Диана Оңғарбаеваның туыстары сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді
Шымкент қаласында қаза тапқан Диана Оңғарбаеваның туыстары сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Олардың айтуынша, кәмелетке толмаған сотталушыға берілген жаза тым жеңіл, сондай-ақ оның ата-анасы да жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Бұл туралы Otyrar телеарнасы хабарлады.
Сот процесі жабық режимде өткен.
"Оған бар-жоғы жеті жыл берілді. 24 жасында-ақ бостандыққа шығады. Оның бұл қылмысты қайта жасамайтынына кім кепіл? " — дейді марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева.
Диананың жақындары жасөспірімнің ата-анасы да жауап беруі керек деп санайды. Өйткені олар 16 жастағы ұлын қалаға жұмыс істеуге жіберген. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға баспана сеніп тапсырған адамдардың да жауапкершілігі қаралуы тиіс деген талап қояды.
Диананың анасы қызының денесін соңғы рет құшақтап қоштаса алмағанын да еске алды. Оның пікірінше, жасөспірім қылмысты жалғыз өзі жасап, кейін мәйіттен өз бетімен құтылған болуы екіталай.
"Бұл жайттар әдейі жасырылып отыр", — деп болжады Қарлығаш Оңғарбаева.
Сондай-ақ ол оның денесін қорлау бабын айыптау қорытындысынан алып тастаумен де мүлде келіспейтінін айтты.
Еске салайық, 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның зорлық белгілері бар мәйіті өткен жылдың тамыз айында қоқыс алаңынан табылған. Қылмыс жасады деген күдікпен Түркістан облысынан шыққан 11-сынып оқушысы ұсталған.
Сот шешімімен жасөспірім жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылды.