Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:20, 01 Сәуір 2022

Дімкәс елде дым болмайды

None
None

Дариға Назарбаева мен баласы Нұрәлидің Лондондағы үйінің сатылымға шығарылғаны туралы жазылып жатыр.

Көлдей көп хабардың бірі емес. Өйткені, мұның бәрі шетел асқан қазақтың қазынасы. Оны тәпсірлеп, түсіндіріп жатудың қажеті шамалы қазір...

Бұл жазбамызда Назарбаевтар әулетінің Қазақстандағы және шетелдегі миллиардтарына немесе жылжымайтын мүліктеріне тоқталмаймыз. Қанша ақшасы, қандай зәулім сарайлары бар дегенге бас қатырмаймыз. Бірақ 30 жылда тұңғыш президенттің жақындары қалай шексіз байлыққа кенелді? Тіпті адам өмірімен есептесеңіз, қамшының сабындай ғана қысқа уақытта адал еңбекпен, жалғыз айлықпен таудай байлықтың тарыдай түйірін жинауға бола ма? Жоқ, отыз жыл емес, табан ет маңдай термен мұндай байлықтың 60 жылда да басын құрай алмайсыз. Ал Әбішұлының қыздары мен күйеу балаларының, інілері мен қарындастарының әртүрлі жолдармен тапқан есепсіз байлығын отыз жылға бөлсеңіз, олардың жылдық табысы есепшотқа сыймақ түгілі, ақылға қонбас еді.  

Есі дұрыс қоғамда әкесі президент емес, жай ғана әкім болған адамның жақындарының баюға хақы жоқ. Бірақ біздің мемлекет олай болмады. Жүйе о баста солай құрылған. Енді одан құтылу да қиямет-қайым болары анық. «Батпандап кірген мысқалдап шығады». Билікті асыра пайдалану мен парақорлық осы отыз жылда қазақ тарихында болмаған деңгейге көтерілді. Оның айқын мысалы біз келтіріп отырған қисапсыз байлық.

Қоғамда бір сұрақ бар: неге біз отыз жылда Назарбаевтардың әулетіне осыншама мол мүмкіндік бердік? Неге солар ғана шексіз байлыққа кенелді? Қара қазақ битін сығып, қанын жалап отырғанда, бұлардың баюына депутаттар мен зиялы қауым, қолында закон күші бар мекемелер неге көз жұма қарады? Бұл сұрақ бүгінгі қоғамның қотыры. Қазақтың байлығын сорып байығандар жалғыз назарбаевтар емес екенін бала да біледі. Мәшкеевичтер мен Кимдер, Нилер мен Өтемұратовтарға үндеген жоқпыз ғой. Дені дұрыс емес, індетке шалдыққан дертті қоғамның диагнозын осыдан-ақ түсіне беріңіз. Әйтпесе, өзің аш отырып, билік жағалағандардың май шайнағанын қалыпты құбылыс, қалыпты заңдылық санауға бола ма? Неге кеше ғана келген келімсектер сенің ата-бабаңның қанымен, жанымен қорғаған қара жердің байлығын, мемлекеттің қызығын көруі керек? Біздің дені дұрыс емес дімкәс қоғам соған жол берді. Енді келіп қайдағылар мен жайдағылар мұнайыңды құбырмен сорып, алтыныңды ұшақпен тасып алғаннан кейін, қылышыңды боққа шауып отырсың. Өзімізге де обал жоқ-ау...

Мемлекет құрмаған құмырадағы тамырсыз гүл сияқты тегі жоқ халық емеспіз. Ата-бабаларымыз алпауыт империяға ие болып, Еуропа мен Азияның ортасында бірнеше мың жыл бойы билік құрған алып елміз. Солай бола тұра қарқылдаған қарға мен сұңқылдаған құзғынға жем болдық қой. Қазақ қашан есін жинар екен? Әй, қайдам, дімкәс елде дым болмайды-ау!

Тегтер: