Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:08, 29 Қаңтар 2021

Димаш орындаған «Самал тау» кімнің әні?

None
None

Дүние дидарындағы Димаш АҚШ президентін ұлықтау апталығында «Самал тау» әнін орындап, бүкіл әлемді тәнті етті.

Димаш «Самал тауды» бұрын да орындаған болатын. Айтайын дегеніміз, «Самал тауды» біздің жұрт әлі күнге дейін халық әні деп келеді. Алайда бұл әнді атақты әнші Сапалай Исатаевтың әні дейтіндер бар. Шынында, солай ма? «Самал таудың» әні мен сөзі кімдікі? Жалпы, «Самал тау» атауының өзі нені білдіреді? Қазақ жерінде Самал тау деген тау бар ма, болса қайда? Осы сұрақтар төңірегінде ой қорытып көрдік.

САМАЛ ТАУ ДЕГЕН НЕ?

«Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып көрген күнім,

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім».

       Осындағы Самал тау деген не? Қазақта бар тау ма, әлде ел аузындағы сакралды тіркес пе? Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай azattyq.org сайтына берген пікірінде «Әннің мәтініне, айтылу ерекшелігіне қарап Арқа жақта туған ән екенін байқауға болады. Бірақ қанша ізденгеніммен, әнде айтылатын Самал тау деген жерді таппадым. Жердің де аты ұмытылып кеткен болу керек» депті. Біз Самал таудың атауына қатысты сауалды белгілі композитор, қазақ әнінің қалың орманын шарлаған Илья Жақановқа қойдық. Композитор Самал тауды Жаңаарқадағы тау болуы мүмкін деген пікір айтты. «Жаңаарқада шоқы таулар көп. Қулы, Мұңлы, Тарсатыр, Тоқты, Толағай, Көнек деген таулар бар. Самал тауды қазіргі Жеңіс ауылымен көршілес, Жезқазған жағындағы тау дейтіндер бар», – дейді Илья Жақанов.

         Арқаның арғы-бергі тарихын жақсы білетін өлкетанушы, сексеннің сеңгіріне шыққан Жақсыбай Сүлейменовке осы сауалды қойғанымызда ақсақал «Самал тау деп жүргеніміз – қазіргі Қаратау» деген пікірге тоқталды. «Қазір жердің атауын оңай ауыстыратын болды. Самал тау деп жүргеніміз – қазіргі Талас ауданының орталығы Қаратау. Одан бұрын Шолақтау болған. Қаратаудың ескі аты – Самал тау. Қаратаудың жері самалды, салқын болып келеді. Сондықтан оны «Самал тау» деп атап кеткен», – дейді ақсақал.

       Рас, Самал тау атауы жердің салқын, самал есіп тұратынымен тікелей байланысты секілді. Бұған қатысты әннің алғашқы орындаушысы, белгілі әнші Бекболат Тілеуханның да ойын білдік. «Бұл тақырыпты мен қарастырғанмын. Самал тау деген нақты таудың аты жоқ. Біздің жақта аса биік емес, жатаған таулардың арасынан самал жақсы соғады. Арқаның ұсақ шоқыларын жалпақ тау, самал тау дейді. Самал тау атауы содан шыққан болуы керек», – дейді Бекболат Тілеухан.

       Бізбен әңгімесінде фольклортанушы Берік Жүсіп те Самал тау жер атауы емес деп нақтылады. «Кейінгі орындаушы-айтушылар тарапынан әнге желімдей жабысқан, әуелде бас әріппен жазылуға тиіс емес «самал тау» – жер атауы емес, әндегі типтендірілген бейненің «самал таулы, шалқар көлді қайран елі» еді ғой. Міне, мәтінтанудан кеткен елеусіз ғана қателік бұл күнде елдің аузындағы елеулі мәселеге ұласып отыр. Иә, оның алғашқы орындаушысы – Бекболат Тілеухан, әнді әлемге әйгілі еткен – Димаш Құдайберген. Бірақ кілтипан онда емес, мүлдем басқада. Жалпы, Сапалайдан қалған «Самал тау» (шартты атау), «Мұхида-Шайбан», «Екі айна», «Сәулем-ай» сияқты әндердің айтылып, зерттеушілер тарапынан хатқа түсірілген жері Арқа-Сарысу аймақтары. Сол үшін де әнге және оның тарихына қатысты барлық ақиқатты осы өңірлерден іздеу шарт», – дейді Берік Жүсіпов.

                         САМАЛ ТАУ МА, САРЫАРҚА МА?

      Мақаланы жазу барысында Самал тау деп жүргеніміз Сарыарқа емес пе екен деген де ой келді. 1918 жылы жарыққа шыққан «Абай» журналының №7 санында Жүсіпбек Аймауытовтың «Ғаскер өлеңі» деген жыры жарияланған.

«Арғы атам – ер түрік,

Біз – қазақ еліміз.

Самал тау, шалқар көл,

Сарыарқа – жеріміз.

Сай сайлап, мал айдап,

Сайрандап, ен жайлап,

Ерке өскен Арқаның,

Еркесі, серіміз», – деп басталатын бұл рухты жырды бүгінде жігіттер Алаш ұраны деп айтып жүр. Жүсіпбек Аймауытов «Самал тау, шалқар көл, Сарыарқа – жеріміз» деп жырлап отыр. Соған қарағанда Самал тауымыз Сарыарқа емес пе екен?

      Бұл ойымызды қуаттай түсетін тағы бір мысал бар. 1940 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекет баспасынан шыққан «1916 жыл» деген әдебиеттер жинағы шыққан. Жинақта негізінен 1916 жылғы патша жарлығына қарсы жазылған өлең-жырлар жинақталған. Осы кітапта Нармамбет ақынның «Сары арқа» деген өлеңі басылыпты.

«Сары арқа – сайран жерім-ай,

Салқын да самал белім-ай.

Сандықтай тауың тізілген,

Өлкелі өзен, көлім-ай», – дейді Нармамбет. Ақын Сарыарқаны самалды жерге теңейді.

«Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,Қоналқы мекен болған сан ғасырға.Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен,Лебімен алар тартып, шықсаң қырға».

        Қасым Аманжоловтың «Сарыарқа» өлеңінде де осындай жайт. Қасымның да Сарыарқаның самал жайлауын жырға қосуы бекер емес шығар?!

                          БҰЛ ҚАЙ КЕЗДЕ ШЫҚҚАН ӘН?

«Әке-шешем бар еді,

Жасы жеткен кәрі еді.

Осынау әнге салдырған,

Он алтының зары еді...» 

     Әлбетте, «Самал таудың» «он алтының зары» екенінде дау жоқ. 1916 жылдың 25 маусымында патша жарлығы шығып, 19 бен 43 жас аралығындағы жігіттерді майданға ала бастады. Бұл сол шақта туған ән делінеді. Жоғарыда мысалға келтірілген «1916 жыл» кітабында осыған ұқсас өлеңдер өте көп.

       Кітапта «Қазіргі Қарқаралы ауданы, бұрынғы Қарқаралы үйезіне қараған Берікқара болысы 1-ауылының адамы Асқар деген ақын жігіттің приомға барғанда үй ішімен қоштасқан, жаңа окопқа барған жерінде жазған өлеңі» жарияланған.

«Қалғаның ба артымда, қайран елім?

Кір жуып, кіндігімді кескен жерім!

Шыдай алмай патшаның қорлығына,

Көкіректе қайнайды қайғы-шерім», – деп жырлайды Асқар.

Енді «Самал тауды» оқиық:

«Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып көрген күнім,

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім».

      Ұқсап тұр ма? Соған қарағанда «Самал тау» осы секілді ел аузындағы жырлардың жиынтығы емес пе екен деген ой туады. Мұндай ой Жақсыбай Сүлейменовпен әңгімелескен кезде туындады. Ақсақал бізбен әңгімесінде «Самал таудың» әні анық Сапалай Исатаевтыкі, бірақ сөзі Сәкен Сейфуллинмен бірге Ақмола облысында Совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан Байсейіт Әділовтің зары болуы мүмкін деген тосын ой айтты.

«Біздің жақта «Самал тау» Сапалайдың әні деп айтылады. Алайда Сапалай 1916 жылы майданға бармаған. Сондықтан әннің сөзі өзгеріске түскен болуы мүмкін. 1918 жылы Бәкен Серікбаев, Байсейіт Әділовтер қамауға алынып, Омбыға барған. Бұл – сол кезде Бәкен мен Байсейіттің елін, жерін сағынып, басына түскен мұңын айтып, жоқтаған зары», – дейді асқақал.

       Жазушы Өтен Ахмет әлеуметтік желідегі парақшасына қызық дерек қалдырды. Ол «Самал тауды» Жүсіпбек Аймауытовтың «Ғаскер өлеңімен» салыстыра келіп, әннің авторы Жүсіпбек болуы мүмкін деген пікір айтты. «Самал тау, қайран елім, шалқар көлім...» Жүсіпбек Аймауытовтың «Алаш маршының» бірінші шумағында да («Самал тау, шалқар көл, Сарыарқа – жеріміз») – осы сакралды тіркестер. Бұл кездейсоқтық па? Авторы белгісіз деп жүрген әнге де, ән сөзіне де Жүсіпбек Аймауытовтың қатысы жоқ па екен?» дей келе, «Кезінде саяси себеппен ақылды кісілер халықтыкі деп, авторларын әдейі жасырған болар. Қазір, шүкір, иелері табылып жатыр. Осы тұрғыдан «Самал тау» әні мен сөзіне Жүсіпбек Аймауытовтың қалайда бір қатысы бар-ау деген ой мені ауық-ауық мазалап қояды», – дейді Өтен Ахмет.

        Берік Жүсіпов те «Самал тау» әнінен Сапалай ғұмырбаянына негізделген жеке бастың уақиғасын емес, 1916 жылғы дүрбелеңнің тарихи аясын іздеу керек деген нақты пікір айтты. «Мәтінге зер салған адам үшінші жақтан, яғни ән кейіпкерінің атынан айтылған өскен ел, туған жерге деген сағынышты сезінеді. Бұл әннің бірнеше мәтін нұсқаларынан біздің малданып жүргеніміз, кейінгі құбылтудың (интерпретация) жемісі болуы бек мүмкін. Сөз жоқ, кейінгі нұсқа елеулі өзгерістерге түсіп, персонификацияланған. Осыдан келіп түрлі орындаушылық ерекшеліктерге орай, әнде тұрақты және тұрақсыз формулдар тізбегі түзілген. Мысалы, «Самал тау, қайран елім, шалқар көлім, / Не болар солдат болып көрген күнім? / Есіме қайта-қайта түсе бердің, / Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім» (Сапалай. «Самал тау») деген көпшілікке белгілі мәтінді «Сарыарқа, қаламысың өскен жерім, / Кір жуып, кіндігімді кескен жерім. / Бұрынғы қан төгісіп атам қонған, / Жеті жұрт бізден бұрын көшкен жерім» (Төлеу ақын, «Сарыарқаның сарыны») деген 1940 жылы жарық көрген мәтінмен, сондай-ақ Б.Момышұлының әңгімесінде ұшырасатын, Шу өңіріне тараған «Сарыарқа, ауаң салқын, көлің айдын...» деп басталатын, авторы аталмайтын ән мәтінімен салыстырса, көпшіліктің көзі мен көңілі көп жайтқа жете түсері анық. Ал әннің қайырмасында жағдайынан хабар-ошар берілетін кейіпкердің «Аттылы емес, жаяу екені… жүрісі жаяудан да баяу екені… он бес күндей жол жүргенде Омбы жаққа таяу екені» лирикалық кейіпкердің және орындаушының көңіл күйіне қарай өзгеріске түсе беретін, алайда уақыт, мезгіл, мекеннің өлшемі бола алмайтын деталь. Бұл жердегі негізгі түйін: мәтінде айтылатын әуелгі жер атауы – Сарыарқа, Самал тау емес. Жұрттың көңілін күпті етіп, жорғасынан жаңылдырып жүрген де осы түйткіл. Мәтін атаулының айнымалы, көпнұсқалы болуы халықтың ауыз әдебиетіне тән заңдылық. Ал ән иесі Сапалайдың өз дәуірінен ән оздырған әнші-сазгер болғанына айғақ көп», –  дейді Берік Жүсіпов.

              «САМАЛ ТАУДЫ» КІМДЕР ОРЫНДАДЫ?

       Бізбен әңгімесінде Илья Жақанов Сапалайдың трагедиясы, қайғы-қасіреті енді ашылып келе жатқанын айта келіп, «Самал тауды» Сапалай Исатайұлының әні деген тоқтамға келді. «Сапалайдың әндерін арнайы зерттеп жүрген ешкім жоқ. Қазір әркім өзінің руына, жеріне қарай тартатын болды. Бізде сондай жаман дерт бар. Мен қазақтың әнін зерттегенде өз топырағына өз әнін берген едім. Мұхтар Мағауин «Жұлдыз» журналына келгенде мені қолқалап, авторлық жұмыстарымды жүргізуге ықыласты болды. «Қазақтың халық әндерінің тарихын журналға басып отырайық. Соған ерекше көңіл бөліңізші» деді маған. Сөйтіп, осы жұмысқа кірісіп кеттім. Сапалайдың «Екеуің де ақсұңқар», «Сәулем-ай» әндері жайлы зерттеулерім жарыққа шықты. Сапалайды жазғанымда Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек, Мұхтар Мағауин, елдегі қариялар да ырза болып, көзіне жас алған болатын. Бұл әндерді 100 жастан асқан Жүкіш деген нағашы әжемнен жазып алған болатынмын. Даусы магнитофонда осы күнге дейін бар. Сол кезде Жаңаарқа ауданының «Карл Маркс», «Жеңіс» совхоздарының тұрғындары Исатай, Нұрмағамбет, Ибрагим деген ескілікті кісілер Сапалай жайлы айтып берді. Ибрагим Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін жатқа білетін, құймақұлақ адам еді. Бекболат Тілеуханның әкесі Қанай да өте жақсы адам еді. Бекболаттың нағашысының да көзін көрдім. Әңгімешіл, қауқылдаған кісі еді. Сол кісілерден Сапалайдың әншілік құдіреті жайлы естідім. Көкшетауда Үкілі Ыбырай қандай атақты болса, Жаңаарқада Сапалай сондай мәшһүр болды. Сапалай Ақан серімен талай кездескен, шәкіртіндей болған. Ақан серімен қазіргі Қорғалжын, Нұраның бойында кездескен. Сапалайдың әндерін бұрын Аллаберген Әйнеков, Қораластың Әбдірахманы деген әншілер орындады», – деген Илья Жақанов бізді жаңа деректерге қанық қалды.

        «Самал таудың» алғашқы орындаушылары жайлы Жақсыбай Сүлейменовтен де сұрадық. «Бұл әнді 90-жылдары Бекболат Тілеухан барша қазаққа танытты. Оған дейін Жаңаарқа ауданындағы Жеңіс, Түгіскен деген ауылда бұл әнді Қыстау, Әбдікәрім деген әншілер орындады. Солардың айтуымен радионың қорында сақталды. Байтақ Сейілов, Аманбай Сарымсақов деген әншілер де айтып отыратын. Осылардың ішінде Сапалайдың көзін көргені Әбдікәрім Әбдірайымов еді. 100 жасқа келіп қайтыс болды. Біз сол Әбдікәрімнің айтқаны бойынша естідік. Ол «Самал тауды» Сапалайдың әні деп айтатын. Маған әннің қазіргі иірімдері дұрыс емес секілді көрінеді. Өйткені «Самал тау» қазіргіден нәзік орындалатын. Әбдікәрім айтқан уақытта бөлектеу естілетін», – дейді Жақсыбай Сүлейменов.

       Әннің алғашқы орындаушысы Бекболат Тілеухан да «Самал тауды» кімнен үйренгенін, қай жақтың әні екенін айтып берді. «Бұл ән Қорғалжын, Нұра, Жаңаарқа маңайына тән. Осы жердегі біраз ақсақалдар «Самал тауды» бұрыннан айтатын. Бұл әнді мен әкем Қанайдан үйрендім. Әннің екінші шумағы аздап өзгерген. Әкемнен «Бұл кімнің әні?» деп сұрағанымда, «Білмеймін, 1916 жылы әскерге әкетіп бара жатқанда айтқан бір адамның зары екен» дейтін. Бірақ Сапалайдың әні деген сөзді айтқан жоқ. Бірақ кей адамдар оны Сапалайдың әні деп айтады. Бұл кішкентайымнан құлағыма сіңіп өскен ән. Жаңа әндер шығару керек болған кезде Ерік Асқаровтың аузынан «Шырмауықты», сосын әкемнің орындауындағы осы «Самал тауды» жарыққа шығардым. Осылайша әннің бағы жанды. Ал Сапалайдың әні екенін дәлелдеу үшін нақты теориялық негізін, стильдік спецификасын анықтайтын материал қажет. Ондай нақты дерек болмаса, «анау айтты, мынау дедімен» авторға телу ғылымға қиянат болады», – деді Бекболат Тілеухан.

       Берік Жүсіпов «Самал тауды» Сапалайға еншілеуден бас тартудың астарында біраз беймәлім дүниелер барын баса айтты. «1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің зарын шерткен осы қасіретті қоңыр әнді Сапалай Исатайұлына еншілеуден неге сонша үрке береміз? Сонда біздің көңілімізді көншітпей тұрғаны Сапалайдың биографиясы ма, әлде географиясы ма? Әулиеата жерінің көне тарихын бір кісідей білген халық батыры Бауыржан Момышұлының «Анаштың әңгімесі» деген шығармасында оның әкесі Исатай таманың белгілі биі, өзі орысша сауатты, замана көшіне ерте ілескен, көзі ашық жанның қатарында дәріптелетін. Сапалайға келгенде осыншама тарылуымыздың, әнді Шығыс Қазақстанның пентатоникалық әуендеріне қарай алып қашып, «Самал тау» деген жұмыр жердің бетіндегі жоқ атауды іздеп, сандал күйге түсе беруіміздің түпкі сыры неде? Талас ауданының 85 жылдық тарихына арналған «Талас – Сарысу» тарихи, танымдық, әдеби анықтамалықтың мәліметі бойынша, «… атақты әнші, сазгер 1930 жылы 25 мамырда ату жазасына кесіліпті». Е, жалған дүние-ай десеңші, ату жазасына іліккен арыстардың рухани қазынасына да күмән мен күдік араластырып, артында қалған екі-үш әнін күлбілтеге салатын күнге жеткізетінін Сапалай сияқты боздақтар, сірә, білді ме екен? Әй, қайдам, білмеген шығар-ау», – деді Берік Жүсіпов.

САПАЛАЙ МЕН СӘКЕН

       Сапалай Исатайұлын айтқан кезде Сәкенге соқпай кету мүмкін емес. Себебі Сапалайдың әншілік шеберлігіне бірден-бір тәнті болған адам – Сәкен Сейфуллин. Сәкеннің «Көкшетау» поэмасының кіріспесі «Еңбекші елдің ұлдары және ақын, жазушы, әншілері: Сәбит, Хамза, Әлкей, Елжас, Қайып, Мәжит, Ғабит, Құсайын, Мүсәйіп, Сапалай, Жұмабай, Өтебай, Сабыр, Қалмақан, Рақметжан, Бейімбет, Жұмақан – он жетіңе тартамын» деп басталады. Сапалай мен Сәкеннің аралас-құралас адамдар болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

      «Сапалай – Арқаға белгілі әнші, ақын болған адам. Ал Мүсәйіп қажыға барған, мұғалім болған. Сапалай мен Мүсәйіп – туысқан адам. Екеуі Сәкеннің шығармашылығына қатты әсер еткен.

«Сарғайдым жолыңа мен қарай-қарай,

Хабарсыз кеттің сәулем неге бұлай?

Жастықтың ауыртпалы толқынында,

Жүрмісің ойда қалып әлдеқалай», – деген жыр жолдары Сапалайдың ғажап ақын екенін де білдіретін сөздер емес пе? Ал Сәкен оны былайша құбылтады:

«Сен де мені сағынып жүр ме екенсің,

Я тіпті қасіреттен құр ма екенсің.

Сағынып мен тұнжырап отырғанда,

Әлде ойнап біреумен жүр ме екенсің».

Сапалайдың Сәкенге әсер еткенін осыдан-ақ байқауға болады», – дейді Жақсыбай қария.

«Қыздары біздің жақтың қара қасты,

Тісіне ұқсатарсың меруерт тасты.

Сымбатты, көркем бойлы тал шыбықтай,

Мамық төс, сұңғақ мойын, сүмбіл шашты», – деп келетін әні мен «Самал тау» екеуінің түбі ұқсас, туыстас. Бір-бірінен алды-алмады деп айтуға болмайды. Бірақ бір-біріне әсер еткен әндер», – дейді Бекболат Тілеухан.

       Илья Жақанов та Сапалайдың Сәкеннің өмірінде ерекше рөл атқарғанын атап өтті. «Тұрсынбек Кәкішев «Сәкен және музыка» хабарында Сәкеннің Әбікен Хасенов, Қасымжан Бабақов, Рабиға Есімжанованы «бұлар – менің филармониям, осылар маған жетіп жатыр» деген пікірін келтірген болатын. Сәкеннің Мәжит деген інісі Қазақстан жазушылар одағында қызмет істеді. Жазушыларға қаржылай көмек жасады. Сол Мәжит пен жұбайы Әмина Сапалайдың әншілігін тамсанып айтатын. «Сапалайдың көзі кеткен соң, бәрі құрыды» деп отыратын», – дейді композитор.

       Иә, Сапалай «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілгеннен кейін ол жайлы мәліметтің бәрі жоғалған секілді. Берік Жүсіпов Сапалай жайында қағазға түскен дерек аз екенін алға тартты. «Десе де, П.Дүйсенбин құрастырған «Үркердей болып көшкен жұрт» атты тарихи, танымдық, деректі кітапқа енген Абылай Шуланбаевтың мақаласындағы «… Сапалай кереметтей әнші, домбырашы… Оның әншілік шеберлігіне С.Сейфуллин де ерекше тәнті болған. Ал әні М.Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пьесасында Еңліктің әні ретінде пайдаланылған» деген деректің өзі көзі ашық адамға көп жайттан хабар беріп тұрған жоқ па?» – дейді. Оның Еңліктің әні деп тұрғаны – Сапалайдың «Сәулем-ай» әні. Бұл әннің бүгінгі күнге қалай жеткені жайлы Илья Жақанов толымды дерек келтірді.

      «Сапалай ерен әнші болды. Кезінде оның әндері халықтың аузында айтылып жатты. Бізге туысқан Мәуия деген ағамыз басқа ауылға ұзатылған апасына бара жатып, жолда бір бұлақтан еңкейіп су іше бергенде басына қан құйылып, қайтыс болған. 1926 жылы соған ас береді. Үлкен кісілер соны «Жаңаарқадағы ең соңғы ас болды» деп айтып отыратын. Сол аста Сапалай жастардың ортасында көп ән айтып жатқан екен. Үлкен кісілер «Сапалай бізге келсінші, бір ән салып берсінші» деп шақыртыпты. Сонда Сапалай осы «Сәулем-айды» шырқаған екен. «Сәулем-ай» мен «Самал тау» – бір адамның көкірегінен шыққан ән. Екі әннің стилі қатты ұқсайды. «Сәулем-ай» алғаш рет Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пьесасында орындалды. Ол әнді орындаған Еңлік рөлінде ойнаған Рабиға Есімжанова еді. Мұхтар Әуезов сонда Рабиғаға қатты риза болып: «Сені мені қатты қуанттың ғой. Ойда жоқта Еңлігімнің образын ашатын, жан-күйін дәл беретін әнді тауыпсың. Бұл әнді естіп риза болып отырмын. Бұл кімнің әні?» – дегенде, Рабиға: «Өзіміздің Жаңаарқаның даласында туған ән», – деген. «Қыз Жібек» операсына «Гәккудің» кіріп кеткені секілді «Сәулем-ай» да «Еңлік–Кебекке» кіріп, сақталып қалды. Сапалайдың көзі кеткеннен кейін аты да ұмытылып, әндері де халық әніне айналды», – дейді Илья Жақанов.

САПАЛАЙДЫҢ ӘНДЕРІ

        Сапалайдың «Самал таудан» бөлек, «Сәулем-ай», «Екеуің де ақсұңқар», «Мұхида-Шайбан», «Екі айна» секілді бірнеше әні бар. Илья Жақановтың айтуынша, осындағы «Екеуің де ақсұңқар» әнінің кейіпкерлері Көзей деген кісінің қыздары екен. «Сапалай сері адам болған. Көзейдің қыздары Айман мен Шолпан секілді сұлу болған екен. Соларға ғашық болып, осы әнді шығарғанда елдің ақсақалдары «Өзіңнің қарындастарың ғой, мынауың не сенің?» деп ұрсыпты. Сапалай ұсталғаннан кейін бұл ән де халық әніне айналды», – дейді композитор.

      Берік Жүсіпов «халық әні» дегенді ілкі шығарушысы ұмытылуы себепті ортақ атауға біріктіріліп, амалсыздан ойлап табылған шартты ұғым деп түсіндіреді. Ол «Самал тауға» сауатты мәтінтанымдық зерттеу жүргізілу керек деген пікірде. «Сонда елдің құлағын түріп, бітпес дауға ұласқан бұл далабаға мәңгілік нүкте қойылады. Мысалы, «Самал тау» мен «Мұхида-Шайбан» бір кісінің қолынан шыққан ән екенін дәлелдеу үшін асқан білім мен көп ақылдың қажеті шамалы. Екі қазақтың бірі ыңылдаса жетіп жатыр, көздің ағы мен қарасындай қос қоңыр ән сізді Сапалайдың сүрлеуіне жетектеп ала жөнеледі», – дейді Берік Жүсіпов.

       Жақсыбай Сүлейменов те бүгінде халық әніне айналған «Мұхида-Шайбанның» анық, талассыз Сапалайдың әні екенін айтады. «Әндегі Мұхида, Шайбан – болыстың екі қызы. Негізінде, олардың аттары Мағрипа, Шәрипа болған. Мұқият тыңдаған адам оның Сапалайдың әні екенін бірден түсінеді. «Дүние, өткенің бе, екі-ай келмей, Табаны тарлан боздың гулер желге-ай» деген сөздерінің өзі Сапалайдыкі екені даусыз. Сапалайдың Мағрипа мен Шәрипа кеткеннен кейін шығарған тағы бір әні – «Екі айна». Кейін Ақтамақ деген қызға үйленіп, «Ақтамақ» деген әнін шығарған», –  дейді Жақсыбай ақсақал.

САПАЛАЙ НЕ ҮШІН СОТТАЛДЫ?

        Сапалайдың істі болуына қатысты да ел ішінде түрлі әңгіме айтылады. Илья Жақанов мына бір деректі келтіреді. «Нәкенбай деген қарапайым шаруа кісі болды. Ол пошташы болып хат тасыған екен. Бір күні хат тасып келе жатып, бір хатты кімге берерін білмейді. Өзі сауатсыз адам, сыртындағы жазуын оқи алмайды. Сол уақытта алдынан Сапалай кезіге кетеді. Сосын: «Әй, Сапалай, мына хатты оқи алмай тұрмын, кімге берейін?» – дейді. Сапалай Үкілі Ыбырай сияқты мінезі тез адам болған екен. Апыл-ғұпыл хатты ашып жібереді де: «Бұл құпия хат екен, райкомға апарып беріңіз», – дейді. Сол құпия хатты ашты деген желеумен Сапалайды ұстап әкеткен», –  дейді Илья Жақанов.

       Ал Жақсыбай ақсақалдың айтуынша, Сапалай 1928-30 жылдары патша саясатына қарсы болғаны үшін ұсталыпты. «Сарысу ауданы құрылғанда Сапалай аз уақыт қойма меңгерушісі болған көрінеді. Кейін Созақ көтерілісін ұйымдастырғандар қатарынан табылған. Көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін қойманы өртеп жіберген. Көтеріліске қатысқаны бар, қойманы өртегені бар, ақырында ұсталып, айдалып кетті. Сапалайдың аты 60-70 жылдары ғана аталды. Оған дейін оның атын атауға ел қорықты», – дейді Жақсыбай Сүлейменов. Ақсақал Сапалай әндерінің халық әніне айналуын авторының «халық жауы» атанып, айдалып кетуімен байланыстырады.

       Архив деректері де ақсақалдың айтқанын растайды. Құжаттарда Сапалай Исатайұлының 1891 жылы Сарысу ауданының №4 ауылында өмірге келгені, 1930 жылдың 17 мамырында РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2 бабы (Кеңес Одағы аумағында қарулы көтеріліс ұйымдастыру, кеңес билігіне қарсы болу т.б.) бойынша сотталып, үштіктің шешімімен ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілгені жазылған.

        Алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітабында (Алматы, «Кітап» баспасы, 2019 жыл) Сапалай Исатайұлының қалай ұсталып, қалай өлгені жайлы нақты дерек берілген.

«ПП ОГПУ-дің КССР бойынша өкілдігі. Алматы қаласы. №6.

ОГПУ-дің Сырдария округтік бөлімшесі мынаны хабарлайды: ПП ОГПУ-дің орынбасары Алшанскийдің (дұрысы – Ольшанский) өкіміне сәйкес тұтқындалған:

Кеншімов Мәдібек,

Исатаев Сапалай,

Иманов Жантөре  17/ V-30 күні Арал теңізі арқылы екі күзетшімен ОГПУ-дің Қызылордадағы бастығының қарауына жіберілді.

      20/V күні алынған ПП ОГПУ-дің Кеншімов Мәдібекті ату туралы қаулысына орай, округтік бөлімшенің атына: тұтқындар тиісті жерге жеткен соң, үкімді орындау туралы шифрлы телеграмма жіберілді. Округтік бөлімшеге белгісіз себептермен тұтқындар айдауылмен қоса, 23/V-30 жылы Шымкентке қайтарылып жіберілді. Қайтар жолда Салатөбе стансасы мен №167 разъездің арасында Сарытоғай стансасына жетпей, 25/V күні түнгі сағат 11-де, айдауылдардың айтуынша, тұтқындар зулап келе жатқан пойыз вагонынан секіріп кеткен. Айдауылдардың шұғыл шара қолдануымен Иманов пен Исатаев қолға түскен. Қатты жараланған жарақаттан Исатаев 25/V-30 жылы сағат 14-те өлді. Ал Иманов Жантөре округтік бөлімшеге жеткізіліп, сіздің өкіміңізге орай, үкім жүзеге асырылды. Кеншімов Мәдібекті іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр (Бурдаков, тіркеуші Жемчужинов)».

      Ұзамай Сапалайдың серігі болған Мәдібек Кеншімов те қолға түскен. Ол 1931 жылдың 10 ақпанында түнгі сағат 12-де Шымкент қаласында атылған. Ату жазасын ОГПУ-дің Шымкенттегі оперативтік секторының қызметкерлері Плишкин, Полевой және Нестеров дегендер орындап, құжатқа қол қойған. Осылайша Ұлы даланың көк бөрілері өмірінің нүктесін қойған болатын.

       Фольклортанушы Берік Жүсіпов: «Өнертану ғылымының бастауында тұрған мамандар осы салаға қатысты жасаған іргелі зерттеулерінің материалдарын әуелде халық арасындағы дерек беруші, сөзінің жалғаны жоқ қариялардың аузынан жинады. Бұл үдеріс рухани мұрасы ауыз әдебиеті үлгісінде қалыптасып, дамыған халықтардың бәрінде тегіс осы жүйе негізінде іске асырылды», – деген еді. Біздің де мақсат – осы, қазаққа қаншама ғажап әндер берген Сапалай Исатайұлы деген сері, әнші кісі болғанын ел ағаларының пікірін жия отырып, мұқым жұртқа баяндау болатын. Ендігі істі ән өнеріне байланысты барлық мәселені бес саусағындай біліп, зерделі пікір айтуға әбден құқылы музыкатанушы мамандарға қалдырдық.

Тегтер: