Дербіс Байділдаев, бапкер: Көкпарды Олимпиадаға енгізу үшін қазақ-қырғыз келісімге келуі керек

Көкпар – қазақтың рухы, намысы мен тектілігінің көрінісі. Бірақ кейінгі уақытта осы бір ұлттық спортымыздың айналасында дау-дамай қайта өршігендей болды. Осы күндері қызу талқыланып жатқан басты мәселе – Қырғызстанның қазақ көкпарын Көшпенділер ойындарының бағдарламасынан алып тастауы.
Бұл шешім көпшілікті таңдандырды да, ашуландырды да. Ал Қытайда өткен халықаралық турнирде қазақ көкпаршылары жергілікті «Моңғолкүре» командасымен шығып, бірінші таймнан кейін ойыннан бас тартты. Ресми себеп – аттардың жарамсыздығы. Алайда жұрт бұны қырғыздармен ойнаудан қасақана бас тарту деп қабылдады.
Аталған мәселелерге байланысты көкпар бапкері, ұлттық спорттың жанашыры Дербіс Байділдаевпен тілдестік.
– Сұхбатымызды қазір дау боп жатқан мәселеден бастасақ. Қырғызстан Көшпенділер ойынынан не үшін қазақтың көкпар ойынын алып тастады? Қазақстанда өткен Көшпенділер ойынында көкпар да, көкбөрі де болған еді. Бұл әділетсіздік емес пе?
– Дұрыс айтасың. Біріншіден, ұлттық спорттың басшылары, бас жаттықтырушылары бар, солардың барлығының кемшілігі біздегі өткен Көшпенділер ойынында көрінді. Тек көкпар айналасында ғана айтып отырмын. Басқа спорт түрлерінен мәселе болған жоқ. Аударыспақтан не дау болады? Қазақтар шынында да жеңді. Ашылу салтанаты олимпиада сияқты өтті. Келесі Көшпенділер ойынын өзбектер аламыз деген еді. Бірақ ақтық ойынға келгенде олар бас тартты. Сосын оны қырғыздар алды. Негізі Көшпенділер ойынын әлемге шығарған – қырғыздар.
Ал алдағы өтетін Көшпенділер ойынынан олар қазақтың көкпарын алып тастап, «бізге оның керегі жоқ, спорт емес» деп айтты. Жалпы айтқанда көкпар мен көкбөрінің арасындағы келіспеушілік 2017 жылы басталды. 2016 жылы қыста Венгрия, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан қатысқан жиналыс болды. Ол жерде «қазандыққа ма немесе мәреге шабамыз ба» деген мәселе талқыланды. Сосын мемлекеттер бірігіп, соңында қорытындыға келді. «Сендердің қазандықтарыңа ойнап нәтиже шығара алмаймыз, қазақтардың мәресіне шаба берейік» деп бір тоқтам жасады. Бұған Қырғызстаннан келген өкілдер де қол қойды. Сол жиналыста «қазандықтың бала мен атқа қауіптілігі көп» деген шешім шығарды. Бұл құжаттар әлі де бар ғой. Бірақ Түркияда өткен Көшпенділер ойынына қырғыздар «көкбөріге де шабамыз» деп, қазандығын алып барды.
Қазақтың «Көкпар» деген командасы 2013 жылғы Азия чемпионы. Сол кезде қазандыққа шапты. Көкпардың жілігін шағып, майын ішкен Нұрдәулет Момынов сияқты жігіттеріміз дайындалып, таза ұтты. Сонда Рұстам Тінәлиев деген шабандоз қазақ ойыншысына атты тіке салып, дөрекі ойнағаны үшін төреші 5 минутқа шығарып жіберді. Бізде осы ереже бар. Қысқасын айтқанда, қазіргі бар мәселе осы қазандық пен мәре арасында болып отыр.
Жақында қырғыздың Көкбөрі федерациясының президенті болып Талас Бегалиев сайланды. Ол сайланған жиында қырғыз бауырларымыз: «Көкпар деп қазақты, көкбөрі деп қырғызды бөлмейік, келісейік, қазақтарды шақырайық» деген сөздер айтылды. Тағы бірі: «Қазақтар мәре көкпарын қанша шапса да соңында қазандыққа келеді» деді. Егер басшылық қазандыққа шабамыз десе, біздің щабандоздар қарсы болмайды. 2016 жылға дейін ойнадық. 2004 жылы Қырғызстанда өткен 9 мемлекет қатысқан «Ақаев» атындағы кубокты ұттық. Одан кейін Ыстықкөлдің бойындағы ойында Нива көлігін ұттық. Еуразия ойыны өтті Таразда. Оны да ұттық. Мұның бәрі қазандықта өткен ойындар. Ал қырғыздың қазіргі жас ойыншылары қазақтардың қазандықта ұтып жүргенін көрмейді-білмейді-ау деймін. Екіге бөлініп, бір-бірімізге тас лақтыра берудің соңы жақсылыққа әкелмейді. Қырғыз бауырлар көңіліне алмасын, көрермендері өте қызба, ешкімді тыңдамайды. Өткенде президенті Садыр Жапаров отырған кезде төбелесіп кетті. Полиция басқасына қарамайды. Қырғыздар еркекше ойнаймыз дейді. Жақында бір шабандозы соның кесірінен қаза тапты. Еркекше ойнаймыз деп ережені бұзып, бір-бірін сабай беру керек пе?! Ал бізде ереже сақталады. Ереже бұздың ба, бірден ойыннан шығып қаласың. Жалпы айтқанда көкпар мен көкбөрі деген бір ойын. Қазақтар жерге тастайды, қырғыздар қазандыққа тастайды. Бары сол ғана. Әйтпесе, қазақ-қырғыз сияқты ешкім тарта алмайды. Өзбекстан мен Тәжікстан жаппай көкпар тартады. Бұрынғы бас жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев 2-3 жылдан бері Ауғанстанның көкпарына барып көріп жүр. Ол жақта қазір командалық көкпар дамып жатыр. Міне, солай елді жақындастырудың жолын іздеуіміз керек. Ат үстіндегі қазақ пен қырғызға бірдеңе айтуға болмайды, бірден дау туып кетеді. Сондықтан көкпарда жүрген барлық елдерді шақырып, ережені бекітіп, талқылауға салып, сол бойынша бір шешімге келуіміз керек. Ал шын шешім қабылданса, қазақтар көкбөрі деп ойнамай қалмайды деп ойлаймын. 2017 жылға дейін ойнап келдік қой.
– Елімізде өткен ойында дау неден туды?
– Біздегі ойында бір шабандозымызды боқтаған. Сол үшін ол қырғыз ойыншысын қамшымен ұрған. Мұның арты дауға ұласып кетті. Қырғыз бауырларымыз шу шығармай, ары қарай ойнай бергенде болатын еді. 3:1 есебімен ұтып тұрды ғой. Не керек еді шу шығарып?! 2016 жылы ойында Манас Ниязов дейтін қырғыздың шабандозы біздің Әбу Әпжаппаров деген бауырымызды «Бойка» деген атымен соғып, ұшырып түсірді. Әбу өліп қала жаздады. Жедел жәрдеммен алып кетті. Кейін бірнеше ай емделді. Сол жерде біздің жігіттер ештеңе деген жоқ. Ол қорыққаннан емес, сыйластықтан. Бақтыбай Шырынқұлов пен Нұрдәулет Момынов Манастың ағасы Байышқа: «Сендер де бізге келесіңдер ғой. Сонда осылай атты көлденең салып, жігіттеріңді жарақаттасақ жақсы бола ма?!» деді. Болды. Ал олардың біздің әнұран ойнап жатқанда медалін мойнына алып, кетіп қалуын түсіне алмадық. Бұл қазақты сыйламағандық. Ал көкбөріден қырғыздар ұтқан кезде қазақтар қол шапалақтап, соңына дейін тұрды ғой, ешқайда кетпеді. Сыйластық деген осылай болмай ма?
– Қырғыздардың кезекті Көшпенділер ойынынан көкпарды алып тастауына біздегі өткен ойындағы осы дау себеп болуы мүмкін бе?
– Одан басқа ештеңе емес, сол. Басшылары да сол кезде сөйледі. Олар көкпар туралы сөз болғанда тек біз деп айтады. «Бұл біздің ойын, біз ұтамыз» дейді. Ұтсын! Бір күні қырғыздар ұтса, басқа уақытта қазақтар ұтады. Сонша қапа болатын ештеңе жоқ.
– Халық арасында туып жатқан тағы бір дау – жақында Қытайда өткен көкпарда қазақтар жергілікті Мұңғылкүре командасымен бірінші таймнан кейін ойынды жалғастырудан бас тартқандығы. Оған ресми себеп ретінде аттардың жарамсыздығы айтылды. Бірақ қазақтар «алда қырғыздармен ойын бар еді, біздің команда солардан қашты» деген сияқты сын айтып жатыр.
– Қытайға алғаш рет Қазақстанның құрама командасы болып бардық. Келер жылы Алматы мен Алматы облысының командасы қатысты. Ол жақта көкпар басқаша. «Гарде» деп атайды. Түндікті төңкеріп, жоғарыға іліп қойып, соған шабады. Бізде тақымға басады. Оларда қолмен ұстап жүреді. 8–10 келілік лақпен шабады. Соны бір-біріне лақтырады. Баскетбол сияқты.
Ал кешегі ойынға келейікші. Жастарды Нұрдәулет Момынов алып барды. Олар атсыз барды. Қытайға атпен өту қиямет. Бір ай карантинде жатасың. Оған дейін өзің де шаршайсың, атың да бітеді. Атсыз барғасын жігіттерге жергілікті аттарды берді. Бұрын шетелге шықпаған, Гарденің не екенін білмейтін жігіттерге бұл оңай емес. Ал қырғыздар тәжірибелі шабандоздарын апарды. Манастан басқасының бәрі сол жерде жүрді. Қытайлар екі командасын жүлдеге іліктіру үшін басқа елден келген командалардың бірін ойыннан шығару керек болды. Сол үшін олар бір күнде біздің командаға екі ойын қойған. Бірінші ойын Өзбекстанмен болған. Біздің жігіттер оларды 7:1 есебімен ұтты. Сосын жігіттер аттарын жем-шөпке қойып, алаңсыз демалып жатса, түстен кейін тағы бір ойын бар деп шақырған. Бір күнде екі командамен ойнау деген қиын. Бірінші және екінші орынды қытайлық команда иеленді. Мейлі, алсын... Бірақ сол ойынды біздің елге алып келсінші, біздің жігіттер қалай ойнайды. Серкесін 2–3 метрден лақтыратын еді. Сондықтан түсінбеушілік болмауы керек. Жастар командасы барды, бір күнде екі командамен ойнады, ат та жоқ. Сондықтан қырғыздармен шықпады. Ол қорыққаннан емес, аттардың жарамсыздығынан.
– Бұған дейін өзіңізбен сұхбаттасқан кезде ат мәселесін айтып қалып едіңіз. Бапкерлер жарысқа баруы үшін өзгелерден ат сұрап, жалынып жүретінін айтқан едіңіз. Осы мәселе шешілді ме?
– Ол мәселе әлі шешілмеді. Қазақстан құрама командасының бас бапкерінің өзі облыстарды аралап, ат іздейді. Ол аттарды жинап, дайындайды. Ал Қырғызстанда шабандоз тек көкпар шабады, бапкер тек ат дайындайды. Болды. Ал бізде әлі ол жоқ. Бұрын үкімет тарапынан ат сатып алуға 500 млн теңгеге дейін бөлінген. Қазір сол аттар қайда?!
– Бұл ақшаға ат сатып алынды ма?
– Оны бір Алла біледі. Қазіргі басшылық келер жылы ойындарға бару үшін бапкерлерден сол аттарды сұрапты. Олар «бір-екі атты БҚО-ға, тағы бір-екеуін Ақтөбе облысына бердік» деп жауап беріпті. Олар беретіндей кім? Меніңше, бұл жерде үлкен мәселе жатыр. Ал ат мәселесін шешудің бір-ақ жолы бар. Мысалы, бұрын Қостанай облысында жылқы зауыты болды. Ал Мына Луговой ауданында атақты «Абсент» шыққан жылқы зауыты бар. 3–4 жылдан бері осы екі базаның біріне жиырма шақты бие сатып алуды айтып келемін. Сол биелердің жартысы еркек тусыншы. Оларды тай кезінен баптауға болады. Үш-төрт жыл қиналарсың, ары қарай реттеледі. Ал көкпар атын сатып алсаң, оны «списать» ету деген ақырзаман. Ол үшін талай комиссия керек. Есептен шығара алмайсың. Биеде ондай болмайды. Ол өмір бойы тұқым береді. Сөйтіп ат проблемасын шешпесе, ат сұрап алу деген құдайдың азабы. Адамдар бергісі келмейді. Жауапкершілігін кім алады? Аттың аяғы сынса, кейін емделмейді.
Жақында ат баптайтын блогер бауырымыз Қырғызстанға барып қырғыздардың ат дайындауын көрсетіпті. Сонда қазақтар атты қалай дайындау керегін білмей ма?! Блогер бауырымыз соны ойламай ма? Қазақтардың басын иіп, қырғыздарға апарып берді.
– Көкпарды олимпиада ойындарына кіргіземіз деген ұсыныс айтылып жатыр. Қазақ пен қырғыз арасындағы осы даулардан кейін ұлттық спортымызды олимпиадаға кіргізе аламыз ба?
– Алдағы уақытта кірсе кіретін шығар, бірақ қазақ пен қырғыздың мәселесін екі мемлекет емес, жалпы көкпар ойнап жүрген барлық мемлекет бірлесіп шешуі керек деп ойлаймын. Қайбір жылы қырғыздар әлем чемпионатын өткізді. Бізден төрт команда барып, бәрі жеңілді. Ешкім жылаған жоқ. Сол кезде Ресейден төрт команда келген. Оның барлығы қырғыз бауырларымыз. Қырғыздар өздерін әлемге көкпар ойыны бойынша қазақтардан мықты етіп көрсеткісі келеді. Ал қазақтар әлем чемпионы, Азия чемпионы, Көшпенділер ойынын былтыр да, оның алдыңғы жылы да жеңген. Соған малданып отырмыз. Қырғыздар болса жұмыс істеп жатыр. Енді Өзбекстанға бармақшы екен. Өзбектер қырғыздарды шақырыпты, неге қазақтарды шақырмайды?
Олимпиадаға шығу оңай емес. Қырғыздар халықаралық федерация құрайын деп жатыр. Олар мұны көкпар деп жазбайды, «Көкбөрі» федерациясы болады. Меніңше, олар Өзбекстанға барып, оларды өз жағына тартқысы келеді. Кей бауырларымыз көкпардың командалық ойын емес, дода болғанын қалайды. Оған не айтамыз? Тағы да жоғарыда айтып кеткен сөзімді қайталауға мәжбүр болып отырмын. Сол үшін осы көкпардағы барлық мемлекеттер бірігіп, қайта жиналыс жасауы керек. Бәрін қайтадан талқылап, ережесін бекіту қажет. Әйтпесе, бұл спорт олимпиадаға шықпайды. Болашақта Жапония немесе Оңтүстік Кореяға барып ойнап, бір-бірімізбен қырылып жатсақ не болады? Ұят емес пе, елдің бәрі күледі.
Қырғыздардың айтатын тағы бір сыны – муляж. Бізге де муляж тартқаннан серке тартқан жақсы. Муляждан жарақат алу қаупі өте зор. Өйткені серкені аш белінен тақымға басасың. Атта нық отырасың. Ал муляжда олай емес, оның аш белі жоқ. Аяғың атқа жабысып отырмайды. Сондықтан басқалар келіп атпен соққанда аяғыңды сындырып жіберуі мүмкін. Бірақ муляжбен шабуды қазақтар ойлап тауып отырған жоқ қой. Әлемдік жан-жануар ұйымы серке тартуға рұқсат бермейді. Шетелдік ойыншылар келгенде немесе басқа мемлекетке барғанда муляжбен шабуға мәжбүрміз. Ішкі чемпионатта серке тартамыз. Қырғыздар соны: «Қазақтар муляжын тарта берсін» дейді. Қалай бұл? Оның бәрі бізге байланысты емес қой, жан-жануарларды қорғау ұйымы рұқсат бермегеннен кейін біз осындай қадамға барып отырмыз. Олармен ұрыспай-таласпайық, олар да бір үлкен ұйым дейміз.
– Көкпарда жүрген азамат ретінде қазандықтың зиянын айтып берсеңіз?
– Қазақтар қазандықта ойнамаймыз деп ешқашан айтпаған. Мұны көкпар ойнайтын басқа мемлекеттермен біріккен кезде осындай шешім қабылданды деп айтып өттім ғой. Себебі қазандық шабандозға да, атқа да қауіпті. Себебі серкені салу үшін қазандыққа барасың, қарсылас команда саған салдырмаймын деп жанталасады, аттар қазандыққа соғылады. Серке түсіп кетсе оны көтеремін деп адам еңкейеді, сол кезде басқа аттар мен қазандық арасында қысылып қалады. Шабандоз жарақат алуы да мүмкін. Қаншама жігіт сөйтіп жарақат алды ғой. Небір аттар да кетті. Тағы бір айта кетерлігі – командалық көкпарда аут деген жақсы. Бішкекте жаңадан атшабар ашылыпты. «Еркекше ойнаймыз, аутқа шықпасын» деп, оның жан-жағына контейнер қойып тастапты. Сөйтіп қоршаудың ішінде көкпар шабады. Салдарынан жақында бір қырғыз бауырымыз Мирлан Сраждинов қайтыс болды. Қырықтан асқан шабандоз еді, жақында ғана көкпарға қайта оралып, жаңадан команда құрып жатқан еді. Сондықтан айтарым, аут деген жақсы. Шығып кетсең, жарақат алмайсың.
Ал қазандықтың тағы бір кемшілігін айтып өтейін. Қазандыққа емес, мәреге шабатынымыз туралы шешім 2016 жылы қабылданды. 2017 жылы ішкі чемпионат өтті. Сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысынан келген көкпар командасы қазандықта шаппаған жылдам, қайтқыш аттарды алып келіп, ұтып кетті. Себебі қазандыққа шапқан ат тұрып қалатын болады. «Әулиеата» командасы соның кесірінен ұтылды.
– Алдағы Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойынына қазақтар бара ма? Бұл мәселе қалай қаралып жатыр?
– Қырғыз бауырларымыз қорқытып: «Сол төреші, сол ойыншылар келсін, оларға біз көкпардың қалай екенін көрсетеміз» деп жатыр. Сондықтан қазақтар бармайды деп ойлаймын. Қайбір жылы да осындай жағдай болып, Қуанышбек деген бауырымыз «мен барайын, жауапкершілікті спорт және туризм министрлігі ала ма, әлде көкпар федерациясы ала ма» деп сұрады. Сол кезде екеуі де жауапкершілік алған жоқ. Сондықтан ол барудан бас тартты. Қырғыз бауырларымыз көкбөрісіне қатты жауапкершілікпен қарайды. Ал біздікі мәре көкпар ғой. Сондықтан көкпардың ережесін тағы бір қарап, жалпы елге бірдей етіп құжатпен бекіту қажет. Бізге жігіттердің амандығы керек. Көкпар деген тек қана спорт. Бір отбасын бағып отырған азамат өмірден озса, ең жаманы сол емес пе? Қайбір жылы көкпаршыларымыз Қарағандыдан қайтып келе жатып жол апатынан көз жұмды. Меркі ауданынан Рауан Бақытбек деген өсіп келе жатқан талантты жігітіміз қайтты. Тартысы да, еңкеюі де, бірге-бір ойнауы да керемет еді. Қаралы хабарды ата-анасына айту өте ауыр болды. Құдай содан сақтасын.
Көкпар мен көкбөрінің арасында бір-бірімізден үйренетін, алатын ештеңе жоқ. Екеуі бір спорт. Мұны барлығы біледі. Бірақ соны кішкене ұйымдастыра білу керек. Баяғыда сен сондай едің, анау-мынау деген әңгімені қою керек.