуров Алматыға ұшып келіп, қазіргі уақытта Қазақстанда жүр. 8 ақпанда ол Instagram парақшасында жағдайды жария түрде талқыламайтынын, барлық мәселені заңгерлеріне тапсырғанын мәлімдеді.

«Вагнер легионы» жайлы видео

Көп ұзамай Қазақстанда бір белсенді Бас прокуратураға жүгініп, Сабуровтың «Легион Вагнер Истра» бөлімшесіне 10 мотоцикл табыстағаны көрсетілген видеоны тексеруді талап етті.

Бұл видео 9 ақпанда желіде пайда болды. Оның шынайылығын қазақстандық фактчекерлер растаған.

Мәжіліс кулуарында ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев те Нұрлан Сабуровқа қатысты жағдайға түсініктеме берген.

Сабуровқа қатысты жағдай екі ел арасындағы қоғамдық пікір мен саяси ахуал аясында талқыланып отыр. Бір тарап оны саяси мәлімдемелермен байланысты десе, екінші тарап ықтимал құқықтық бұзушылықтарды алға тартады.

Әзірге ресми органдар тарапынан толық әрі нақты құқықтық негіздеме жарияланған жоқ. Ал Сабуровтың өзі дауға қатысты ашық пікір айтудан бас тартып отыр.