Диджитал майданындағы саяси текетірес

2020 жылдан бері АҚШ билігі қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok қосымшасын ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін платформа ретінде қарастырып, оған тыйым салуды бірнеше рет ұсынып келді.
Бұл бастама Дональд Трамптың президенттігі кезінде басталып, қосымшаның америкалық бөлімшесін сату немесе жабу туралы талаптар қойылған. Алайда Джо Байден әкімшілігі бұл мәселені қайта қарауға жіберіп, тергеулер жүргізгенімен, TikTok-тың АҚШ нарығындағы жұмысыншектей қойған жоқ. Енді билікті қайта қолға алған Трамп өзі қойған талаптың орындалуы үшін платформаны жергілікті компанияға сату немесе түбегейлі жабу туралы шешімге 75 күнмұрсат беріп отыр.
Жалпы қытайлық компанияға қарасты TikTok әлеуметтік желісі 2016 жылы жарыққа шығып, 2018 жылы АҚШ-тағы ең көп жүктелген қосымшаға айналды. Ал 2022 жылы платформаның қолданушылары әлем бойынша 3 млрд-қа жетті. Қазіргі таңда Tiktok-тағы жеке мәліметтерге бақылау жүргізілетініне қатысты ешқандай дәлелдің жоқтығына қарамастан, көптеген мемлекеттер сервисті өз аумақтарында шектеуге көшті. Оның ішінде Еуропалық Одақ елдері, Канада, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты батыс елдерінен бөлек, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан да бар.
Cарапшылар бұл әрекеттер ұлттық қауіпсіздік мәселесінен бөлек цифрлық бастамалардың геосаяси ықпалы бар құралдарға айналып бара жатқанын көрсетеді дейді. Әсіресе АҚШ пен Қытай арасында дамушы елдердегі нарыққа бағытталған желілер мен жүйелер үшін цифрлық соғыс қыза түскенін айтады. Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері, Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман өзінің The Digital Silk Road: China's Quest To Wire The World and Win The Future атты кітабында екі елдің болашақ желілерді бақылауға алу үшін күресіп жатқанын және «соғыстың» бірінші кезеңі дамыған елдерді қамтыса, алда нағыз күрестің дамушы елдерде өрбитінін айтады.
Жақында жарыққа шығып, ЖИ саласында алпауыттарды жүрісінен жаңылдырған қытайлық Deep Seek те осы жайды аңғартады. Іске қосылғаннан кейінгі бірнеше апта ішінде Deep Seek App Store және Google Play платформаларында 1 миллионнан астам рет жүктеліп, ChatGPT-ді басып озып, 2025 жылдың 27 қаңтарында АҚШ-тың Apple App Store дүкеніндегі ең үздік тегін қосымшаға айналды. Қарт құрлықтың жаңа президенті Дональд Трамп Американың қор нарығын 1 трлн долларға құлдыратқан қытайлық DeepSeek чатботының іске қосылуын америкалық технологиялық индустрия үшін «ояту қоңырауы» деп атады.
Алайда көптеген халықаралық басылымдар чатботты Қытай пропагандасын қолдайды, Қытай үкіметінің көзқарасы бойынша жұмыс жасайды деп айыптауда. Бұған дәлел ретінде ЖИ-дің Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагерьлері, мұсылман халықтарының жағдайы, Тяньаньмэнь қырғыны, Таиваньның саяси мәртебесі туралы сауалдарға Қытай Коммунистік партиясының ресми ұстанымын қайталап, ал аралды «Қытайдың ажырамас бөлігі» деп сипаттаған. Тіпті кейбір өздеріне «қолайсыз» тақырыптарға келгенде жауап беруден бас тартқан.
Енді осы тұста Жасанды интеллекттер саяси идеология мен манипуляция құралына айналып бара ма деген сауал туындайды.
Қазірдің өзінде бірқатар ел қосымшаның пайдаланушы деректерін жинау және сақтау тәжірибесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, деректердің Қытайдағы серверлерде сақталуына байланысты өз елдерінде шектеп үлгерді. Израильдік ақпараттық қауіпсіздік сарапшысыМоше Халеви сервис егер бақылаусыз қалса, жалған ақпарат тарату науқандарын қолдауға, қоғамдық сенімділікті төмендетуге, авторитарлық көзқарастарды нығайтуға ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Ал IT сарапшы Рымбек Ізғали бұл тұрғыда әркім өз мүддесін күйттеп жүргенін айтады.
– Ақпаратқа қатысты нәрсенің бәрі мемлекеттік мүдде. Ал геосаясат – менің түсінігімде, басқа елдің ішкі ісіне әртүрлі құралдар мен тәсілдер арқылы араласу. Бұл жерде мемлекеттік мүддені қорғау деген пайым дұрысырақ сияқты. Әрине, Deep Seek-тің басталмай жатып кейбір қарапайым сұрақтарға Қытай мүддесіне қарай бейімделуі – әртүрлі ойға жетелейді. Дегенмен ақпараттық қауіпсіздік – тек Қытайдың бас қатыратын мәселесі емес. Мен өзім конспирологиядан аулақпын, дегенмен ChatGPT-ді де «періште» сервис деп атай алмаймын. Тек өз мүддесін қорғау әр елде өзіне тән технологиямен жүзеге асырылады. Қытай, Ресей сияқты елдердің қарабайыр әдістері, мүмкін сырт көзге күлкілі көрінгенмен, өзін демократия санайтын, АҚШ не Еуропа елдерінің де жеме-жемге келгенде кейбір істерін ақтап алуға келмейді. Сондықтан бұл сұраққа әркім өз мүддесін өзінше қорғайды деген пайыммен жауап бергім келеді, – дейді Рымбек Ізғали.
АҚШ Қытайдың деректерді жинау тәжірибесіне қарсы шыққанымен, ұлттық қауіпсіздік заңдары бойынша өзі де пайдаланушылардың жеке мәліметтеріне қол жеткізе алады. Сол сияқты, Еуропалық Одақ та ЖИ-генерациялаған контентке шектеулер қоюды көздейтін заңдарды енгізуде. Бұл үрдіс әлем бойынша үкіметтердің цифрлық платформаларды бақылауға ұмтылатынын көрсетеді.
Цифрлық құралдар мемлекеттердің геосаяси ойын жүргізетін жаңа майдан алаңына айналуы бәрінен бұрын ақпараттық тұтастыққа зиян тигізеді. Себебі мемлекеттер қарқынды дамып келе жатқан ЖИ сияқты ақпараттық құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы өзі қалаған көзқарасты дәріптейтін ақпараттық кеңістікті құруға қауқарлы. Осы арқылы державалар ақпарат ауқымындағы ықпалын арттыруға мүдделі екенін көрсетіп отыр.
Жылдар бойы Қытай интернетті қатаң реттеп, Google, Facebook, Twitter сияқты шетелдік платформаларды Ұлы Қытай брандмауэрі арқылы бұғаттап келді. Оның орнына отандық баламаларын – WeChat (мессенджер), Baidu (іздеу жүйесі) және енді DeepSeek (ChatGPT-ге балама) секілді платформаларды алға тартуда. Бұл платформалар мемлекеттік риториканы нығайтып, Бейжіңнің ақпаратты бақылауына мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар Қытай елі ЖИ-дің мазмұнын қатаң реттеуді де қолға алған. Қытайда қолданылатын кез келген ірі ЖИ үлгісі цензуралық заңдарға сәйкес келуі керек, бұл ел үкіметінің саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған әрекеті ретінде қарастырылғанымен, сыншылар мұны пікір еркіндігін шектеу деп санайды. Ал Батыс елдерінің қытайлық серверлерді бұғаттауын қауіпсіздік мәселесінен бөлек, оның цифрлық ықпалын әлсіретуге бағытталған стратегия ретінде бағалауға болады.
Осылайша, мемлекеттердің цифрлық қызметтерге ұлттық шектеулер енгізуі аймақтарда дербес цифрлық экожүйелерді қалыптастырып келеді. Бұған байланысты Колумбия университетінің профессоры Эли Ноам «Сплинтернет» терминін ұсынған. Ол ғаламдық интернеттің саяси, экономикалық немесе технологиялық себептерге байланысты бірнеше аймақтық немесе ұлттық жүйелерге ыдырауын білдіреді. Қазіргі Ресей және Иран сияқты елдердегі жағдай, АҚШ пен Қытай арасындағы қырғиқабақтың нәтижесі де осыған меңзейді.
Қазақстанға қалай әсер етпек?
Әлемдік ғаламтордың геосаяси блоктарға бөлінуі Қазақстан сияқты бейтарап ұстанымдағы дамушы елдерді екіұдай жағдайда қалдырып, IT-инфрақұрылымда екі жақты стандарттарға бейімделуге мәжбүрлейді. Сонымен қатар белгілі бір елдің цифрлық шектеулеріне ұшырауға, келесі бір елге цифрлық тұрғыда тәуелді болуға алып келуі мүмкін.
Жақыннан бері TikTok-ты Қазақстанда шектеу туралы айтыла бастады. IT сарапшы Рымбек Ізғали «тыйым шешім емес» дейді. Маманның сөзінше, адамдар мұндай шектеулерден басқалай жол тауып, сытылып кетуі мүмкін.
– Көбі білмес, қазір TikTok сервисі айналамыздағы елдердің ішінде тек Қазақстанда ғана жұмыс істеп тұр, көп елде шектеулер мен тыйымдар бар. Тіпті Ауғанстан, Сомали сияқты елдерде бұл сервиске тыйым салынған. Бүгінде пирингтік желі, VPN, прокси және басқа да технологиялар кеңістіктің оқшаулануына жол бермес. Бұл – нонсенс. Ал тыйымдарға келер болсақ, кейде артық қыламын деп, тыртық қылып алу қаупі бар. Тыйым – шешім емес. Әйтпесе адамзат неше түрлі шектеулер мен тыйымдарды көрді. Сондықтан бұл жерде баланс іздеу, табу және оны қолдану өте маңызды, – дейді Р.Ізғали.
Осы тұста тағы бір мәселе алдымыздан шығады. Ол мемлекеттің цифрлық тәуелсіздікке жетуі. Алайда IT сарапшы Азат Жанқожа мұныңда жолы қиыр, әрі қиын екенін айтады. Себебі бұған қыруар қаржы қажет.
– Жасанды интеллект дамуы өзімен бірге кибершабуылдардың ақылды түрлерін алып келеді. Болашақта кибершабуылдардың зардабы көбірек болады деген болжамым бар, сондықтан киберқауіпсіздік саласына көңіл бөлетін уақыт келді. Технология – үлкен күш. Оны алпауыттар жақсы түсінеді, үлкен деректерді талдау арқылы көптеген мәліметтерге қол жеткізуге болады. Ал киберқауіпсіздік қазір өзекті тақырып, цифрлық тәуелсіздікке жетуге де үлкен күш керек. Қарапайым түрде айтқанда, біз елімізді Google, Microsoft, Meta өнімдерінсіз елестете аламыз ба? Барлығы ойлайды, неге бізде әлеуметтік желілердің, Google, Yandex секілді іздеу жүйелерінің, OpenAI, DeepSeek секілді генеративті чатботтардың жеке аналогы жоқ деп. Себебі ІТ жобалары үлкен қаржыны талап етеді. Мысалы, OpenAI басқа шығындарын айтпағанда, тек электр энергиясына кішігірім қаланың энергиясын тұтынады. Сонымен қатар үлкен тәуекелді қажет ететіндіктен ІТ жобаларға ақша құятын инвесторлар да жоқтың қасы. Сондықтан әзірге толықтай цифрлық тәуелсіздікке жету қиын болғанымен, ұмтылысымызды тоқтатпауымыз қажет. Киберқауіпсіздік, Бұлтты технологиялар, ЖИ секілді негізгі салаларға шұғыл көңіл аударып, мамандар дайындау қажет. Кем дегенде әрқайсымыз киберқауіпсіздікті базалық түрде білуіміз қажет, – дейді А.Жанқожа.
TikTok-ты Қазақстанда шектеу туралы бастама талқыланғанда депутаттардың сауалына вице-премьер Роман Скляр «халықаралық тәжірибені зерттеп, платформаны ұлттық ерекшеліктеріміз бен қажеттіліктерімізге бейімдеп жатырмыз» деп жауап берген еді. Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «платформаны мәдениет және ақпарат министрлігі үнемі қадағалап отырса, несі айып» деп, мәселені әріптестеріне ысырғандай болған. Артынша «америкалық Meta-мен де, қытайлық TikTok-пен де кездесу жасап, платформалардың Қазақстандағы өз өкілдерін тағайындауды міндеттедім, бұл – цифрлық кеңістіктегі контентті бақылауды күшейту бағытындағы маңызды қадам» деді. Бірақ көп екпін платформалардағы контенттің мазмұнына қойылғанымен, мәселенің ақпараттық тәуелсіздік пен деректердің қауіпсіздігінде жатқаны тағы да назардан тыс қалған секілді.
Қосқанат Бауыржан