Депутаттар демалысқа кетті

Үшінші сессияның жұмысы ресми түрде аяқталды.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында сегізінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды. Сонымен қатар депутаттар 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул жариялау жөнінде арнайы қаулы қабылдады.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл сессияның маңызын атап өтіп, оның мемлекет пен халық мүддесіне бағытталған жүйелі жұмыстың бел ортасы болғанын айтты.
Бүгін сегізінші сайлаған Парламенттің үшінші сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Біз өз өкілеттігіміздің тура бел ортасына келдік. Іс жүзінде бұл - бірлесе атқарып жатқан жұмысымыздың маңызды кезеңі, межелі белесі. Шын мәнінде, қазіргі сайланым Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де, дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады. Осы жылдары депутаттар ұдайы Президент реформаларының алғы шебінен көрінді, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Қошановтың айтуынша, Парламент жұмысы елдегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Сессия барысында Үкімет Жолдауындағы міндеттер мен Ұлттық құрылтайда айтылған идеялар ескерілді. Депутаттар Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы барлық заңнамалық бастамаларды қарады.
Сессия қорытындысы бойынша:
- Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы өтті;
- Сенат пен Мәжіліс 39 жалпы отырыс өткізді;
- Қос палата 158 заң жобасын қарап, олардың 89-ы қабылданды.
Әлеуметтік сала басты назарда болды. Ерлан Қошановтың сөзінше, үш жылдық бюджетте шығыстардың 40%-ға жуығы әлеуметтік мәселелерге бағытталған.
Мәселен:
- Базалық зейнетақы – 6,5%, ал еңбек зейнетақысы – 8,5% өсті;
- Стипендия мөлшері қыркүйектен бастап тағы артады;
- Ғылыми атақ иелеріне үстемақы енгізілді;
- Ауыз су және ауылды дамытуға қосымша қаржы бөлінді.
Мәжіліс отырысына дейін, 25 маусым күні Ерлан Қошанов сессияның қорытындысын жариялаған еді. Ал 26 маусым күні Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатада 89 заң жобасы қаралғанын мәлімдеді.
Парламенттің келесі сессиясы биылғы 1 қыркүйекте басталады.