«Дін саласындағы саясат – Қазақстан тұрақтылығының кепілі»
Қазақстан сияқты көпұлтты, көпэтносты, тоғыз жолдың торабындағы, экономикалық жағынан дамушы мемлекет саналатын, геосаяси тұрғыда Еуропа мен Азияның кіндігіндегі алпауыт ел үшін дін саласындағы саясат тұрақты болуы керек.
Бір жағынан дін саласындағы саясат – Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік тұрақтылығы үшін аса маңызды. Сол үшін де еліміздің дін саласындағы ұстанған саясатына қырағылық қажет. Үнемі бақылауда болып, тізгін-шылбырды босатып алуға болмайды.
Радикалдар қашан да мемлекеттің осал жерінен ұстайды. Бұл бұрыннан бар. Ал дін дегеніміз сенім. Сенімге соққы жасау қашан да ойыншы, алпауыт елдердің тірлігі. Сондықтан, экстремистермен, радикалдармен күресті жыл он екі ай жүргізіп отыруға тиіспіз. Қоғам радикалдардың ішкі-сыртқы белгілерін біліп, жұмыс ерекшеліктерінен хабардар болуы тиіс. Сондықтан, дінтанушылар халықты, оның ішінде жастарды экстремистерден сақтандырып отыруға міндетті. Осы мақсатпен біз белгілі дінтанушы Қайрат Қалмырзаұлына Қазақстанның дін саласындағы жүргізіп отырған саясатына қатысты бірнеше сауал қойдық.
— Қайрат мырза, радикалдар қазақтың ұлттық құндылықтарына, салт-дәстүріне неге қарсы?
— Кез келген идеология орнығып, салтанат құруы үшін белгілі бір кеңістіктегі ғасырлар бойы қалыптасып қалған құндылықтарды жою керек. Өйткені, соның орнына балама сенім әкелу керек. Радикалды идеология мен ғасырлар бойы халықтың салт-санасына сіңген дәстүр – бір-бірімен қабыспайды. Сондықтан, радикалдар бірінші кезекте өздерінің идеологиясын орнықтыру үшін халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын мансұқтай бастайды. Екіншіден, бұлар салт-дәстүрдің озығы мен тозығын сұрыптап, діннің негіздеріне қайшы келетін, дінмен қабыспайтын салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға кенеше қадалып, астарына үңілмей, бірден дінге, шариғатқа қарсы қойып жоққа шығарады. Салт-дәстүр уақыт ағымымен, оны қолданатын адамдардың ықпалымен өзгерістерге ұшырап, діннің кейбір ұстанымдарына қайшы келетіндей көрінуі мүмкін. Радикалдар ұлттық тұрғыда ойлауға көбінде қарсы. Салт-дәстүрдің мәніне, мазмұнына, астарына үңілмей жатып терістейді.
Салт-дәстүр ислам дінінде негізге алынады. Яғни терістелмейді, жоққа шығарылмайды. Қазақтың бұрынғы би-қазылары үкім шығарғанда шариғаттан гөрі, қазақтың салт-дәстүріне сүйенген ғой. Құранда «Ғұрыпқа сай үкім шығар» деген мағынадағы кейбір аяттар діннің салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа қайшы емес екендігін білдіреді. Дін, шариғат – өміршең құбылыс, ол барлық халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен астасып жатады. Қазақ халқы үшін де сүннет – салтқа, қадис – ғұрыпқа айналғанын білеміз. Сондықтан, дәстүрлі діни ұстаным бізде қабылданады. Ал радикалдар өз мақсаттары үшін мұны теріске шығарып, әртүрлі діни тыйымдарға, ширк, бидғат, харам деген секілді шариғат үкімдерімен терістейді. Негізгі себеп – өздерінің радикал идеясын орнықтыру. Сол үшін қазақтың дәстүрін терістеп, ғұрпын ширікке балай береді.
— Мектептердегі орамал мәселесі бітпес дауға айналды. Жалпы, осы дауды тұтандырып, үрлеп отыратындар кімдер? Бұлардың артында дін атын жамылған әлдебір күш тұрған жоқ па?
— Дін саласындағы саясаттың бірі – осы мектептердегі орамал тағу мәселесі. Біраз жылдардан бергі күйіп тұрған тақырып. Бұдан кейін де өзектілігін жоймайтын сияқты. Өйткені, 700 жыл өмір сүрген Осман империясының мұрагері Түркияның өзі орамал мәселесін ұзақ жылдар бойы шеше алмай жүрді. Соңғы жылдары ғана олар бір шешімін тапқандай.
Дін құбылысы Қазақстанда өте жақсы көрсеткішпен дамып келе жатыр. Жастардың дінге қызығушылығы артып, дінге бет бұрған жастардың саны көбеюде. Бұл әрине әлемдік тенденция. Одан Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Мұндай шектеулер, яғни мектеп оқушыларына орамал тақтырмау қоғамның радикалдануын арттыруы мүмкін. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Зайырлы мемлекеттің өзіндік талаптары, өзіндік ұстанымдары бар. Бірінші кезекте білім беру жүйесінде зайырлы ұстанымдар сақталуы керек. Дегенмен, шынайы көзқараспен қарап, әлемдегі басқа да елдердің, мысалы Еуропа елдері мен мұсылман мемлекеттерінде бұл мәселені қалай шешкеніне қарайтын болсақ, олардың тәжірибесінен де өзімізге пайдалы тұстарын алуға болады.
Орамал дауын ушықтырып отыратын арнайы топ бар деп ойламаймын. Бірақ қоғам болған соң, оның ішінде дінге қарсы, дінді ұстанбайтын топтар болады. Олар үнемі әр жерден ілік тауып, бірде орамал дауын қозғап, бірде басқа проблема тауып, қоғамда дау тудырып отырады. Мұны ушықтра бермей, орамал дауын шешудің жолдарын қарауымыз керек. Баламалы жолдары қажет. Мысалы, аймақтардың климаттық ерекшеліктеріне байланысты бірнеше түрлі мектеп формасы қалыптасып қалды ғой. Қателеспесем, Қазақстанда 14 түрлі мектеп үлгісі бар, онда неге тағы бір үлгі қоспасқа? Ислам дінінде орамал тағудың нақты кесімі, үкімі бар. Оған діннен хабары бар адам қарсы келе алмайды. Сондықтан, үкімет алдағы уақытта орамал дауы қайта-қайта алдымыздан шыға бермеуі үшін мұның баламалы жолын қарастыруы керек. Бұл дау бүгін-ертең аяқталмайтын сияқты. Оқырмандар бір нәрсені анық түсінуі керек, бұл дауды үрлеп отырғандардың артында ешқандай күш тұрған жоқ. Қазақстанның жүргізіп отырған дін саласындағы саясатының өте белсенді жұмысының бірі – орамал мәселесі. Жылда алдымыздан шығады, бірақ дінтанушылар мен дін қызметкерлері өте жіңішкелікпен шешімін тауып отырады.
— Жастарды және сенімі толық қалыптаспаған адамдарды деструктивті ағымдардың сақтаудың қандай жолдарын ұсынасыз?
-Жастар – мемлекеттің байлығы, қозғаушы күші, болашағы. Сондықтан, жастарды деструктивті ағымдардан сақтандыру – бүкіл қоғамның міндеті. Ең алдымен үйдегі ата-ананың, одан кейін мектептегі мұғалімнің жұмысы.
Жалпы, радикализмнің түбін жойған, нүкте қойған бірде-бір мемлекет жоқ. Пайыздық көрсеткішпен радикализмді азайтқан елдер бар шығар. Бірақ қоғам болған соң, адамдардың пікір алуандығы заңды құбылыс болып табылады. Сондықтан әркім әртүрлі ойлайды, әртүрі түсінеді. Әркімнің қабілет-қарымы, оқыған оқуы, алған білімі әртүрлі. Сондықтан, деструктивті ағымдардың жастарды азғыруынан түбегейлі құтылу қиын. Алайда бұл бағытта біздің елде мұның алдын алу жолдары, бірқатар шаралар қалыптасқан. Дін саласындағы жемісті саясаттың бірі осы бағытта жүргізілуде. Бірінші кезекте, ҚМДБ-ға қарайтын 3000-ға жуық мешіт болса, солардың көпшілігінің жанында діни сауат ашу курстары бар. Жеткіншектерге сол жерге барып діни білім алуға болады. Солай діни сауат ашу керек. Содан кейін ҚМДБ-ға қарайтын 9 діни медресе, колледждер бар. Оған түсіп оқып жатқан жастар көп. Ал Нұр-Мүбәрак ислам мәдениеті университеті бірнеше жылдардан бері білім берумен тұрақты айналысып келеді. Ол жерде де дәстүрлі ислам діни бағыты оқытылады. Сондықтан, жастарға дұрыс діни иммунитет қалыптастыруда ағартушылықты басты ұстаным етуіміз керек. Дұрыс дініи білім беру бағытын жолға қоюымыз қажет деп ойлаймын.
Жастарды деструктивті ағымдардан сақтандырудың, алдын алудың жолдары көп. Әңгіме басында айттым, ең бірінші отбасы. Баланың ең алғашқы ұстазы – ата-анасы. Олар балаға дұрыс діни иммунитет қалыптастыруы қажет. Содан кейін мектеп. Мектептерде дінтану пәні тарихшылардың қолына өткен. Ол пән дінтанушыларға беріліп, дінтану пәнінің сағат саны көбейтіліп, діннің ғылым мен білімге, өркениетке, мәдениетке, тарихмызға, дәстүрімізге қатыстылығын дұрыстап түсіндіріп, оқушылардың діни түсінігін дұрыс қалыптастыруымыз керек. Діннің ешқандай өркениет жетістігіне қарсылығы жоқ екенін жастарға ұғындыру қажет. Дінтану пәнін тек қана тарихи тұрғыда оқыту қате.
Қысқасы, отбасы мен мектепте дұрыс діни иммунитет қалыптасқанда, оқушы ертең тура жолдан адаспайтын болады, радикалдарға ермейтін, өз басын өзі алып жүретін азамат бола алады. Жалпы, дін саласындағы саясат – Қазақстан тұрақтылығының кепілі!
-Әңгімеңізге рақмет!