Депутаттардың жалақысын неге жасырамыз?
Өткенде сайланып, депутаттық мандатты иеленем дегенше «қымбашылықты ауыздықтауды мәселе етіп көтерем» деген уәде біраз депутаттың бағдарламасына көрік беріп еді.
Өкінішке қарай, сайлаудан соң қымбатшылық, тіпті өршіп, ал жалпы халықтың күнкөрісі қиындап барады. Халықтың әлеуметтік жағдайы мен күнкөрісіне тікелей әсер ететін қымбатшылық депутаттардың назарынан тыс қалып тұр. Ал халық қымбатшылықтың ауыздықталуынан үмітті. Депутат болып сайланғалы жалақыларына көңілі толып, қымбатшылық күнкөрісіне аса әсер етпейтін болды ма екен, әйтеуір депутаттарымыз да үнсіз.
«Жаңадан сайланған мәжіліс депутаттарының жалақысы қанша» деген сауалды тиісті орындарға арнайы сауал ретінде жолдаған едік. Алайда Президент іс басқармасы өкілдері депутаттардың жалақысына қатысты мәліметтер таралуы шектеулі ақпаратқа жатады және жария етілмейтіні туралы айтты және де «Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы №646 қбп қаулысымен реттеледі. Лауазымдық жалақы деңгейі жұмыс өтіліне байланысты», – дейді сауалымызға жауап хатында. Яғни депутаттарымыздың жалақысы әрқайсысының еңбек өтіліне қарай әрқалай деген сөз.
Жалақыдан басқа да депутаттарға жасалатын жағдайлар бар. Осыған орай «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес республика астанасынан тыс жерде тұратын депутаттарға олардың өкілеттік мерзіміне мемлекеттік тұрғын үй қорынан өтеусіз пайдалану шарттарымен және заңнамада белгіленген нормалар бойынша абаттандырылған және жиһаздалған тұрғын үй беріледі», – дейді. Сондай-ақ қызметтік көлік және «емдеу-сауықтыру және санаторий-курорттық қызмет көрсету Республика Президенті белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады», – делінген ресми хабарламада. Қызметтік пәтер, қызметтік көлік, емдеу қарастырылса, көп мәселесі шешілген депутаттарға қымбатшылық онша сезіне қоймасы да анық. Дегенмен осыған дейін баспасөз беттерінде анық айтылып келген жалақылары неге аяқасты құпия бола қалды?!
Осындайда еске түседі, 2022 жылдың басында президент енді бес жылға дейін шенеуніктердің жалақысы өспейді деп мәлімдеген. Мәжілістің жалпы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің жалақысын өсіруге мораторий жариялап тастаған. Қарапайым халық пен шенеуніктер жалақысының арасында айтарлықтай айырмашылық болса да, бес жылға дейінгі мораторий халық үшін көңілге жұбаныш сыйлағандай болып еді. Онда да шенеуніктердің жалақысына деген қызғаныш емес, олар да қымбатшылықты сезініп, оны ауыздықтауға ықпал ете ме деген үміт еді. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегендей тоқ бала қымбатшылықтан қиналған халықтың жағдайын жете ұғына алмас деген оймен, жалақыға қойылған шектеу оларға да қымбатшылықты сезінтер дегендей бұл өзгеріс халықты қуантты.
Атап өтер жайт, мораторий жарияланған кезде Қазақстан парламенті депутаттарының еңбек өтіліне байланысты жалақылары 500-800 мың теңгеге дейінгі аралықта болатын. Қанша жерден жалақыларына мораторий жарияланды дегенмен 150-200 мың теңге көлеміндегі жалақыны қанағат тұтқан талай халықпен салыстырғанда депутаттардың бұл жалақысы қомақты көрінетіні рас. Оның үстіне былтыр Қырғыз Жогорку Кенеші депутаттарының жалақысы ел президентінің жарлығымен 25 мың сомға қысқарып, 295 долларды құрап, халық қалаулыларының саны да азайтылған еді. Көрші елдегі өзгерістен соң біздің биліктің де ұяты оянғандай болып, жалақыға шектеу енгізді.
Енді бүгінгі күні бір жыл өтер-өтпес мәжіліс депутаттарының жалақысын жасыруы көңілге күдік ұялатып отыр. Бес жылдық мораторийді ұмытып, жалақысын көтеріп алып, осылар бізге естіртуге ыңғайсызданып жүрген жоқ па осы...