Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Депутаттары – жемқор, партиялары – жасанды. Парламенттегі демократия елесі

1
Фото: Жас Алаш коллаж

Кейінгі кезде «Ақ жол» партиясының басынан дау арылмай жүр. Тамыздың аяғында мәжілістен мандат бұйырған бір мүшесі парламент мінберінде әдепсіз әрекет жасағаны үшін партиядан қуылды. Ол аздай, партия төрағасының орынбасары сыбайлас жемқорлық күдігімен қамауға алынды.

Алғашқы жағдайда партия төрағасы Азат Перуашев жаза басқан депутатты тұқырта сынап, өз басын арашалауға күш салған. Ал орынбасары ұсталғанда бұлай тулай алған жоқ. Істің ақ-қарасын анықтауға тырысатынын айтып, оған ара түсетіндей емеурін танытты.

Өздерін парламенттегі оппозиция деп сипаттайтын «Ақ жолдың» депутаттары бұған дейін де орынсыз әрекетімен ұятқа қалған. 2023 жылы Перуашевтің тағы бір орынбасары Азамат Әбілдаев Ресейдің Украинаға соғысын жақтап, «Путинді және соғысты қолдаймын, Украина билігінде ұлтшылар отыр» деп, айды аспанға шығарды. Қоғам сынына қалған «Ақ жол» Әбілдаевты мандатынан айырып, партиядан шығарды.

Ең қызығы, 2023 жылғы парламент сайлауынан небәрі 2 ай бұрын болған бұл масқара «Ақ жолдың» сайлауалды рейтингіне еш әсер еткен жоқ. Мүшелері соғысты ашық қолдайтын партия сайлауда жеңіске жетіп, мәжілістен 6 мандат алды. Сол кезде сарапшылар өркениетті елде мұндай саяси қателік жіберген партия халықтан бірде-бір дауыс ала алмас еді деп бас шайқаған.

Харассментке қарсы заң шығаруы тиіс депутаттың өзі харассмент жасаған

Осы оқиғадан «Ақ жол» еш сабақ шығармаған екен. Биыл 29 тамызда депутат Асқар Садықов депутаттық мандатынан айырылғаны белгілі болды. Былайғы жұрт «бұл қалай» деп таңғалып отырғанда партия төрағасы Азат Перуашев Садықовтың депутат мәртебесіне кір келтіретін әрекет жасағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Садықов парламентте жұмыс істейтін әйел адамға сексуалды сипатта хаттар жазып, харассмент жасаған. Осыған орай депутаттың ісі пленумда қаралып, ол партбилеті мен мандатынан айырылған.

Мәселе мұнымен шешіле қалған жоқ. Асқар Садықов экс-басшысын айыптап, Перуашев мұның бәрін әдейі ұйымдастырып отырғанын айтты. Оның айтуынша, Перуашевтің бар ойы – жемқорлық күдігіне ілінген партия төрағасының орынбасары Васильевке қатысты ақпарат тасқынының бағытын басқа жаққа бұру. Садықов өзін ақтау үшін бас жаққа барысудан да тайынбады. «Мұндай әрекетке Азат Перуашев бірінші рет барып тұрған жоқ. Ол бұған дейін де біреуге біреуді айдап салатын. Бұл оның жұмыс стилі сияқты» деп бір құпияның бетін ашты.

Бұл сынға шыдай алмаған Перуашев Садықовтың әлгі әйелге жазған «махаббатқа толы» хатын әлеуметтік желіде жариялап жіберді. Бірақ партия төрағасының бұл шабуылы өзіне таяқ болып тиді. Заңгерлер біреудің жеке хабарламасын жариялау заңға қайшы, этикаға жат әрекет екенін еске салды. «Төбелестің» қызығына кіріп кетіп, орынсыз қадам жасап қойғанын кеш ұққан Перуашев аталған хатты өшірді. Бірақ бәрі кеш еді, көпшілік «Ақ жолды» 13 жылдан бері басқарып келе жатқан саясаткердің саяси сауатсыздығын әлі сөз етіп жүр.

Харассмент дауының өзіне абырой әпермейтінін түсінген Перуашев Садықов депуаттық өкілетін асыра пайдаланып, таныстарына тендер алып бергісі келгенін хабарлады. Бұл ақпарат рас болса, Садықовты Перуашев емес, құқық қорғау органдары тергеп-тексергені жөн. Оның үстіне мұндай жымысқы әрекетті бұған дейін жасырып келген партия төрағасының әрекетіне де құқықтық баға берілуі керек. Қысқасы, Перуашевтің бұл мәлімдемесінде де таяқтың бір ұшы «Ақ жолға» тиіп тұр.

Перуашевтің орынбасарлары

4 қыркүйекте Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Константин Воронкин ұсталған. Васильев дәл осы адамға пара берді деген ақпарат бар. Бұл ақпарат алғаш шыққанда Перуашев орынбасарын ақтап, Васильев бопсалауға ұшырап, пара беруге мәжбүр болған шығар деп жұмсақтай сөйлеген. Ал «Ақ жолдың» ресми сайты Васильевтің партияда қоғамдық (штаттан тыс) жұмыс істейтінін, оның партиядан тыс қызметі мен ұсталуына қатысты ақпарат жоқ екенін хабарлады.

Сондай-ақ партия мәлімдемесінде «апта сайын шенеуніктер мен олардың сыбайластары ұсталғаны туралы ақпарат жарияланады. Бірақ олардың қандай партияға қатысы бар екеніне ешкім назар аудармайтын. Дәл осы мәселеде ақпарат саяси тұрғыдан көрсетіліп, біздің партияның аты аталды» деп жазды.

«Ақ жол» мұнда бізден өзге партияның шенділері жемқорлықпен ұсталғанда неге үнсіз қалдыңдар дегелі отырғаны анық. Ал шенділері ең көп ұсталатын партия – «Аманат». Өйткені елдегі басшы-қосшылардың көбі «Аманаттың» мүшесі екені анық. Бірақ «оппозициялық» партия осыны ашық айта алмай, маймөңкелеп отыр. Өйткені олар «аға-партияны» ренжітіп алғысы келмейді. «Ақ жол» өзін парламенттегі оппозиция санағанымен, «Аманатты» аға тұтатыны анық. Тіпті партия төрағасы Азат Перуашевтің өзі «Нұр Отанның» бұрынғы мүшесі. 2011 жылы «Нұр Отаннан» шыға салып, «Ақ жолдың» тізгінін ұстаған. Содан бері орнын ешкімге бермей, мәжілістің мінберінен түспей келеді.

Қазақстандағы саяси жүйенің кемшілігі – жасандылық

Саяси жүйесі жетілген елдерде партия – билікке жетуге немесе билік жүргізуге қатынасуға мүмкіндік беретін құрал. Бірақ өркениетті мемлекетте партияны саяси күшке айналдырып, парламентке жету үлкен еңбекті талап етеді. Біздегідей қаңтарда тіркеліп, наурызда мәжіліске өту мүмкін емес. Шетелде сайлаушылар дауысынан үмітті кез келген партия жұрт алдындағы репутациясына баса мән береді. Электоратқа ұнамайтын қадамға ешқашан бармайды. Ал бізде бәрі басқаша, партиялар мың жерден сүрінсе де, мандат дайын. Осының өзі Қазақстандағы саяси мәдениет пен сайлауға күмән туғызады.

«Ақ жол» бізден басқа партиялар да қателеседі деп бекер айтып отырған жоқ. Қазақстанда сөзден сүрінген, ауыр саяси қателік жіберген, масқараға ұшыраған, соған қарамастан биліктегі орнын сақтап қалған партиялар мен шенділер аз емес. Мысалы, қазір мәжілісте 5 мүшесі отырған «Қазақстан халық партиясы» (бұрынғы «Қазақстан коммунистік халық партиясы») осыдан 4-5 жыл бұрын ғана Алаш арыстары мен ұлттық құндылықты ұлықтағандарға қарсы шығып, «русский мирден» алыстауға болмайды деп ұрандап жүретін. Бұрынғыны айтпағанда, қазіргі партия төрағасы, экс-президенттің сенімді серіктерінің бірі – Ермұхамет Ертісбаев Ресей президентіне алғыс айтып, Мәскеу үшін уайымдап жүр. Соған қарамастан, 2012 жылдан бері парламент төрінен тыс қалған емес.

Мәжілістен мандат алып отырған өзге 4 партияның да халық алдындағы беделі биік емес. «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбековті өгей қызы өзіне азғындық жасады деп айыптаған. Мұндай әңгіменің шыққанына бірнеше жыл болды, бірақ әлі нүктесі қойылған жоқ. Партия не Айбота Рахымбекованың өтірік айтқанын дәлелдеп, Рахымбековті ақтамады, не аты лас сөзге былғанған төраға орынбасарын қатарынан қумады. Осы партияның тағы бір өкілі, мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың аты да бірнеше рет дауға қалды. «Ауыл» бұл жайлы да жақ ашқан емес. Осыған қарап, партия қоғамның, сайлаушылардың сынына құлақ түрмейді деп болжам жасауға болатын шығар.

Ал Respublica партиясының құрылғанына 1 жыл, тіркелгеніне 2 ай толмай жатып парламент сайлауында жеңіске жеткенінің өзі көп көңіліне күдік ұялатады. Жұрт жас партияның небәрі 2 айда сайлаушылардың 5 пайыз дауысын қалай жинағанына таңғалып жүр. Мәжіліске оппозициялық партия ретінде өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төңірегінде де дау аз емес. Бірер жыл бұрын партияның бір топтан екінші топқа сатылғаны туралы ақпарат тараған. Сондай-ақ «Аманаттың» да абыройы асқақтап тұрған жоқ. 1999 жылдан бері Қазақстандағы саяси жүйенің ажырамас бөлігі болған бұл партияға халық өз бағасын 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында берген. Оны тәптіштеп жазудың қажеті шамалы.

«Біздегі саяси партиялардың бәрі – жасанды партиялар. Біздегі партиялардың бәрін билік құрған. Негізі партия халықтың маңызды мақсат-тілектері маңайында топтасқан саяси топтың инициативасы бойынша құрылады. Бірақ біздегі партиялар биліктің халықты алдау, түрлі манипуляция жасау құралына айналған. Ал халықтың сөзін сөйлейтін шынайы оппозициялық партияларды билік жаратпайды, оларға кедергі жасайды, тіркейді.

Биліктің мақсаты – қолындағы бар билігінен айырылып қалмау. Сол үшін түрлі айла-шара жасап, осындай жасанды партиялар құрады. Жасанды партиялардың халық алдында беделі болмайды. Ал сайлау кезінде дауыс бұрмаланады да, партиялар парламентке жасанды түрде өтіп кетеді. Демократияның негізі саналатын сайлау біздің елде қалай өтетінін бәріміз білеміз. Үнемі дауыс ұрланып, сайлау қорытындысы бұрмаланады. Соның салдарынан ешқандай дайындығы жоқ, халық мүддесінен алшақ адамдар саяси партия өкілі ретінде парламентке өтіп кетеді. Перуашевтің айтқаны рас болса, депутаттың әйелге қырындағаны ұят. Осындай деңгейі төмен адамдардың мәжіліске барғанының өзі ұят. Қаншама лайықты адамдар жүр, бірақ солардың орнына деңгейі пәс, қолынан іс келмейтіндер депутат болып отыр.

Біздегі саяси жүйенің кемшілігі – жасандылық. Саяси жүйе қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық заңдылықтарға сәйкес жұмыс істеуі керек. Ал бір топтың ғана мүддесін қорғайтын жүйе дұрыс емес. Ал өркениетті елде саяси жүйе халық үшін қызмет етеді. Ондай елде электорат мықты болады, егер сайлауға түсіп жатқан партия біздегідей саяси қателік жіберсе, бәрі оған байкот жариялайды, ешкім дауыс бермейді. Тіпті мұндай партия саяси сахнадан кетеді. Сол үшін партиялар халыққа ұнамайтын, ел мүддесіне қайшы сөздер айтпайды», – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.

Былтыр парламент сайлауы өтіп, 6 партия жеңіске жетті. Сол кезде билікшіл ағайын елде көппартиялы жүйе орнады, демократия төрт аяғымен тік тұрды деп жар салған. Бірақ былайғы жұрт сол партиялардың шын бет-бейнесін көріп отыр. Ешбірі биліктің бет-жүзіне қарамай жұмыс істей алмады. Оны айтпағанда, партия мүшелері, депутаттар қара басын аман алып жүре алмай, тегіс жерде сүрініп жүретіні тағы бар. Ендеше, елдегі демократия жайлы дәл қазір сөз қозғау оғаш сияқты...

Қуаныш Қаппас