Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:19, 06 Қараша 2023

Детективке дейінгі жол

Кемел Тоқаев
Фото: daryn.online

Жиек-жиегі қатырма қағазбен әдіптелген ескі газет тігіндісі. Қатырма қағаз әлдеқашан сарғайып, тозаңдана бастаған сарғыш қағазды уақыт сүрлеуінен аман алып келе жатқанын білдіріп тұр. Әлі де қорғап бағамын дейтіндей берік. 

Алдымда – 1948 жылдан бермен қарайғы 5-6 жылдық нөмір. Сол замандағы қазақ жастарына арналған – «Лениншіл жас» газеті. Парақтай бастаймыз. Редакция мүшелері де негізінен жастар. Соның бірі – 26 жастағы Кемел Тоқаев.

Алғашқы жазбалар

Биыл 100 жылдығы тойланып жатқан жазушы, қазақ детективінің негізін қалаушы саналатын Кемел Тоқаевтың бұрынғы «Лениншіл жас», қазір қолыңыздағы «Жас Алаш» газетіндегі қызмет еткен жылдарына үңіліп көрмекпіз. Себебі оның оқу бітіргеннен кейінгі, Жамбыл облысындағы бір жылдық қызметтен соң үлкен ортаға кіргені, осы – «Лениншіл жас» редакциясы.

Кемел Тоқаев туралы естеліктер көп емес. Барының өзінде жазушының бұл кезеңдегі өмірінен сыр шертетіні жоқ. Кемел Тоқаев газетке қалай орналасты, біреулердің ықпалы болды ма, әдебиетке басқан алғашқы қадамы қандай – осыған назар аударғымыз келеді. Алайда естеліктер сараң. Сол үшін жанама кітаптарды – замандастарының кітаптарын ақтарып көрмекпіз. Мысалы, Нығмет Ғабдуллин Кемел Тоқаевпен бірге қызметтес болыпты. Ендеше, Ғабдуллиннің Жұбан Молдағалиев туралы естелігіне назар аударып көрейік. Бұнда «Лениншіл жастың» тап сол кезеңдері туралы баяндайды. Ал Жұбан Молдағалиев – редактордың орынбасары. Естелікте жастарды оқуды бітірмесе, алайда шығармашылық қабілеті болса, басқа басылымдарда жазған-сызғандары жарияланып жүрсе, «ЛЖ»-ға жұмысқа алынуы әбден мүмкін екенін айтады. Демек, «Сталиндік жол» секілді газеттерде мақалалары жарияланып жүрген жас жігіт Кемелді «ЛЖ»-ға осылай шақыруы мүмкін. Оның үстіне Кемелдің досы Мүсілім Базарбаев былтырдан, яғни 1948 жылдан бері осы газетте істейді. Ендеше, өзінің досын, қолынан жазуы келетін досын неге редакторға ұсынбасқа?! Ал Мүсілім редакцияға келе сала білек сыбана кіріскен, бұрқыратып жазып жатыр, редактордың алдында беделі зор. Сөйтіп 1949 жылы Жамбыл облысынан жаңа келген жас жігіт Кемел Тоқаев «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасады. Ал қалай орналасқаны туралы жазғанымыз, әлбетте, жазушы өмірінің беймәлім тұстарына жасаған біздің болжам ғана.

«Лениншіл жастың» 1949 жылғы 1 мамырдағы нөмірінде «Болашақ біздікі» деген мақала жарияланды. Авторы – Кемел Тоқаев. Алғашқы мақала. Үшқоңыр етегіндегі Қарғалы селосының мектебі туралы жазған. Әмбе Кемел Тоқаевты бастапқы кезеңде білім бөліміне жауапты қылған сыңайлы. Себебі көтерген мәселе, жазған тақырыбының дені – оқу, білім жайы. «Елеулі кемшіліктердің беті ашылды» (23 қазан, 1949), «В.И.Ленин атындағы мектепте» (22 қаңтар, 1950), «Оқушылар арасындағы физкультура-спорт жұмысына неге көңіл бөлінбейді?» (27 желтоқсан, 1950), «Қадірлі ұстаз» (7 наурыз, 1951), «Емтиханның алғашқы күні» (23 мамыр, 1951), «Олар қайда демалады?» (8 маусым, 1951) секілді мақалалар мен очерктердің бәрі білім жайында. Құрғақ сөйлем емес, мәселе көтертеді. Қорқып-үрку жоқ, батыл жазады. Мақалаларының көпшілігінде фельетондық сипат басым.

1949 жылғы 30 қыркүйектегі нөмірде «Алма бағында» деп аталатын дүниесі жарияланды. Жазуы алдыңғыға ұқсамайды. Әңгіме түрінде баяндалған. Оқушылардың мектеп ауласына әлдеқашан алма көшеттерін отырғызғанын, олардың сорттары жөнінде жазыпты. Балаларға арналған шағын әңгіме деуге тұрарлық. Осы «Алма бағында» жас Кемелдің жазушылыққа бет бұрғанын, прозалық шығармаға дайындығын байқатады. Алайда газет тапсырмасы оған қаншалықты мүмкіндік береді?!

К Тоқаев
Фото: «Лениншіл жас» газетінің редакциясында. Суретті түсірген Петр Редько . 1950ж

Мақалалар, фельетондар және... әңгіме!

Кемел Тоқаев туралы естеліктердің аз екенін айттық. Ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «Әке туралы толғаныс» кітабында осы кезең туралы әңгіме жоққа тән. Ол заңды да. Себебі Кемелдің ұлды болуына әлі 4-5 жыл бар. Дегенмен «Әке туралы толғаныстағы» мына сөйлемдер жас журналистің жұмыс істеу жайынан хабар береді:

«Көркем шығарма жазу үстіндегі әкейдің түнгі толғаныстары әлі есімде. 50-жылдары біздің отбасы өте ауыр тұрмыстық жағдайларда өмір сүретін – барлығымыз коммуналдық пәтердің жалғыз тар бөлмесіне сыйып тұрдық. Түнде оянып кетсем, әкей үстел шамының әлсіз жарығымен қағаздарына шұқшиып отыратын. Сол қолында түтіндеген папиросы, оң қолымен бір сөзден соң бір сөзді маржандай тізе береді. Сосын ойланып қалады да, папиростың бірін тұтатып, қаламын сиясауытқа малып алып, әрі қарай жазуға кіріседі...»

Сол жылдары жағдайы оңалып тұрмаған жас журналистің бұдан бұрын да күйі келмегені белгілі. Бірақ ең бастысы – жазу. Жұмыс өз алдына, қалайда жазу керек. Кемел журналист болуды сонау балалар үйінде жүргенде-ақ армандаған. Ептеп әлденелерді жазатын да. Кейін қан майданның ортасында жүргенде де күнделік жазып жүрді. Осының бәрі жазуға деген талпыныс еді. Болашақта қалай жазатынын, нені жазатынын өзі де түстеп білмейді, бірақ бастысы – қаламды қолдан ажыратпау. Бәлкім, Қасым ағасына деген сағынышы болар, қаламы оны алға жетелей бергендей. Жазу машығын өзгерту керегін бірте-бірте түсінген секілді ол.

1950 жыл. 24 наурыз күнгі нөмірде жарық көрген «Фельетон орнына» айдарында «Таңсықтағы унтер Пришибеев» деген көлемді дүниесі беріліпті. Мақаланың бастауына назар аударайық.

«Тәпелтек қара бала кітап салған сумкасын төрге лақтырып жіберді де, стол үстіндегі таба нанның шетінен бір үзіп алып, қайта жүгіре шықты. Сыртта қарсы жолыққан анасы Байсалды тоқтатып:

– Мұғалімнің үйге берген тапсырмасын орындамайсың ба? Кәне, есебіңді шығаршы, мен көрейін, – деп үйге қайта алып кірді...»

Дайын әңгіме. Ары қарай не болар екен деп демде емексітіп қояды. Алайда оқиға мүлде басқаша сипат алады. Мәселе – Таңсық станциясындағы мектеп директорына қатысты. Жазушы Чеховтың унтер Пришибеев атты кейіпкері арқылы мектеп директоры Кәрияновтың салдыр-салақтығын бейнелейді. Жас журналистің қаламынан алғаш рет шығып отырған фельетон жанрының да өте сәтті шыққан сыңайы бар.

1950 жылдан бастап газетте әдеби шығармаларға көбірек орын беріле бастапты. Әлбетте, олардың дені – жастар. Эпиграмма мен шарж жанры көріне бастаған. Қызығы – эпиграммашы ақын мен суретшінің аты жоқ. Эпиграммалар Тайыр Жароковқа, Құдыс Қожамияровқа, боксшы Махмуд Омаровқа және тағы басқа әр саланың тұлғаларына арналыпты.

Осының бәрі нені қалай жазамын деп талаптанып жүрген Кемелге үлкен күш бергені анық. Оның үстіне Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Сафуан Шаймерденов, Сәуірбек Бақбергенов, Балғабек Қыдырбекұлы, Нығмет Ғабдуллин секілді ағалары мен замандастары да үнемі ізденіс үстінде. Бірін-бірі қайталағысы жоқ. Орталық комитет олардың әр сөзіне шүйлігіп отырса да, жастың аты жас, еркін жазғысы келеді. Бұлардың қай-қайсысы да алдыңғы толқын алыптардың – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтердің батасын алғысы келеді-ақ.

Кемел Тоқаев бұдан кейін жарық көрген «Жүнісов жаңалықты қалай түсінеді?» мақаласын, 7 сәуірде жарияланған «Ол – жаңалық иесі», «Жолдастық көмек» мақалаларын әңгіме жанрында жазып көрді. Алайда іште бір буырқаныс бар. Ешқандай тапсырмасыз, ешқандай командировка жұмысынсыз еркін дүние жазғысы келетіндей. Себебі бұған дейін жазған очерк, мақалаларын әңгімеше көркемдеп бастайды да, ортасынан әрмен қарай тапсырмаға сәйкес баяндауға бұрады. Бірақ ол көп ұзамай дегеніне жетті.

1951 жылғы 8 сәуірде шыққан нөмір. Газеттің соңғы бетінде «Ақталмаған үміт» әңгімесі жарық көріпті. Авторы – Кемел Тоқаев. Аты-жөні толық жазылған және тақырыптың астында «әңгіме» деп атап көрсетілген. Міне, болашақ үлкен жазушының алғашқы әңгімесі! Жарық көрді-ау, әйтеуір. Енді замандастары оқып көрмек.

Әңгімеде Германияның Штутгарт қаласында болған оқиғаны баяндайды. Қызығы, әңгіме басталғанда-ақ детектив жанрына тән жұмбақ бар. Кішкентай Робертке Джонсон деген әлдебіреудің: «Сенің тыңшылық ісіңді үй ішіңнің білгені қалай?» деген сұрауы үлкен жұмбақты жасырады. Алайда көлдей әңгімеде оның шешімі жоқ. Тек аяусыз соққыға жығылған кішкентай балаға деген оқырман жанашырлығына жауап береді. Автор баланы аман-есен әке-шешенің қолына табыстайды. Бірақ үш бөлікке бөлінген әңгіме үлкен повестің жүгін арқалап тұрғандай.

Кейін бұл әңгіме 2018 жылы шыққан көптомдықта «Әр уақытта өзіңмен біргемін» деген атпен жарық көрді.

К Тоқаев М Базарбаев
Фото: Мүсілім Базарбаев пен Кемел Тоқаев «Лениншіл жас» газетінің редакциясында. Суретті түсірген Петр Редько . 1950ж

Қанат қағу

Міне, осыдан соң қалам зырғып ала жөнелді. Көп ұзамай, 1 мамыр күнгі нөмірде «Достар» атты көлемді әңгімесі жарық көріпті. Мұнда да сол, «әңгіме» деп айдар тағылған. Жас жазушы алдында даңғыл жол ашылғандай. Мектеп оқушыларының тауға саяхаты мен мектеп өмірі баяндалады. «Ғасырлар бойы кеуек қаңбақты алдына салып қуған аңызақ желдің мекені болған меңіреу құм дала аз жылдың ішінде құлпырып көгермекші» деген сөйлемінен жас жазушының кең тыныс ала бастағанын көреміз. «Алғашқы адым» әңгімесі екі нөмірге бөлініп жарияланыпты. Г.А.Федоровтың «Орман жаңғырығады» пьесасын Нығмет Ғабдуллин екеуі бірге аударған. Пьеса газеттің үш нөміріне бөлініп шықты.

«Лениншіл жастың» оқырмандары асыға күткен айдары – «Сын және библиография» болғанына дау жоқ. Себебі бұл айдарда әдебиеттегі жас авторлар үлкен қаламгерлерді, үлкендер жастарды үнемі сынап отырыпты. Тіпті кеше ғана қолына қалам ұстағандар Мұхтар Әуезовті мүйіздегісі келеді. Аздап мысал келтірелік:

«Кейбір аға жазушыларымыз жастар творчествосына көңіл бөлмейді, олар көбінесе жас автордың шығармасын біржақты қарап, не орынсыз мақтайды, не мүлде іске алғысыз етіп тастайды. Мәселен, М.Әуезов Қуандық Шаңғытбаевтың тұңғыш жинағы «Ар»-ға жазған алғысөзінде оның ұлтшылдық қателерін көрсетудің орнына «Қуандық құлақ күйі» деп жас ақынды жер-көкке сыйғызбай мақтап, оның өз творчествосында өрескел қателер жіберуіне себепкер болды. М.Әуезов С.Сейітовке де осындай баға берген...»

Міне, осындай орынды-орынсыз сындар көп. Бірақ редакцияның бел ортасында жүрген Кемел Тоқаев бұдан бойын аулақ ұстағанын байқаймыз. Оның бұл айдарда бірде-бір мақаласы шықпапты. Осы редакциядағы 5 жыл қызметінде газет бетінде ешкімнің жағасынан алмауы, бәлкім, мінезі шығар. Әйтпесе, өзі қатарлас қаламгерлердің «Сын және библиографияда» есімі жиі ұшырасады.

1953 жыл. 26 жасында қызметке келген Кемел Тоқаевтың соңғы жылы. Әлбетте, жазуы төселген, еркін. 25 қаңтарда жарияланған «Шүйінішқалиевтің көзбояушылығы» мақаласы да қызық әңгіме. Алматыда өткен ауыл-село өнерпаздарының концертіне Қаскелеңнен келген делегация туралы баяндайды. Концерттің ережесі бойынша өнерпаздар колхоз жұмысшыларынан жасақталған болу керек. Бірақ қаскелеңдіктер нағыз өнер адамдарын әкеліпті. Енді қайтпек? Міне, бұл да үлкен әңгіменің желісін көрсетеді.

Осылайша, «Лениншіл жас» оқуды енді бітіріп келген жас журналисті сақа журналист қып тәрбиеледі. Редактор Абай Бейсембаев, орынбасары Жұбан Молдағалиевтер редакция мүшелерін – жас журналистерді от пен суға қатар салды, шыңдады. Сөйтіп жастар газетінен қанаттанып шыққан қаламгерлер әр тарапқа, одан да биік қызметтерге орнықты. Кемел Тоқаев бұдан кейін «Қазақстан пионері» газетіне бас редактор боп тағайындалды. Балалар тақырыбына жазып жаттығып қалған ол балалар газетін дөңгелетіп әкетті. Одан әрі оның алдында ұзақ жол, бұрын баспаған жол, қиындығы мен кедергісіне толы жол – детектив әлемі жатыр еді...

Асылан ТІЛЕГЕН

Тегтер: