Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

«Десін дерті»: сауатты саяхат, туризм мен контент

Саяхат
Фото: ЖИ

Қазір екінің бірі шетелге шығады, саяхаттауға, жат елді танып-білуге ұмтылады. Әсіресе пандемиядан кейін саяхатқа, шет ел аралауға қызығатындардың саны тіпті артқан сияқты. Жаңа дәуірдің салты десек те болады.

 Әрине, мұндай құбылысты жаман дей алмаспыз. Дегенмен кейде саяхатқа деген қызығушылық адамның өзінің жеке қалауынан гөрі әйтеуір көштен қалмайын, «жұрт шетел көрген десін» деген пиғылдан туындайтын сияқты. Әлеуметтік желілердің дамуы бұл дертті тіпті асқындырып жібергенге ұқсайды. Шығындалып, қарызға батып жататындар да бар. Бірақ осы қызығушылықтың артында «десін дертінің» салдары тұрған жоқ па деп тағы ойлайсың. Біз бұл сұрақтың жауабын жиһанкез-саяхатшылар Руслан Меделбек, Асқар Беков және мәдениеттанушы Асылай Рамазаннан сұрап көрдік.

Ж.А: Саяхаттың да өз мәдениеті болатын сияқты. Сіз қалай ойлайсыз? Біздің елде бұл тенденцияның беталысы қандай?

Руслан Меделбек
Руслан Меделбек

Р.М: Мен саяхаттың өзін бірнеше түрге бөліп қарастырамын. Қазіргі Қазақстандағы саяхат тенденциясы осымен бес жыл бұрынғы статистикамен салыстырсақ, әлдеқайда өскенін байқаймыз. Мұның өзіндік себептері де бар. Ең әуелі Қазақстаннан шетелге ұшатын рейстердің көбейгені саяхатқа қызығатын жандардың қатары артуына үлкен сеп боп тұр. Қазір Алматыдан, Астана мен Шымкенттен, тіпті кішкентай қалалардың өзінен Еуропаға да, басқа мемлекеттерге де тікелей рейстер бар. Елдің батыс, оңтүстіктегі қалаларынан Түркияға рейстер өте көп. Бұдан бөлек, түрлі әуе компаниялары жеңілдіктер жариялап жатады. Тек Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде саяхаттау қолжетімді бола бастады. Сәйкесінше, елде саяхаттау мәдениеті қалыптасты. Кез келген адам ел ішіне болсын, Қытай не Грузияға болсын, Өзбекстан мен Әзербайжанға да еркін саяхаттай алады. Бұл, менің ойымша, өте жақсы тенденция. Елдегі ішкі туризмді дамыту үшін де бұл тенденцияның ықпалы зор.

Дегенмен соған қарамастан, туризм мен жиһан кезудің ара-жігі бар екенін де естен шығармаған жөн. Шыны керек, бізде Исландияға барып жанартауларды бақылайтын, Африкадағы сафариді көретін, үлкен таулардың етегінде болып, әлде әдемі табиғаты үшін Бразилия мен Аргентинаның ауылдарына баратындай жиһанкезгіштікке, осындай деңгейге әлі жете қойған жоқпыз. Мұндай ел мен жер тануға арналған күрделі саяхатқа шығатындар тым сирек. Ең әуелі мұндай саяхаттарды көптің қалтасы көтере бермейді. Одан Түркияға әлде Египет, Дубайға жеті күндік тур алып, қонақүйден шықпай, бассейнге шомылатын демалыстар тиімді боп тұр. Қазір бізде турист ретінде барып, базарын аралап, суына түсіп, тамағын ішіп қана елге келетіндердің саны көп. Ал шынайы жер-жаһанды кезіп, ел танитын саяхаттар біздің халыққа қаржылай тиімсіз.

А.Б: Ең әуелі болмысымыз көшпенділер мәдениетіне тән екенін еске түсірген жөн болар. Қазақ халқы – ежелден қалыптасқан үлкен көшпенділер мәдениетінің алтын бесігі. Сондықтан ата-бабаларымыздың өмір сүру салты да саяхатпен, көші-қон мәселесімен тікелей сабақтасып жатқан. Мал жайылымына шұрайлы, суы мол, шүйгін өңірлерді іздеген, бір өңірде тұрақтамаған. Үлкен территорияда батыстан шығысқа, шығыстан батысқа көшіп-қонып жүргенін білеміз. Солардың қаны, рухы болмысымыздан өше қойған жоқ. Сол себепті ме екен, соңғы кезде саяхатқа қызығатындардың саны артып келеді. Ел экономикасы тұрақталып жатыр, сәйкесінше, саяхатқа қаржысы бар. Оның үстіне адамзаттық құндылықтар үлкен өзгеріске ұшырауда. Бұрын қымбат болған дүниеңнің қазір құны жоқ. Оның үстіне адамдардың білім деңгейі өсіп жатыр, сол себепті білсем, көрсем, танысам деген адамдардың қатары көбейді. Міне, саяхатқа қызығатындардың саны өсуіне себеп көп. Тағы бір себеп – әуе рейстердің саны артуы сияқты. Елдер арасындағы билеттер арзандап, туристік компаниялардың жұмысы қыза бастады. Тіпті біз күтпеген елдерге де рейстер ашылып, турлар шыға бастады. Өзге де шетелдік компаниялардың ел нарығына кіруі де көп мүмкіндікті алға тартады. Сондықтан болашақта саяхатқа қызығатындардың саны тіпті арта бермек. Саяхаттау географиясы кеңейе береді.

А.Р: Иә, шынында да, соңғы жылдары саяхат мәдениеті әлемдік деңгейде ғана емес, Қазақстан қоғамында да ерекше серпінмен дамып келе жатыр. Біріншіден, глобализация үдерісі мен ақпараттық кеңістіктің ашықтығы адамдардың дүниетанымын кеңейтіп, басқа мәдениеттерге деген қызығушылығын арттырды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық медиа адамның шетелдік тәжірибені көзбен көруін, өз тұрмысымен салыстыруын жеңілдетті. Бұрын тек элита өкілдеріне ғана тән болған «саяхаттау мәдениеті» бүгінде орта тап өкілдерінің де күнделікті өмір салтына айналып барады. Екіншіден, пандемия кезеңінен кейінгі психологиялық серпіліс те маңызды фактор. Карантин кезіндегі оқшаулану, шектеулер, қозғалыс еркіндігінің жоғалуы адамдардың еркіндік пен кеңістікке деген сұранысын күшейткен сияқты.

Ж.А: Технологияның дамуы саяхатшыларға үлкен артықшылықтар сыйлады ғой. Саяхат бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қолжетімді, оңай боп кетті. Жалпы сауатты саяхат деген не?

Р.М: Саяхаттың өзін сауатты не сауатсыз деп бөлуге болмас. Адам бір мекенге барып, өзінің күнделікті күйбең тіршілігіне қандай да бір өзгеше бояу қоса алса, саяхаттың шығыны ақталғаны сол шығар. Жұмыс пен үйдің арасында қалып, сұрғылт тартқан өміріңе саяхат жаңа түстер қоса алады. Ол үшін шетел аралау да міндет емес. Астанадан Семейге әлде Бозжыра мен Бурабайға барсаң да, ойың сергіп, санаң әлдеқайда тазарып қалады. Ең әуелі адамның ішкі күйі тыныш болуы тиіс. Ертеңгі күніне деген алаңы мен уайымы басым болса, әлемнің ғажабын көрсе де, ештеңені сезе де, көре де алмайды. Менің насихаттайтыным да осы. Саяхатқа шығар алдында, ішкі күйіңді жөндеген абзал. Әйтпесе, адам өмірінің түсін өзгерткені дұрыс. Үйдегі бар мәселең мен уайымыңды саяхатқа бірге алып шықпау керек. Өзі кешіп жатқан сәтті мейлінше сезініп, жүрек пен миды тыныштыққа бөлегенде ғана саяхаттың нәрі мен құнарын толық ала бастайды.

Асқар Беков
Фото: Асқар Беков/facebook.com

А.Б: Әдетте саяхатқа талпынған адамның алдында екі түрлі жол тұрады. Бір тарап туристік компаниялардан дайын турпакеттерді сатып алады. Оның ішіне барып‑қайту билетіңіз, жатын орныңыз, қонақүй мен тамақ, барған кезде түрлі туристік нысандар мен мәдени ошақтармен өздері таныстырады. Көп бас қатыра бермейсің. Ақшаңды төлеп, сенімді туристік операторды таңдап, ұшып барып келе бересің. Ал екінші санатқа жиһанкездерді, яғни, өзі жоспарлап, бағытын анықтап баратын саяхатшыларды атасақ болады. Бұл жерде үлкен дайындық керек. Қауіпсіздігіңіз, тұтас жоспарыңыз бен бағытыңызға өзіңіз ғана жауап бересіз. Баратын еліңді әбден зерттеп, асы мен климатын, керек құжатың мен екпеңді зерделеп, дайындалып барғаның абзал. Мәселен, Африкаға барсаң, біз білмейтін, өмірде көрмеген жәндіктер шағып алған жағдайда бізге таңсық реакциялар пайда болуы әбден мүмкін ғой. Сондай жағдайда бәріне алдын ала дайындық жасайсың. Сәйкесінше, гаджеттегі қолданбаларға дейін бәрін көшіріп, сақадай-сай етесің. Картаң мен қатынайтын көлігің, жергілікті жердің валютасынан, тілінен, заңынан хабардар болып, зейін қоюың тиіс. Себебі саяхатта әр тиынның есебі болады. Ақша ауыстырғанда желініп қалмауды да қадағалайсың. Алаяққа да, басқасына да төтеп бере алатын білімің, қорың болу керек. Ә дегеннен шетел көрмеген адамның бірден осындай тәсілмен саяхаттауы тіпті де тиімді емес.

Ж.А: Саяхат жасау тұлғаның өзін тану жолы деп жатамыз. Бірақ бүгінде ол «өзін-өзі көрсетудің» құралына айналып кеткен жоқ па?

Р.М: Айналамда саяхатты «мақтан» көретіндер жоқ екен. Бәлкім, біздің айналамыз мұндай адамдардан ада шығар. Бәлкім, мәселе біз саяхаттап жүрген адамға қандай призмамен қараймыз, сонда тұрған шығар. Ешкімге өзіңнің кір басып кеткен призмаңмен, іштарлықпен қарасаң, кез келген құбылыстан түйткіл табуға болады. Менің ойымша, бәрі өз пиғылың мен ниетіңе байланысты. Саяхаттап жүргендердің бәрін әлеуметтік желінің ықпалымен «мақтан» үшін, «десін» үшін саяхаттап жүр десек, біз жай ғана оларды қызғанып отырмыз деген сөз. Мен біреу Ташкенге не Бурабайға барып келсе де, шын қуанамын. Себебі мынау бітпейтін сұрғылт тіршіліктен алыстап, өміріне рең, жаңа бояу қоса алды. Ол адам әдемі мекен, тыныш табиғат бар екенін, үй мен жұмыстың ортасынан басқа да өмір бар екенін, әлемнің кең екенін түсіне алды. Қандай призмамен қарайсың, сондай пиғыл қалыптастырасың.

А.Б: Мұндай құбылыс кеше де болған, бүгін де бар, ертең де бола береді. Бірақ олардың саны қазір азайғандай. Бәлкім, алғашқы сезім шығар. Бірінші, екінші саяхаттарына сондай пиғылмен баруы мүмкін. Бірақ осы арқылы қызығушылық оянады. Кейін «мақтан» үшін не «десін» деп емес, өзің үшін саяхаттайтын дәрежеге жетесің. Барған жеріңнен суретке түсіп, оны әлеуметтік желілерге жариялаудан бөлек, рухани байып келу, дүниетанымыңды өзгерту сынды құндылықтарға алмаса бастайсың. Қазақ «Көп оқығаннан емес, көпті көргеннен сұра» деп бекер айтпаса керек.

А.Р: Мұндай құбылысты мүлде жоқ деп кесіп айтуға болмас. Әлеуметтік желілер үлкен рөл ойнап отыр ғой, қалай десек те. Сонда да, мұның барлығы саяхаттың шынайы маңызын жоққа шығармайды. Шынайы саяхат – адамның ішкі тыныштығын іздеуі, өз тамырын және өзге мәдениеттер арасындағы орнын түсінуге ұмтылысы. Ал әлеуметтік желілер мен тұтынушы қоғамның қысымынан туған «жалған саяхат» тенденциясы ұзаққа созыла қоймайды. Модерндік қоғамдағы статустық қысымның бір көрінісі ғой бұл. Яғни адамдар осылай өз өмірінің «қалыпты» екенін дәлелдеуге тырысады. «Мен де шетелде болдым», «мен де әлемді көремін» деген ішкі қажеттілік қалыптасады. Бұл ұжымдық бәсеке мәдениеті десек те болады. Сол себепті кейбір адамдар өз мүмкіндігінен тыс шығындалып, несиеге батып, тек сол көріністі ұстап тұру үшін өмір сүреді. Саяхат рухани байытудың емес, әлеуметтік компенсацияның құралына айналып кетеді. Әйтпесе мұндай процесс әдетте ұзаққа созылмайды деп ойлаймын.

Ж.А: Ең қызығы, біз сүріп жатқан қоғамда шетелге шығып, бір апта қонақүйдің ауласында жүруді «саяхат» деп түсінетіндер әлі бар. Шын мәнінде саяхат дегеннің өзі де таным емес пе еді деп ойлайсың. Турист пен саяхатшының айырмашылығы неде?

Асылай Рамазан

Р.М: Осы күнге дейін елуден астам ел, жүзден аса қаланы көрдім. Сол саяхатымның әрқайсысында сан мың адаммен сапарлас, жолдас болдым, таныстым. Бұл жерде де бүкіл мәселе қайтадан өзіңе кеп тірелетін сияқты. Біреулерге тып-тыныш жерде, қонақүй ауласында бассейнге түсіп, жаяу аяңдап, жағажайдағы пассив демалыстар ұнайды. Мұнысы үшін ешкімді сөге алмаймыз. Себебі әр адам жеке құбылыс, өзіне сай талғамы, тек өзіне лайық таңдауы болады. Мәселен, маған қонақүйден таңертең шығып кетіп, кешке оралған ұнайды. Тау-тас кезіп, барған мекеннің ішкі дәстүр-салтымен танысқан ұнайды. Ал мұндай саяхат басқа адамға ұнамаса, мұнысы үшін жазғыруға не сөгуге болмайтын шығар. Кез келген адамның жеке шекарасы мен таңдауын сыйлағанымыз жөн. Достарыммен саяхат барысында да олардың қала аралауға әлде басқа орындарды көруге зауқы болмаса, ешкімді қинамай-ақ, өзім аралап келемін. Саяхат дегенің таңда кетіп, кешке келу деген де жаңсақ түсінік. Саяхат та адамның жеке таңдауы, кімге қандай формат ұнайды, ыңғайлы, саяхат жоспарын солай құрады. Қазір бізге кез келген саяхат түрін насихаттау керек. Бар болғаны осы. Бұлай біреуді жазғыруға не сөгуге мүлде болмайды. Одан гөрі қандай болмасын, саяхаттың жақсы тенденция екенін насихаттай берейік. Саяхатты құнсыздандырмағанымыз абзал.

Турист пен саяхатшыны бөле‑жара қарауға да болмас. Әдетте егде жастағы жандар өзін турист деп атаса, менің замандастарым, қазіргі жастар өзін саяхатшы, жиһанкез атап жүр. Иә, бәлкім, туристік компаниялардың қызметін сатып алып, солардың көмегіне жүгінген үлкен кісілер өзін «турист» деп атайтын шығар. Бірақ мен де өзімді саяхатшы деп есептеймін, әлем аралап, ел мен жер кезіп жүрмін. Сондықтан аса бір айырмашылығы мен ара-жігі бар деп ойламаймын.

А.Б: Кей адам турист боп барып, мен «саяхатшымын» деп қабылдаса да қарсы емеспін. Себебі дайын туристік пакетпен барып келіп, тура саяхаттың әсері мен эмоциясын сыйласа мұның несі жаман? Саяхатшы жолы мен жоспарын өзі зерттеп, бағдарлайтыны секілді турист те алғашқы саяхатынан сондай әсер алады әдетте. Кейін бірнеше елді көрген соң, дағдыланған туризмнен кәсіби саяхатшылыққа ауысары анық. Адамның көрсем, білсем деген арманы жарық жолдарға жетелей бермек. Кәсіби саяхатшылардың қай-қайсысы да жолын әуел басында кәдімгі турист боп бастағаны анық. Ең бастысы – саяхаттау. Мейлі шетел болмасын, өз елімізде де көруге, баруға тұрарлық табиғаттың жауһары жетіп артылады.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ