Дидар Айдарұлы: Тілді талаппен, қысыммен емес, мәдениетпен дамыту керек
Оксфорд университеті – әлемдік білім мен ғылымның алтын ұясы. Мың жылдық тарихы бар бұл оқу орнында әр жылдары ақылымен әлемді аузына қаратқан Хокинг, Киплинг, Толкин сияқты ұлы тұлғалар білім алған. Ал бүгінде осы қасиетті білім ордасының төрінде қазақ тілінің үні естіледі. Бұл тек жеке жетістік емес, тұтас ұлттың рухани жеңісі. Сол жетістіктің иесі небәрі 28 жастағы қазақстандық жас ғалым Дидар Айдарұлы.
Бүгінде Дидар – Оксфорд университетінің тілдер факультетінде қазақ тілін шет тілі ретінде үйрететін алғашқы ұстаз. Оксфорд қабырғасында енді қазақ тілі де жеке пән ретінде оқытыла бастады. Алматы облысына қарасты Қарашоқы деп аталатын ауылда туып-өскен қарапайым ауыл баласының әлемнің ең беделді университеттерінің біріне дейін жетуі – шын мәнінде табандылық пен еңбектің жемісі. Ол қазір Оксфорд университетінде қазақ тілін үйретіп қана қоймай, қазақ мәдениеті мен руханиятын да дәріптеп жүр. Оның дәрістеріне қатысатын шетелдік студенттер қазақ халқының тарихы, әдебиеті мен салтына, діні мен діліне айтарлықтай қызығушылық танытады. Дидардың сөзінше, кейбір студенттер қазақ тілін түркі әлеміндегі ең әуезді және поэтикалық тілдердің бірі деп бағалайды. Қалай десек те, шет елде тіліміздің, өнеріміздің, мәдениетіміздің насихатталғаны, танылғаны дұрыс-ақ. Бірақ осы бізде «шетелге танылу» десе соның астарында арзан мақтангершілік пен өлермендік жатқандай көрінетіні тағы бар. Өйткені «әлемді мойындаттық», «төрткіл дүниеге танылдық» деп ұзақ жыл үздіккенімізбен, танылғанымыз да, жұрттың танығаны да шамалы. Содан да болар, «Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылып жатыр» деген жаңалыққа да бастапқыда екіұдай оймен қарағанымыз рас. Оның үстіне қазақ тілінің жағдайы Қазақстанның өзінде жамау-жамау. Әлі маңдайы жарылып, бағы ашыла қойған жоқ. Мінберді қойып, есіктерді имене қағып, төменшіктеп күн кешіп келеді. Біз Дидар Айдарұлымен сұхбат барысында осы мәселені де сұрадық. Сондай-ақ қазақ тілін шетелде оқытудың ерекшеліктері және ұлт тілінің болашағы туралы, жас ғалымның Оксфорд университетіндегі күнделікті өмірі жайлы әңгімелестік.
– Дидар, ең алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қазақ тілін Оксфордта оқытатын ұстаз болу жолы қалай басталды?
– Мен Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Қарашоқы ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым кең даланың төсінде, ауыл өмірінің табиғи қарапайым ортасында өтті. Оксфордқа жол мен үшін үлкен жауапкершілік пен сенімнің нәтижесі болды. Артымда мемлекет пен ғылымды, мәдениетті қолдайтын идеяторлар тұр: мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және Оксфорд университеті мен «Бірсөз» бастамасының басшысы Лейла Наджафзада. Осы адамдардың қолдауының арқасында қазақ тілі алғаш рет Оксфордта пилоттық жоба ретінде оқытыла бастады. Мен бұл университетте қазақ тілін үйретіп жатқан алғашқы оқытушымын, бұл атақ мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік.
– Не себепті лингвистикаға қызықтың? Бізде әдетте университетті бітірген соң көптеген жас маман оқытушылық жолды таңдайды немесе журналист болады. Өйткені көбісі ғылымды ауыр әрі ақшасы аз сала деп ойлайды.
– Менің тілге деген қызығушылығым балалық шағымнан, үйде тұрған газет-журналдарды оқудан басталды. Кейін өзім сол газет-журналдың стилінде (көсемсөз стилі) қызығатын тақырыптарыма сай мақала жаза бастадым. Кейін журнал беттерінен Мұқағалидің жырларын оқып, жаттауды әдетке айналдырдым. Мектепте оқып жүрген кезімде Мұқағалидың жыр мүшәйраларынан қалмайтынмын. Тіпті өзінің туған жері Қарасазға дейін шақырту алып, сол ауылда туып өскен оқушылармен өлең оқып жарысатынмын. Өлең-жырға деген қызығушылықтан кейін сол жырдағы сөздің мәнін, әр дыбыстың, астарында үлкен тарих пен мәдениет жатқанын ерте түсіне бастадым. Мектепте жүргенде-ақ қазақ тілінің құрылымына, дыбыстардың табиғатына ерекше назар аударып, өзіме сұрақтар қоя беретінмін. Университетке түскенде бұл қызығушылық тереңдей түсті. Ғылым жолына келуімнің басты себебі де осы еді: күрмеуі шешілмеген сұрақтарыма жауап алу, тілді тереңінен зерттеу.
– Оксфордта қазақ тілін оқыту идеясы қалай пайда болды, бұл бізге не береді? Жоба қанша уақытқа жалғасады? Мұны сұрап отырған себебім, кейбір жобалар басталады да аяқсыз қалып жатады.
– Оксфордта қазақ тілін оқыту бастамасы жеке идеядан емес, бірнеше институционалдық деңгейдегі келісімдер мен қолдаудың нәтижесінде жүзеге асты. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, сондай-ақ Оксфорд университеті «Бірсөз» бастамасының директоры Лейла Наджафзада тарапынан қазақ тілін әлемдік академиялық ортада таныту және халықаралық ғылыми бағдарламаларға енгізу мәселесі көтерілді. Осы кездесулер мен келісімдер нәтижесінде Оксфорд университетінде қазақ тілін пилоттық зерттеу жобасы негізінде оқыту туралы шешім қабылданып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Бұл жоба қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық аудиторияға жүйелі әрі заманауи әдістемемен ұсынылуына мүмкіндік береді. Қазір бағдарлама пилоттық кезеңде болғанымен, оның тұрақты курсқа айналу мүмкіндігі жоғары.
– Оксфордтағы алғашқы күніңіз есіңізде ме?
– Иә, ол күн әлі күнге дейін көз алдымда. Таңертең аудиторияға кіріп, есік алдында ілінген сабақ кестесінен өз атымның тұсынан «Kazakh Language Lecturer» деген жазуды көрген сәтте жүрегім дүрсілдеп кетті. Сол сәтте өз өмір жолымдағы емес, тұтас ұлттың тарихындағы бір кішкентай, бірақ мәнді бетбұрыстың куәсі болғандай әсерде болдым. Сол кезде ішімнен: «Қазақ тіліне деген осындай ықылас барда, біздің тілдің болашағы зор!» деп ойладым.
– Оксфорд студенттері қазақ тіліне қаншалықты қызығады?
– Қызығушылық өте жоғары. Қазақ тіліне келетіндер кездейсоқ студенттер емес, көбі – Орта Азия тарихы, түркі өркениеті, көшпенді мәдениеті, тілдер байланысы сияқты тақырыптармен айналысатын зерттеушілер. Олар үшін қазақ тілі – тек тіл емес, тұтас мәдени код. Кейбірі қазақ тілін «түркі тілдерінің ішіндегі ең әуезді, поэтикалық тілдердің бірі» деп бағалайды. Мұндай пікірлерді естігенде ерекше қуанып қаласың.
– Сабақ барысында студенттерге қазақ мәдениетін де таныстырасыз ба?
– Міндетті түрде. Қазақ тілін үйрету деген – тек грамматиканы, ережелерді үйрету емес. Әрбір сөздің астарында ғасырлар бойғы мәдениет, дәстүр, дүниетаным жатыр. Сол рухани тереңдікті түсінбей, тілді толық меңгеру мүмкін болмайды. Кейбір мәдени ұғымдар, мысалы, «шаңырақ», «кереге», сондай-ақ, «обал», «сауап» деген қазаққа ғана тән түсініктерді дәл жеткізу қиын. Өйткені бұл сөздер тек тілдік емес, рухани мағынаға да ие. Сол себепті әр сабақта қазақ мәдениетін де бірге түсіндіруге тырысамын.
– Қазақстан мен шетелдің білім жүйесін салыстырғанда қандай айырмашылық байқадыңыз?
– Екі жүйенің де өз артықшылығы бар. Шетелде студенттің жеке көзқарасын, пікірін еркін білдіру мәдениеті қалыптасқан. Сондай-ақ студенттер өзара тәуелсіз. Ешқашан бір-бірінен емтихан жауаптарын көшірмейді, сұрамайды. Кез келген сұрақтың жауабын өзі табуға тырысады. Ал Қазақстанда теориялық-қолданбалы білімдердің ара-жігі берік. Ең тиімдісі – осы екі жүйенің ең жақсы тұстарын үйлестіру.
– Қазір сіз қандай ғылыми-зерттеу жүргізіп жатырсыз?
– Қазір мен қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру жолында зерттеу жүргізіп келемін. Болашақта қазақ тілін цифрлық форматта дамытуға бағытталған зерттеу жұмыстарын жалғастырғым келеді. Мақсатым – қазақ тілін әлемдік онлайн-білім кеңістігіне енгізу. Арнайы интерактивті платформа, бейнесабақтар, қолданбалы тренингтер жүйесін жасап, кез келген адамға қазақ тілін өз бетімен үйренуге мүмкіндік бергім келеді. Бұл тек тіл үйрету емес, ұлттық брендті қалыптастыру жолы.
– Оксфорд кітапханасында қазақ тілі мен ғылымына қатысты еңбектер бар ма?
– Байтұрсынұлы, Кеңесбаев, Ысқақов сынды тіл білімі классиктерінің еңбектерімен қатар, кітапхананың сирек қорында біраз көне әдеби жәдігерлер де сақталған. Бірақ, өкінішке қарай, олардың саны аз. Сондықтан мен де сол қорларды толықтыру бағытында ұсыныстар беріп, қазақ тіліндегі еңбектерді кітапханаға енгізуге атсалысып жүрмін.
– Қазақ тілін әлемге таныту жолында ең бастысы не деп ойлайсыз?
– Кейде қазақ тілін «күнделікті тұрмыс тілі» деп ғана қабылдайды. Бұл үлкен қателік. Қазақ тілі – ғылымның, өнердің, халықаралық қатынастың тілі. Ең бастысы – өз ісіңе сену. Ғылымға шынайы қызығушылықпен кіріссең, нәтиже міндетті түрде болады.
– Ауылда туып-өстім деп айтып қалдыңыз, Англияға, Лондонға бірден үйреніп кеттіңіз бе? Лондон туралы, оның жарқын, көлеңкелі тұстары жөнінде айтып беріңізші. Университетте бір күніңіз қалай өтеді?
– Иә, мен шағын ауылда өстім. Лондон, әрине, өте үлкен мегаполис, қарбаласы мен қарқыны бөлек. Бірақ Оксфорд университеті Оксфорд қаласында орналасқан. Бұл көлемі жағынан шағын, өте тыныш, бар болмысы білімге арналған қала.
Шамамен 150 мыңға жуық тұрғын бар осындай шағын қалада 100-ден астам кітапхана, 39 колледж бар. Қай көшеге барсаңыз да, ғылым мен білімнің аурасы аңқып тұрады. Әр ғимарат, әр аудитория – зерттеу мен білімге толы кеңістік. Сондықтан маған Оксфордқа үйрену қиын болған жоқ. Керісінше, тыныш әрі академиялық атмосфера маған бірден таныс тәрізді көрініп, тез бейімделіп кеттім.
– Оксфорд туралы тарқатып айтып беріңізші, мысалы, ондағы адамдар, мәдениеттер жөнінде, күнделікті өміріңіз қалай өтеді, не сездіңіз, не түйдіңіз?
– Қазір Оксфордта тұрамын. Бұл білім-ғылымның рухани ортасы, мықты қала. Мұндағы адамдар бір-бірінің шекарасын, жеке өмірін қатты құрметтейді, тәуелсіз болуға тырысады. Студенттер емтиханда өз сұрағының жауабын білмей тұрса, жанындағы студенттен ешқашан сұрамайды, сұрақтың жауабын қайтсе де өзі табуға тырысады. Көпұлтты ортада жұмыс істей жүріп, әр мәдениеттің өзіндік әуені бар екенін сезіндім. Бірақ қай жерде жүрсем де, қазақы қасиеттер: қарапайымдылықты, қонақжайлықты, үлкенге құрмет көрсетуді ешқашан ұмытпаймын. Қазаққа ғана тән ұят болады, обал болады, сауап болады дейтін категорияларды да ұстанып жүремін, мұны ағылшын аудиториясы түсіне бермейді, бұл түркі халықтарына ғана тән ерекше категориялар.
– Бізде әдетте өзге тілде сөйлеу үлкен мәдениеттіліктің, білімділіктің өлшемі секілді көрінеді. Англияда қандай, олар өз ана тілін қаншалықты құрмет тұтады?
– Қазір әлемде ағылшын тілі білім мен ғылымның тіліне айналған соң, «бүкіл адамзат сол тілде сөйлеуге тиіс» деген бір түсінік қалыптасқан. Бірақ Англияның өзі бұлай ойламайды. Олар үшін ана тілін құрметтеу – ең қарапайым, қалыпты әрі күнделікті нәрсе тәрізді. Өз тілінде сөйлеу үшін ешкім өзін ерекше санамайды, бұл олардың күнделікті тұрмысы.
Сонымен бірге олар өзге тілдерге де өте ашық. Қазақ тілін үйреніп жүрген студенттеріме қарасам, олар тілді пән ретінде ғана емес, халықтың жүрегіне апарар жол, мәдениетті танудың кілті деп көреді.
– Сіздің ана тіліңізді Оксфорд студенттері қызығып үйренеді, сіз де оларға бар ынтаңызбен үйретуге күш саласыз, дегенмен сіздің еліңізде тіл тағдыры үнемі талқыға түседі, қарапайым мектепті қазақ тілінде аштыру үшін ата-аналар күресуге мәжбүр. Осындай кезде бойыңызды қандай сезімдер билейді?
– Әрине, бір жағынан, шетелде қазақ тілін үлкен қызығушылықпен үйреніп жүрген студенттер бар, екінші жағынан, өз елімізде қазақ мектебін ашу үшін күрес жүріп жатқаны көңілге қаяу. Бірақ бұл жағдай мені, керісінше, жігерлендіреді, қазақ тілінің беделі мен болашағы үшін нақты әрекет жасау керек деген ойды күшейтеді. Тіл – ұлттың өзегі, оны дамытып, қорғау – тіл иелмендерінің ортақ парызы.
– Қазақ қоғамы қазақ тілінде сөйлеу үшін не істеуіміз тиіс деп ойлайсыз?
– Қазір қоғамда бір қызық құбылыс байқалып жүр: «қазақша сөйле!» деп ұрандатқан сайын, кейбір адамдарда тілден қорқу, жалтақтау, тіпті қазақ тілін «құбыжық» етіп көрсету тенденциясы пайда бола бастады. Тілді талап пен қысыммен емес, мәдениетпен, жылы орта құрумен дамыту керек.
Біріншіден, тілге деген көзқарасты түзеу қажет. Қазақ тілі біреуді сынайтын құрал емес, біреуді ұялтатын тетік емес, бұл халықтың жүрегі. Тілді ұранмен емес, үлгімен дамытамыз. «Міндетсің» деген сөз ешкімді үйретпейді, ал «кел, бірге сөйлесейік» деген мәдениетті ұстаным тілге жол ашады.
Екіншіден, қазақ тілін күнделікті өмірдің өзіне айналдыру қажет. Тіл тек кабинетте емес, көшеде, кафеде, жұмыста, ғылымда, технологияда, сервисте қолданылуы керек. Қазақша қызмет көрсететін орталар көбейсе, адамдарға тіл табиғи түрде сіңеді.
Үшіншіден, балалар мен жастарға қазақ тілін ереже жаттату арқылы емес, өмірмен байланыстыра үйрету керек. Қазақ тілінде қызық контент, ойын, анимация, видеоблог, комикс, ғылыми ролик көп болса, олар тілді өзі-ақ қабылдайды.
Төртіншіден, қазақ тілінің заманауи салаларда дамуы аса маңызды. Ғылым, бизнес, медицина, IT материалдары қазақша болуы тиіс. Егер жас маман өз саласы туралы ақпаратты тек ағылшын тілінде тапса, онда қазақ тілі сол салада тіршілік етіп жатқан жоқ деген сөз. Сондықтан сапалы қазақша ғылыми және кәсіби контент жасау стратегиялық міндет.
Бесіншіден, әрбір азамат тілге жеке жауапкершілікпен қарауы керек. Бір постты қазақша жазу, бір терминді қазақша қолдану, бір видеоны қазақша түсіру – тілге қосылған үлкен үлес.
Тілді тірі ететін нәрсе – күнделікті қолданыс. Сол қолданысты жасайтын тек өзіміз.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Арнайы зерттеп жүрген ғылыми тақырыптарыңыз бар ма?
– Алдағы жоспарым – осы жобаны аяғына дейін жеткізу, қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың әдістемесін жетілдіру, академиялық еңбектер жариялау, қазақ тілін шетелдік университеттерге жүйелі түрде енгізу.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
– Сізге де алғыс. Қазақстанға дұғай-дұғай сәлем!
Сұхбаттасқан
Жангүл Есениязова