Десанттық-шабуылдаушы әскер – қазақ армиясының элитасы

Биыл Қазақстан Десанттық-шабуылдаушы әскерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Соған орай мемлекет биылғы Десантшылар күнін жоғары деңгейде атап өтті. Басты салтанатты іс-шаралар қазақ десантшыларының бесігі саналатын аты аңызға айналған 35-гвардиялық десанттық-шабуылдаушы бригадада өтті.
Мұнда ДШӘ-нің (десанттық-шабуылдаушы әскерлер) құрылуына атсалысқан ардагерлер мен қазір осы әскер сапында еңбек етіп жүрген сарбаздар бас қосты.
6 шілде – Қазақстан Қарулы күштерінің элитасы саналатын Десанттық-шабуылдаушы әскерлер күні.
1999 жылы басталған тарихи жол 2000 жылғы 8 шілдеде президент жарлығымен ресми түрде Ұтқыр күштердің құрылуымен жалғасты. Кейін олар Аэроұтқыр әскерлер, ал 2017 жылдан бастап Десанттық-шабуылдаушы әскерлер (ДШӘ) атанды. Бұл құрылымның негізін бұрынғы 35-гвардиялық әуе-десанттық дивизиясының бөлімдері мен еліміз аумағындағы әскери құрамалар құрады.
Десантшылар – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға әрқашан дайын сайыпқыран сарбаздар. Олар тек шекараны күзетіп, терроризмге қарсы операцияларға ғана қатысып қоймай, жаһандық ауқымдағы бітімгерлік миссияларда да ерен еңбегімен танылды. 2003 жылдан бері қазақстандық әскери бөлімдер Иракта, Ливанда, Африка елдерінде және басқа аймақтарда БҰҰ-ның миссияларына қатысып келеді.
Әскердің жауынгерлік әлеуетін күшейту мақсатында 2022 жылы ДШӘ ҚР Қарулы күштері Бас штабының тікелей қарауына берілді. Қазір олардың құрамында десанттық-шабуылдаушы, артиллериялық, барлау, бітімгерлік бөлімшелер жұмыс істейді. Парашютпен секіру – десантшылардың басты машығы. Жауынгерлер күндіз де, түнде де, күрделі ауа райында да тапсырмаларды мінсіз орындайды. Биылдың өзінде олар 3 300-ден аса парашютпен секіру жаттығуын жасады.
ДШӘ сарбаздары үнемі халықаралық аренада еліміздің атын танытып жүр. Өткен жылы олар Беларусьтегі «Бауырластық шыңы-2024», Түркиядағы EFES‑2024, Үндістандағы Kazind‑2024 жаттығуларына және Жетісуда өткен «Алтын қыран» оқу-жаттығуларына қатысты.
Биылғы мерейтойлық шараның басты салтанаты Талдықорған қаласындағы 35-гвардиялық десанттық-шабуылдаушы бригадада өткенін айттық. Салтанатты шараға Алматы облысының, Қорғаныс министрлігінің жауапты басшылары, ардагерлер, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
«Офицерлерге, сержанттар мен сарбаздарға, сондай-ақ ардагерлерге адал қызметі мен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді ДШӘ қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев мерекелік жиында.
Мереке десантшыларға тән дәстүрмен өтті. Онда қоян-қолтық ұрыс, сапта көрсетілетін әдістер сияқты әсерлі көріністер, Қазақстан Республикасы мен Десанттық-шабуылдаушы әскердің жалауымен алаңға десант түсіру, ашық аспан астындағы қару-жарақ пен техника көрмесі болды. Мерекелік шара концерттік бағдарлама мен үздік әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын әскери шен табыстау рәсімімен жалғасты.
Десанттық-шабуылдаушы әскерге бұған дейін генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенанттар Мұрат Майкеев пен Қаныш Әбубәкіров, генерал-майорлар Уәли Еламанов, Адылбек Алдабергенов, Дәулет Оспанов, Қайдар Қарақұлов және Мереке Көшекбаев басшылық етті. Қазір Жоғарғы Бас колбасшы резервін генерал-майор Алмаз Жұмакеев басқарып отыр.
Бұл әскери құрылымының жауынгерлік шежіресінде Тәжікстан-Ауғанстан шекарасындағы операциялар, Ирак пен Ливандағы, Сириядағы (Голан жоталары) БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу сынды тарихи беттер бар. Десантшылар «Ортразбат», «Дала қыраны», «Іле», «Алдаспан», «Қаратау», «Батыл тойтарыс» секілді халықаралық жаттығуларда, сондай-ақ ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларда кәсіби шеберлігін үнемі дәлелдеп келеді. Тек былтырдың өзінде ДШӘ 20-ға жуық ірі халықаралық маневрге қатысты.
Еламан Өмірхан