Депутаттар фармацевтика саласындағы былықтарды мәлімдеді

Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек Қазақстандағы фармацевтика саласындағы былықтаға нақты жауап беретін уақыт келді деп санайды.
Олар «СК-Фармация» ЖШС, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемелер мен фармацевтикалық компаниялардың әрекетіне байланысты Бас прокурор Берік Асыловқа ресми депутаттық сауал жолдады.
Депутаттардың айтуынша, бұл салада миллиардтаған теңге заңсыз схемалар арқылы желге ұшқан, ал халық денсаулығы – екінші кезекке ысырылған.
Фармацевтикалық фарс: нарық бағасынан 300% қымбат дәрі
Әбенов пен Базарбектің сауалында Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) қорытындыларына сүйене отырып, нақты фактілер келтірілген:
-
«СК-Фармация» нарықтық бағасы 1000 теңге тұратын дәрілерді ондаған, тіпті жүз миллиондаған теңгеге сатып алған.
-
Кейбір препараттар нарықтан 40% емес, 365%-ға дейін қымбатқа алынған.
Мұндай схемалар дәрі-дәрмек сатып алу мен жоспарлауда ашық жемқорлық пен картельдік келісімдердің бар екенін айқын көрсетіп отыр.
Бір тауар – екі есе баға
2024 жылы «КазМедПром» ЖШС «СК-Фармацияға» 8 млрд 85 млн теңгеге 62 млн жұп қолғап жеткізген. Бірақ дәл осы кезеңде сол компания Таиландтан 87 млн жұп қолғапты бар-жоғы 3,98 млрд теңгеге сатып алған. Яғни делдалдар арқылы баға екі есе қымбатқа шыққан.
Депутаттардың айтуынша, мұндай айла-шарғылар мемлекет қаржысын талан-таражға салып, адал өндірушілерді нарықтан ығыстырып, бәсекелестікті жойған.
Жоспарсыздықтың салдары – миллиардтаған шығын
2022–2023 жылдары тиімсіз жоспарлау салдарынан 2,8 млрд теңгенің дәрісі жарамсыз болып, қоймаларда шіріп кеткен. Жалпы шығын 17,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл – бюджетке келген зиян ғана емес, емделушілерге жетпеген дәрі-дәрмек.
Экспертизаның екі жүзі: біреуге 1270 күн, біреуге 25 күн
Депутаттар Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық дәрілік заттар сараптамасы орталығының әрекетіне де шүйлікті.
-
Кейбір компаниялардың препараттарын тіркеу мерзімі 210 күннің орнына 1270 күнге дейін созылған.
-
Ал лоббиі күшті, «керекті» компанияларға экспертиза небәрі 25 күнде жасалып келген.
Бұл әділетсіздік нарықта белгілі бір компанияларға басымдық беруге, ал басқаларын шеттетуге жол ашқан.
Халық денсаулығы – мафиялық схемалар құрбаны ма?
Әбенов пен Базарбек атап өткендей, бұл жағдайлар – жүйелі жемқорлықтың айғағы ғана емес, халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сеніміне ауыр соққы.
«Бұл тек қаржылық емес, адамгершілік дағдарыс. Фармацевтика саласы – пайда қуатын емес, адам өмірін сақтайтын жүйе болуы тиіс. Ал біз мұнда мафиялық сипаттағы жемқорлық схемалармен бетпе-бет келіп отырмыз», – дейді депутаттар.
Не талап етілді?
Депутаттар Бас прокурордан мына мекемелерге қатысты жан-жақты прокурорлық тексеру жүргізуді сұрады:
-
«СК-Фармация» ЖШС
-
«МЕДСЕРВИС-ПЛЮС» ЖШС
-
Ұлттық дәрілік заттар сараптамасы орталығы
-
Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитеті
Сонымен қатар, олар сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастауды талап етіп отыр.