Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 07 Наурыз 2025

Депутаттарды ЖИ-ден қазақылық құтқара ма?

Парламент заңы жасанды интеллект
Фото: ЖИ

3 наурыз күні мәжілісте жасанды интеллект туралы заң жобасы таныстырылды. Депутаттардың бірі заң жобасы қажеттінің бәрін қамтыды ма деп қызықса, кейбіреулері ЖИ-дан «қорқатынын» айтып жатты. «Халық қалаулыларының» арасында ChatGPT-ге тыйым салу керек дегендер де табылды.

Жасанды интеллект өте аз уақытта біз ойлаған шекаралардан асып кетті. Оның мүмкіндіктері мен қоғамға әсеріне әлем елдері назар аударып, ғалымдар зерттеулер жүргізуде, ұйымдар статистика жүргізіп әлек. Тіпті заңнамалар да жасалып жатыр. Өйткені ЖИ қаржылық, экономикалық, медициналық мәселелерге қатысты шешім шығара алады, адамның орнына еңбек нарығын жаулап келеді. Керек десеңіз, сурет те салады, видео да жасайды, өлең шығарып, әуен жазады. Осының бәрін заңнамалық тұрғыдан реттеу бастамасын Қазақстан да қарастырып отыр.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің жетекшілігімен өткен отырыста депутат Екатерина Смышляева жасанды интеллект туралы заң жобасын таныстырып, негізгі мақсат ашық құқықтық база құру екенін айтты.

«Осыдан 2-3 жыл бұрын әлемнің бірде-бір юрисдикциясы бұл технологияны заңнамалық тұрғыдан реттеуді жоспарламаған. Алайда бүгінде технологиялық жарыс күшейді. Бәрі де қандай да бір мәселені бірінші болып шешуге ұмтылады. Осы мақсатта технологияға барынша жағдай жасағысы келеді. Сәйкесінше, жанама әсерлер де көрініс беріп отыр. Соның ішінде авторлық құқық, қауіпсіздік, салаға ұзақ мерзімді инвестициялауға қатысты проблемалар туындай бастады.

Біздің заң жобамыз ЖИ саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Цифрлық заңнамада бейтараптық принципін сақтауға тырысамыз. Ең басты принцип – ашықтық пен түсініктілік. Және технологиядан гөрі адамның әл-ауқатының маңыздылығын негізге аламыз. Деректерді қорғау мен оның қауіпсіздігі де жіті назарда», – деді Смышляева.

Әлем ЖИ-ді қолданды екен деп соңынан ере береміз бе?!

Бүгінгі таңда ЖИ-ді заңнамалық реттеудің айқын мысалы – еуропалық акт. Ол 2024 жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енді. Аталған заң ЖИ-ді қауіп тәуекелдеріне қарап классификациялаған, бұл құралды пайдаланудың ережелері белгіленген тұңғыш нормативтік акт. Мұндай заңдар әлемдік стандартқа айналуы мүмкін деген болжамдар да айтылып жүр. Қазақстан соны тез қабылдап, лидер болғысы келетін секілді. Бірақ ондайға басқасын қойғанда мәжілісмендердің өзі дайын еместей көрінді.

Талқылау барысында ЖИ әсерінен келетін жұмыссыздық, оның қателіктері үшін жауапкершілік, алаяқтық, дипфейк, авторлық құқық туралы сауалдар қойылып, баяндаманы тыңдағанда бірінші ойға келетін «стандартты» сұрақтар естіліп жатты. Тағы заңнамалық реттеулер енгізу үшін барлық ақпаратты бір ұлттық платформаға жинау керек болатыны, мұндай жағдайда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі одан әрі салмақтырақ бола түсетіні айтылды. Бәрі осылай монотонды жалғаса беретіндей көріне бастағанда, депутат Анас Баққожаев «жалынды» сөз сөйлеп, ЖИ-ден қауіптенетінін жеткізді. Ол:

«Өз басым ЖИ-ге абайлап қараймын, кейде қорқамын. Шын мәнінде қорқамын. Бұл – интеллектуалды деградацияға апаратын жол. Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын шығармаса, не заман болып барады? Сонда әлем ЖИ қолданды екен деп, соңынан ере береміз бе? Қазақылығымыз қайда? Интеллектуалды мүмкіншіліктеріміз қайда?

Өткенде бір шенеунік өзінің материалдарын ChatGPT-ге салып отыр. Мақсаты – «бастығым менің басымнан сипаса екен, тапсырманы тезірек орындайын». Миларын қозғағысы келмейді. Бұл «алма піс, аузыма түс» деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды. Ал ChatGPT-дің ар жағында кім тұр, кім бенефициар? Біз салған материалдарды жинап, кейін өзімізге қарсы қолданбайтынына кім кепіл? Мемлекеттік органдарда ЖИ-дің пайдаланылуын кім қадағалап отыр?» – деп салды.

Оған жауап берген цифрлық даму вице-министрі мен ҰҚК өкілі қысқа қайырды. Біріншісі: «Осы жылдың аяғына дейін мемлекеттік органдардағы әріптестерімізбен бірге әзірлейтін боламыз. ЖИ тек «рутина» болған шаруаларды орындайтын ассистент ретінде қаралады». Екіншісі: «Бұл мәселені бәріміз бірге қарастыруымыз керек, тәуекелдер үнемі болады», – деп жауап берді.

Ал көпшілік «подписчиктерінің» арқасында ғана депутат болды, парламентте үнемі «болмайтын» сұрақтар қояды деп сынайтын Дәулет Мұқаев:

«Технологияның дамығаны жақсы, әрине. Алайда ол уақыт өте келе миымыздың шектелуіне, миымыздың ойланбауына әкелетін процесс секілді. Мектептегі оқушылар тапсырмаларын ChatGPT-ге салады да, отыра береді. Студенттер мен жұмыс істеп жүрген азаматтар да айтып жатыр. Бірақ дәл оқушыларға шектеу қою керек», – деді.

Оған жауап берген заң жобасының авторларының бірі Смышляева ЖИ-дің қолданысын реттеуді мектептер деңгейінде шешуге болатынын, білім беру стандарттарын бейімдеу қажеттілігі туындауы мүмкін екенін жеткізді. Сөзіне бақсақ, әріптесі Мұқаевтың ұсынысын аса қажет деп есептемейтін сыңайлы. «Біз қабылдаған шешімнің бәрі ата-аналар арқылы орындалады. Ал енді біздің ата-аналар ондай шектеуге қаншалықты дайын? Оны мониторингтеу мен әкімшілендіру қалай жүреді?.. Әрине, біз бұл тақырыпты қарастырамыз. Бірақ әр қырынан қарауға тырысамыз», – деп түйіндеді ол.

Қоғам бұл тезистердің көпшілігін күле қабылдады. Әлеуметтік желі қолданушылары «президент ЖИ-ді дамыту керек деп жатқанда, одан қорқатын депутаттар бар екен», «біздің проблемаларымызды ЖИ-сіз-ақ, гуглдағы «запростар» арқылы да білуге болады» деген пікір білдіріп жатыр. Ал ChatGPT-дің өзі болса: «ЖИ-ді қолдануға ешкім ешкімді мәжбүрлемейді. Бұл калькулятор немесе интернет секілді құрал ғана. Оны ақылмен қолдануға да, мені «ақымақ» қылып жатыр деп ренжуге де болады», – деген позицияда.

 

Бізге шектеу емес, ереже керек

Осы жөнінде ЖИ-ді креативті индустрияда табысты пайдаланып жүрген маман Бақдәулет Бекжановпен тілдестік.

Бақдәулет Бекжанов
Фото: newtimes.kz

«Қазір ЖИ қарапайым мәтін мен аналитикалық жауап деңгейінен де өсіп кетті. Ол әртүрлі контентпен жұмыс істей алады. Адамдар ұзақ орындайтын тапсырманы тез әрі сапалы етіп аяқтауға мүмкіндік береді. Осылайша, көптеген мамандықтарды ығыстырып жатыр. Дүниежүзіндегі ірі компаниялар өз кадрларын осы құралмен тиімді жұмыс істеуге үйретуге кірісіп кетті. Себебі ЖИ-дің нарықты жаулайтынына күмән жоқ. Жұмыс беруші тұрғысынан қарағанда да, бұрын 100 адам жасайтын жұмысты ЖИ және 10 адам бітіреді. Бастысы, өз салаңа адаптация жасау.

ChatGPT жылына бірнеше рет жаңаруда. Әр жаңарған сайын 30-40 пайызға ақылдырақ бола түседі. Ал оны оқушылар, студенттер қолданады деп қорықпау үшін, үй жұмысын азайтып, мұғалімдерді ЖИ-ді тиімді пайдалана білуге дағдыландыру қажет. Оқушы болса сабақ уақытында, білім алу кезінде ЖИ-ді тікелей пайдалану өзіне зиян екенін түсінуі тиіс.

Ал енгізілген деректердің өзімізге қарсы қолданылу ықтималдылығына тоқталсақ, ChatGPT секілді мыңдаған тілдік модельдер бар. Соның кез келгенін пайдалануға болады. Орнатып алсаң интернетті қажет етпейтіндері, тегіндері де жетерлік. Ал жалпы алғанда, біз қолданатын электронды поштада да талай құжат сақталады, алмасады. Басқа да онлайн сервистерді мысал ретінде айтуға болады. Осы аталғандар да, ЖИ де, ондағы біздің деректеріміз де америкалық серверлерде жатыр. Бәрі болмаса да көпшілігі. Сондықтан қорқатын ешнәрсе жоқ.

ЖИ-ді пайдалану табиғи процесс, біз оны бақылай алмаймыз. Егер оған шектеу қойсақ, бұл сферадағы дамуымыз шектеледі. Еуропада қабылданған заңдардың әсерінен көптеген жаңалықтар қолжетімсіз болып қалды. Олар шектеулерден бастағаны дұрыс болмағанын енді түсініп жатыр. Сондықтан шектеу емес, ережелер керек. ЖИ-ді қолданудағы мораль, этика, академиялық адалдық жағы нақтылануы қажет. Ол болмаса, қате вектормен кетіп қалуымыз да мүмкін», – дейді.

Асхат Аймағамбетов
Фото: из открытых источников

«Жас Алаш» осы мәселе қаралған күннің ертеңіне Мәжіліс кулуарында ЖИ-ге шектеу енгізу жайын мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтен сұрады.

«Мектепте тыйым салғанымен, бала ЖИ-ді үйде де қолданады. Демек, оқушыға да, мұғалімге де ЖИ-мен жұмыс істеуді үйретуіміз керек. Бүгінгі күннің шындығы сол, ЖИ өмірге де, экономикаға да, әлемге де кірді. Оған шектеу қойсақ, бәсекеге қабілеттілігім туралы сұрақ туындайды. Әрі балаларға сыни тұрғыда ойлана алуды да меңгертуіміз қажет. Себебі ЖИ неше түрлі ақпарат береді, оны түсіну, бәріне сене бермеу, галлюцинацияларына алданбай, деректерді тексеру жағы да бар. Әлбетте, академиялық адалдық мәселесі де өте маңызды. Көшіріп ала берсең, білім алудың қандай рөлі қалады? Сабақ үстінде, мектепте ашық қолдануға қатысты жауапкершілік болғаны да дұрыс. Бір нәрсені анық түсінгеніміз жөн, ЖИ-ді қолдану бөлек, көшіріп алу мүлде бөлек. Көшіріп алғандарды ЖОО-лар оқудан да шығарып жібереді. Өйткені ол академиялық адалдық принциптерін бұзу», – деп жауап берді экс-министр.

Дәулет Мұқаев
Фото: ашық дереккөз

«Жас Алаш» депутат Дәулет Мұқаевтың да пікірін сұрады. Ол:

«Көпшілік айтып жатқандай күлкілі нәрсе емес. Таяқтың екі ұшы бар. Оқушылар тапсырмаға ойланбайды. Дұрыс бағытта пайдаланса жақсы. Ал мектеп жасындағы бала тек ЖИ-дан көшіретін болса, ойланбаса мұғалім, кітап не керек? Кейбіреулер сөзімді қиып алып, әртүрлі нәрсені айтып жатыр. Заң бойынша мұғалім сабақта телефонды пайдалануға шектеу қоя алады. ЖИ-ге бөлек тыйым салу қажет пе, жоқ па, жұмыс тобы әлі де талқылай жатар. Мен өз позициямда қаламын», – деп, бекініп отыр екен.

Баян Мұратбекқызы