Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:31, 06 Шілде 2022

Депутаттар «қатырып» кетті, ә?

None
None

Президент Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызындағы жолдауында саяси партияларды тіркеу үшін жеткілікті қол санын 20 мың адамнан 5 мың адамға дейін төмендетуді ұсынған еді.

Тоқаевтың бұл сөзін жерге тастамау үшін біздің парламентке бар-жоғы «Саяси партиялар туралы» заңдағы 10-баптың 6-пунктінде «жиырма» деген сөзді «бес» деп ауыстыруға дауыс бере салуы керек еді. Сонда жаз бойы еліміздегі бірашама саяси қозғалыстар тіркеуге дайындалып, құрылтайшылық съездерін өткізіп үлгерер еді. Күзде саяси күреске даяр болатындай.

Бірақ «жаңа Қазақстанға батыл саяси реформалар ауадай қажет», деп желпінетін депутаттар Тоқаевтың бұл ұсынысын елемеді. Әлгі түзетуді қабылдауға сол күйі уақыт таппай, күні кеше каникулға кетіп қалды. Елеңдеп, саяси өзгерістерді қазір күтіп отырған Қазақстан қоғамын қатырып кетіпті, қысқасы. 

Айтпақшы, Қазақстанның депутаттары екі ай демалады. Қыркүйекте бір-ақ келеді енді. Референдумды өткізіп алып, партияларды тіркеу талабын жеңілдетуді ертең мүлдем ұмытып кетер ме екен? Президент деңгейінде берілген бір уәденің осылай орындалмай қалғаны ма?

Қазір Әділет министрлігінде бір ғана жаңа партияның құжаттары қарастырылып жатыр екен. Ол «Халық дербестігі» деген республикалық саяси партия. «Namys», «ЕL Тiregi», экологиялық «Байтақ» партиясы, «Алға Қазақстан» және «Жанашыр» сияқты қалған партиялардың құжаттары «Саяси партиялар туралы» заң талаптарына сәйкес емес деп, кері қайтарылған.

«Көптеген елдерде құрылтайшылық съезіңді өткізсең болды, партияң құрылды деп саналады. Съезде жарғылық құжаттар қабылданып, тиісті мемлекеттік органға ескерту арқылы партия тіркеледі. Әрине, партияның жарғысы мен іс-әрекеті заңға қайшы келмеуі керек. Сосын, партия бүкіл елді қамтуы тиіс деген талаптар болуы мүмкін.

Мысалы, Ресейде саяси партия ресми органдардың еш рұқсатынсыз, еркін құрылады. Ол үшін он адамнан тұратын бастамашыл топ әділет министрлігіне жазбаша ескерту жолдап, жарғылық құжаттарын жөнелтеді. Беларусьте партия құру үшін бірнеше облыс пен Минск қаласынан, кемінде, мың мүшенің қолы қажет. Қырғызстанда он адамдық бастамашыл топ құрылтайшылық съезд шақырып, ескерту арқылы тіркеледі. Арменияда құрылтайшылық съезге 300 адамның қатысқаны жеткілікті. Литвада съезд өткізбей-ақ, 400 мүше жиналса болды. Грузияда партия тіркеу үшін оның съезіне 300 делегат қатысуы тиіс деген талап бар, Украинада 10 мың азаматтың қолы керек. Өзбекстанда, кемінде, 20 мың азаматтың қолы керек және 50 адамдық бастамашыл топ ұйымдастыру комитетін құрып, жеті күннің ішінде әділет министрлігіне партия құрмақ ниетін хабарлайды.

Қарап отырсақ, саяси партия құру тәртібі ең күрделі ел біздің Қазақстан. Бізде партия тіркелуі үшін оның кемінде 20 мың мүшесі болуы керек, барлық облыста, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада, кемінде, 600 мүшесі, филиалдары мен өкілдіктері болуы керек дейді. Біздің елде партия құру процесі бюрократияланған, тым күрделі, тіпті, орындалуы мүмкін емес дерлік. Бүкіл талаптардың бәрін орындаған күннің өзінде партия ретінде тіркелу-тіркелмеуің бәрібір биліктің қолында. Елде шынайы реформа жүргіземіз десек, партия құру тәртібін барынша жеңілдетуіміз керек. Белсенді азаматтарымыз бен шын мемлекетшіл тұлғаларымыз үшін саясаттың есігі солай ғана ашылады», –дейді саясаткер Қазбек Бейсебаев.

Тегтер: