Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:15, 27 Сәуір 2023

Дін өкілдерін ақтау жалғасады

Саяси қуғын-сүргінді айтқанда, ең алдымен есімізге Алаш қайраткерлері мен ашаршылықтан қырылған халықты көз алдымызға елестетеміз.

Сол себептен де дін өкілдеріне жасалған қуғын-сүргін мәселесі көп жағдайда еленбей келеді.

Кезінде патшалық Ресей отарынан бастап, кеңестік үкімет аяқталғанша, алаш қайраткерлері болсын, дін қызметкерлері болсын руханият үшін, дін үшін күресіп келді. Кейбір адамдар тіпті діни көзқарасы үшін қудаланып, халық Оразаны жасырын ұстап, айт намаздарға тығылып барып жүрген. Молдалар мен қарилар діни басқарманың тыйым салғанына қарамастан,   ауыл-ауылды аралап, тарауық намазын оқыған. Бірақ елдегі қуғын-сүргін, қудалау күшейе түсіп, дін жағынан жөн білетін үлкендер қалмады. Ғалымдардың пікірінше, діни өкілдерді қудалау солтүстік өңірлерде көп болған екен. Соның салдарынан жат ағымға тез еріп кететін, құдайсыз, рухсыз ұрпақ қалыптасқан көрінеді. Мәселен, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев: «Қуғын-сүргін ұлттың қаймағын сыпырып, қоғамды алға жетелейтін 3 топтың өкілдерін жоюға бағытталған еді. Яғни олардың біріншісі, ағайын-жұртты іске, шаруаға жұмылдырып отырған еті тірі, жанашыр, ауқатты адамдар. Екіншісі, ұлтты өркениет пен ғылым-білімге жетелеген көзі ашық, зиялы қауым өкілдері. Үшіншісі, халықты имандылыққа, сабырлыққа, адамгершілікке шақырып, тәрбиелейтін дін өкілдері еді» дейді.

Міне, осының салдарынан кеңес дәуірінің уақытында екі жүз тоқсаннан астам дін қайраткерлері қуғын-сүргінге ұшыраған көрінеді. Ал олардың елу екіге жуығы молдалар, имамдар мен басқа дін мамандары әлі күнге дейін ақталмай келеді. Бірақ еліміздегі діни басқарма зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қуғынға ұшыраған дін өкілдерінің көбінің есімдерін анықтаған болатын. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдерін ақтап алуға қатысты өз ұсынысымызды тапсыру үшін жұмыс істеп келдік. Нәтижесінде, дін қайраткерлерінің елу екісі осы күнге дейін ақталмай келеді. Сол себептен әлі де басқа дін өкілдерін анықтап, ақтауға қатысты жұмыстарды жүргіземіз», – дейді.

Ал тарихшы, дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, тарихшы Рахым Ағыбайұлы қудалауға ұшыраған дін өкілдеріне қатысты деректерді сол діни қайраткерлердің ұрпақтарынан сұрап, жинақтауға болатынын айтады. Оның пікірінше, «бұрынғы кездегі, яғни қуғынға ұшыраған дін өкілдері, имамдар болсын, мейлі ишандар болсын – алыс, үлкен қалалардан білім алған. Әрі ел, жер көрген, көзі ашық жандар болатын. Олар халықтың діни сауатын ашып, имандылыққа баулумен ғана шектелмей, елдікті, тірлік пен бірлікті көздеп, көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Бірақ әлі күнге дейін қудалауды көрген дін өкілдерінің ұрпақтары, көзі тірі куәгерлер бар. Сондықтан қазір бізге олардан ауызша деректер жинап қалу – өте маңызды. Артынша ол деректерге байланысты жергілікті архивтерге іздеу салынады. Жалпы Қазақстанда дін өкілдерін қудалау бітіспес өшпенділік секілді болған. Сондықтан дін өкілдерінің көпшілігі қашып, көршілес жатқан Өзбекстанды, Тәжікстанды, Ауғанстанға, араб елдеріне, Қытайға қашып, сол жерлерді паналауға мәжбүр болды. Сол үшін де қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдерін анықтап, ақтау үшін, халықаралық деңгейдегі ізденістер де керек деп санаймын, – деді Рахым Ағыбайұлы.

Тарихшы айтпақшы, қудалауға ұшыраған дін өкілдерін халықаралық деңгейде зерттеулер көп жүргізілсе, мүмкін еліміздегі қуғын-сүргінге байланысты тың деректер әлі де шығар деп ойлаймыз. Сол себептен де еліміздің барлық өңірінде қазіргі күні арнайы мемлекеттік өңірлік комиссиялар құрылып, деректерді жинауға қатысты жұмыстарын бастап кетті.

Тегтер: