Депутаттар министрлерге сөзін өткізе алмай жүр

(Парламенттен репортаж)
Апта сайын өтетін Парламенттің төменгі палатасындағы отырыстың әр кез өз ерекшелігі бар. Бұл жолы да солай. Айтпағымыз, ондағы «ел ағалары» көтерген мәселелер емес. Керісінше, айтуы тиіс мәселесін не жетер жеріне жеткізе алмай, не керекті жауабын ала алмай дағдарған бір жиын болды.
МӘМС-те тағы өзгеріс
Мәжілістің бұл жолғы отырысы міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне өзгеріс енгізуден басталды. Бірінші оқылымнан ғана өтті, бұл әлі толыққанды бекітілген жоқ демесеңіз, қандай өзгеріске ұшырайтыны әзірден-ақ айтылып қойды. Заңдағы түзетулер мен толықтырулар жайында баяндаған депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, құжат негізгі деген үш бағыттан тұрады.
Біріншіден, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлем пакетін 2027 жылға қарай 2 есе, яғни 57 пайыздан 32 пайызға дейін қысқарту көзделген. Соған байланысты МӘМС пакетінің өзі 68 пайызға дейін ұлғайтылады.
Екіншіден, жұмыс берушілер мен жұмысшылар тарапынан МӘМС жарналары үшін төленетін табыстың жоғарғы шегі ең төменгі жалақының 10 есесінен 50 есеге дейін арттырылмақ.
Үшіншіден, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен әлеуметтік әл-ауқаты өте нашар деңгейлерге жататын азаматтар үшін МӘМС-ке жарналар төлеу көзделіп отыр.
Айта кетейік, МӘМС жүйесінің өзі елімізде 2020 жылдан бері енгізіліп, жұмыс істеп келеді. Бұл жүйеде міндетті жарнаны жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс берушісі төлейді. Жұмыссыздар мен кәсіпкерлер өз қалтасынан шығарады. Зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқа әлеуметтік осал топтар үшін мемлекет төлейді.
Бірақ жіптіктей тізілген осы тәртіптің сөз жүзінде әдемі көрінгенімен, жағдайдың мүлде кереғар кетіп бара жатқаны енді мәжілістің өзінде ашық айтыла бастады. Депутат Елнұр Бейсембаевтың айтуынша, елімізде 3,5 млн адам әлі күнге осы жүйеге енбеген. Былтыр бір ғана Астана тұрғындарынан 3 ай ішінде 1 680 өтініш түскен болса, соның 70 пайызы арыз-шағым болып шыққан.
Тоқаев екі жыл бұрын сынаған реформа мәжіліске енді жетті
Екінші бір мәселе, көпқабатты үйлердің тұрғындары басқару нысанын өздері таңдай алатын заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында екі нұсқа ұсынылған. Оның бірі Мүлік иелерінің бірлестігі болса, екіншісі – тікелей бірлесіп басқару (қарапайым серіктестіктерге ұқсас, бірақ пәтер санына шектеу жоқ).
Төменгі палатаның бұл мәселеге кірісуінің себебі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан бастау алады. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста мүлік иелерінің бірлестігін енгізу қателік болғанын айтқан еді. Өйткені сонау 2019 жылдан басталған еліміздің тұрғын үй қорын реформалау жұмысы адыра қалды. Ол жұмысты мандытпай қалу себебі, үкімет ел арасында «ОСИ» деп аталып кеткен бірлестік түрін енгізбек болды. «ОСИ» ұғымын енгізіп, соның арты пәтер иелері кооперативі деген ұғымнан құтылатын болғанбыз. Алайда сол сөз жүзінде қалып, үкіметтің жаңа бірлестік түрін енгіземіз деп жүріп қатты қателескенін қатты сынаған еді.
Енді мәжіліс ұсынып отырған заң жобасына қарағанда, кондоминиумды басқарудың екі түрі енгізілген. Оның бірі – мүлік иелерін біріктіру, екіншісі – тікелей бірлескен басқару. Ал қарапайым серіктестіктер жеке нысан ретінде алынып тасталады, бірақ іс жүзінде басқарудың екінші нысаны түрінде өз жұмысын жалғастыра алады.
Депутаттарда сұрақтан гөрі шағым көп
«Болғанынан боладысы қызық» демекші, төменгі палатаның кешегі отырысында бәрінен көп терлеген премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев болды. Оның алдында бір жарым жыл Шығыс Қазақстан облысына әкім боп, бір ай бұрын ғана үкімет басшысының орынбасары болып келген экс-елшінің бақылауына берілген сала да көп-ақ.
Көшербаевқа қарата қаһарын төгіп сұрақ қойғандар легін соңғы кездері тілшілерге ұстатпай жүрген сүйікті депутат Жигули Дайрабаев бастады. Халық қалаулысының мәжіліске келгелі бергі көтеріп жүрген ауыл шаруашылығы жайы баяғы. Әсіресе шаруаларға субсидияның неге дер уақытында жетпей жатқаны Дайрабаевтың жанына батып-ақ жүр екен.
Соңғы рет қазақ қоғамының жанды жеріне айналған мәселелердің бірі – солтүстік өңірлердегі ономастика жайын мәжіліс төрінде айтам деп опық жеп, өзі күнін күйттеп жүрген «Ауыл» партиясы төрағаның орынбасары қызметінен түсіп қалған. Екі жайдың өзара қандай қатысы бары ашып айтылмаса да, былайғы жұрт оқыс жайдың неден болғанын іштей болжаған. Дайрабаевты жұрттың ұстай алмай жүргені сол.
Парламентте ақ жағалылардың тұшымды жауабына ылғи көңілі толмайтын тілшілер ғана ма десек, депутаттардың өзі де жарымай жүр екен. Жөні түзу жауап күтумен сарылған Қазыбек Иса ашынған сөзіне тұздық болған «Ата жолы» картасын иеленген азаматтардың жағдайын айтты. Олардың қандастардан айырмашылығы – Қазақстан азаматтарына тиесілі құқықтарды иеленіп, азаматтықтың өзін оңайлатылған тәртіппен алуға тиіс еді. Алайда сол картаны иеленген 55 адамның ешқайсының осы бақытқа қолы жетпеген. Өйткені картаның заңдық қуаты жоқ. Айналып келгенде, еңбек министрлігінің «Ата жолы» деп айдарлаған картасы «Алдау жолы» болып шыққан.
Қазыбек Исамен «Ауыл» партиясы да мұңдас болып шықты. Өңір-өңірді аралап жүріп жіпке тізген барлық мәселесін тиісті органдарға жолдаса, онысын министрліктер мен жергілікті әкімдіктер құрғақ сөзбен қайтарған. Ақырында ел болып сайлаған заң шығарушы тұлғаларымыз мәжілісте мәселе көтергеннен гөрі, министрлерге сөзін өткізе алмай жүргеніне іштей қатты налитындай әсер қалдырады.
Депутаттар алдына келген үкімет өкілдеріне сұрақ көп болса да әдетте сұрақ-жауап рәсімі берілген уақыттан аса қоймайтын. Есесіне, отырыстың соңғы бөлігінде әр депутат өз бетінше дайындап келген сауалын тиісті мекенжайына жолдайтын. Бірақ бұл жолы салған жерден су жаңа орынбасарды жан-жақтан қыспаққа алып, қызды-қыздымен бір сағаттың аз болғаны сонша, отырысты әрі қарай созудың өзін дауысқа салуға тура келді. Жауапқа шөліркеп қалған ба, әлде жас келінге қаттырақ қарайтын кәрі ененің салтымен жаңа вице-премьерді әбден ширатып алайық дегені ме екен, сұрақты бірінен соң бірі қарша жаудырды. Дайындап келген сұрақтарын шетінен оқып отырғанда бір отырысты үш сағатқа созып, депутаттық сауал жолдайтын уақыттарын өздері жеп қойғаны қызық болды.
Депутаттардан қаймықпайтындар тілшілерден де тайсалмайды
Ішкі залдан меселі қайтпай шыққан Ермек Көшербаев тілшілер алдына келгенде тайсалып қалсын ба?! Үкіметке келгелі атқарып жатқан шаруаның бәрі өз айтуынша тап-тұйнақтай. Әсіресе уақыт белдеуі дауына келгенде қоғамнан еш қарсылық көрмеген, күні түнгі сағат 3-те шығып кетіп жүрген Шығыс Қазақстаннан келмеген адамның тілімен сөйледі.
«Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, денсаулыққа, аурулардың көбеюіне немесе оқушылардың үлгерімінің төмендеуіне тікелей әсері байқалған жоқ. Amanat фракциясының депутаттары ұсынылған есепті қолдады. Бұл мәселені талқылағанда өңірлерге барған кезде салалық ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, сарапшылар қауымдастығы қатыстырылды», – дейді.
Оның сөзінше, жағдайды ушықтырғаны тек ел ішіндегі эмоция ғана. Оның өзі де қазір бәсеңдеген.
Алайда үкімет ел сөзін елемей, шешім қабылдап тастағанымен, айналып келгенде жұрттың сөзінен аса алмай қалды. Айталық, қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданының ыңғайлы жұмыс кестесіне ауысқаны белгілі. Еліміздегі ең шығыс аудан осы жер. Одан соң жергілікті әкімдік өкілдері өзге де аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ақыр соңында осы күні 9 аудан халқы оңтайлы жұмыс кестесіне ауысуға шешім қабылдаған. Яғни күнделікті жұмысты өзге өңірлерге қарағанда 1 сағат ерте, 08:00-де бастап, кешкі 17:00-де аяқтауға келісіп отыр. Тек пошта, банк сынды қызметтермен өзара уақытын келісіп алса болғаны.
Ал Алматыда Жириновскийдің ескерткішін ашу туралы әңгімеге Ермек мырзаның сөзі қысқа: «Жоқ!» болды. Ал «Неге?», «Не үшін?» деген сұрақтарды артық деп білсе керек, сөзінің себебі мен әрі қарайғы ойын ашып айтпады.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
АСТАНА