Дежавю жаңа атау мәнді бола ма?
1991 жылдың соңында, қоғамға тоталитарлық жүйе орнатқан, елді әкімшілік-әміршілдік тәсілмен басқарған Коммунистік партияның барлық былықтары жарыққа шығып, халықтың қарғысына ұшырап, енді елдің бетін көре алмайтын жағдайға жеткенде, халық күнде көшеге шығып, «коммунистік партия жабылсын!
» деп ұран салғанда, қысқасы, компартия барлық беделден айрылған уақытта, билікті ешкімге бергісі келмейтін партиялық басшылық не істеді дейсіздер ғой? Өздерінің жасаған қылмыстарын мойындап, халықтан кешірім сұрады дейсіздер ме? Жоқ. «Мен бұл партияға жылы орын мен жақсы қызмет алайын деп келген жоқпын. Бұл – менің азаматтық көзқарасым! Ол ешқашан өзгермейді!» деп, қасқайып тұрып алды дейсіздер ме? Жоқ. Партияның басшылары «суға батып бара жатқан кеменің капитаны сол кемемен бірге суға кетеді!» деп, өзіне өзі қол жұмсады дейсіздер ме? Иә, ұяты бар кейбір азаматтар өздеріне қол жұмсап, коммунист қалпында өмірден өтті. Бірақ басым көпшілігі партиялық билеттерін өртеп (кейбіреулер, «кейін өмір өзгеріп, бұрынғы билік қайта орнайтын болар», деген оймен сандықтың түбіне тығып та қойды), өздерінің саяси көзқарастарын бір күнде өзгертіп шыға келді. Биліктің дәмін татып қалған енді біреулері «коммунистік партия» деген аттан құтылсақ болды емес пе, ат жетеді ғой деген оймен партияның атын ауыстыруға кірісті. Олар «халық ақымақ қой, ертең-ақ біздің Компартияның мүшесі болғанымызды ұмытып кетеді», деп қазақша айтқанда, шапандарын ауыстыруға кірісті. Менің 1992 жылы жарық көрген алғашқы саяси памфлетім («Оптимистік трагедия») — осы «шапан ауыстыру» мәселесіне арналған болатын.
2022 жылдың басында Қазақ қоғамына авторитарлық жүйе орнатқан, елді әкімшілік-әміршілдік тәсілмен басқарған «Нұр Отан» партиясының барлық былықтары жарыққа шығып (қанша партия мүшелерінің жемқорлықпен сотталғаны, экономиканы құлдырауға алып келгені, сол арқылы бағаның көтерілгені, әділетсіз сайлау жүргізгені, т.т.), халықтың қарғысына ұшырап, енді елдің бетін көре алмайтын жағдайға жеткенде, халық көшеге шығып, «Нұр Отанның» ғимараттарын өртегенде, партия басшысының атын атап, «Шал, кет!» деп ұран салғанда, қысқасы, «Нұр Отан» барлық беделден айрылған уақытта, билікті ешкімге бергісі келмейтін партиялық басшылық не істеді дейсіздер? Халықты көшеге шығаратындай жағдайға жеткізгендерін мойындап, кешірім сұрады дейсіздер ме? Жоқ. «Мен бұл партияға жылы орын мен жақсы қызмет алайын деп келген жоқпын. Бұл – менің азаматтық көзқарасым! Ол ешқашан өзгермейді!» деп, қасқайып тұрып алды дейсіздер ме? Жоқ. Партияның басшылары «суға батып бара жатқан кеменің капитаны сол кемемен бірге суға кетеді!» деп, өзіне өзі қол жұмсады дейсіздер ме? Жоқ. Олар өздерінің саяси көзқарастарын да өзгерткен жоқ. Биліктің дәмін татып қалған енді біреулері «Нұр Отан» деген аттан құтылсақ болды емес пе, ат жетеді ғой деген оймен партияның атын ауыстыруға кірісті. Олар «халық ақымақ қой, ертең-ақ біздің Нұр Отанның мүшесі болғанымызды ұмытып кетеді» деп, қазақша айтқанда, шапандарын ауыстыруға кірісті.
Айтпақшы, партияның атын ауыстыруды Мәжіліс спикері Е.Қошанов мырза «ұйымның қызметін жаңа мәнмен толтыру», деп түсіндіріпті. Баяғыда Ресейдің саяси аренасында айтқан сөзін ешкім түсінбейтін Черномырдин деген азамат бар болатын-ды. Ерекең одан да асып түскен сияқты. Партияның жұмысын «Жаңа мәнмен толықтыру» үшін – оның атын ауыстыру керек пе? Әлде «Нұр Отан» деген жаман атау ма? Әрине, бізде жаман мағына беретін, не құлаққа жағымсыз естілетін атауларды ауыстыруға болатын заң да бар. (60-жылдары «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясында Көтібар батырдың аты Басыбар болып берілгені есімде...). Бірақ не «Нұр» сөзі, не «Отан» сөзі жаман атау деп ешкім де айта алмайтын шығар. Егер «Бұл атаудың «Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар, соған жағымпазданып қойып едік. Енді, оның заманы өткеннен соң, атын да ауыстырып жатырмыз», десе, сұрақ та тумас еді, Қошанов мырза да «жаңа мәнмен толықтыру» деген мағынасыз сөз тіркесін түсіндіріп жатпас еді.
Мен – оптимист жанмын. Өз басым, «Нұр Отанның» осы жиынынан үлкен үміт күтіп едім. «Аттарын ауыстырып, «халық» деген сөзді пайдаланған (халықтан садаға кетсін!) коммунистер сияқты, партияның атын қазақтың абыройлы бір сөзіне ауыстырып, ыңғайсыз жағдайға қалмаса екен», деп тілеп едім. Өкінішке қарай, биліктің партиясы бұрынғы биліктің тәсілін қайталады. Қоғамды балаша алдады. «Біздің «Нұр» деген сөзге ешқандай қатысымыз жоқ, ондай адамды көрген де жоқпыз, білмейміз де» деген сияқты кейіп білдірді. Біздермен қоса өздерін де алдады. Екіншіден, ат ауыстыру, жаңа бір құжат жасау – қылмыскерлердің негізгі тәсілі екенін де ұмытпайық. Мүмкін, бар пәле осында болар.