Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің!
Елімізге діни ағымдар келе бастағалы өмірде түрлі жағдайлардың орын алғаны шындық.
Мәселен, діни экстремизм мен терроризмнің жетегіне еріп кеткендердің салдарынан елімізде отбасылық құндылық, адамгершілік қасиеттердің біршама азайғаны рас. Осы орайда, мемлекет тарапынан жедел шара қолға алынып, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы арқылы теріс ағымдардың алынуына тиісінше жағдайлар жасалынып келеді.
Енді атқарылып жатқан жұмыстарға нақты тоқталсақ, прокуратура діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының діни бірлестіктер туралы заңнамасының әр өңірлерде сақталуында үнемі қадағалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, жуырда ғана Шымкент қаласының прокуратурасы құзырлы құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдары биылғы жылдың бірінші тоқсанында діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де материалдарды әкелу мен таратудың фактілерін анықтап, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Қазақстан Республикасы ӘҚБ 490-бабы, 1-бөлігінің үшінші тармағымен діни әдебиеттер мен материалдарды шығаруға, әзірлеуге, басып шығаруға байланысты айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл қаракөздеріміздің жат ағымға бет бұрмауына сәл де болса септігін тигізген жайт болды. Тек Шымкент өңірі ғана емес, еліміздің өзге де облыстарында осы іспетті жұмыстар жалғасын табуда.
Діннен сауаты аз жастардың көпшілігі діни экстремизмге алданып, соңы қайғылы жағдайларға ұшырап жататындығы рас. Ал діни экстремизмнің не екеніне келсек, бұл ислам құндылықтарын сақтау жолында үндеу тастаған өздерінің пікірлестерін діни принциптерді бұзушылар деген айыптаулармен кінәлайды. Яғни діни экстремизм діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізуі үшін дінді қалқан ете отырып, әрекет етуші, дінге еш қатысы жоқ іс-қимыл. Түсінікті тілмен айтқанда, терроризм деп аталады. Бұл көбіне мемлекеттің құрамын өзгертуге, не болмаса үкіметті басып алуға бағытталады. Әрі елдің санасын улап, ұлттық құндылықты жойып жіберуге дейін барады.
Ал енді көпшіліктің үрейін туғызған діни экстремизм Қазақстанға қалай келді әрі мұның салдарымен қалай күресу керек деген сұрақ барысында теологтардың нақты пікіріне келсек, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселесін зерттеу орталығының» теолог маманы А. Дүйсен діни экстремизм Қазақстанға 2011 жылдардың басында келгенін айтады.
— Қазақстан үшін қазіргі таңда негізгі қауіптердің бірі ретінде діни экстремизмді айтуға болады. Бұл елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақтандыру барысында еліміздің проблемалық аймақтарында арнайы жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұған қатысты сарапшы-саясаттанушы Р.Иржанов елімізде соңғы он жылдың ішінде он төрт террористік іс-әрекет жүргізіліп, оның салдарынан тоқсан адам қайтыс болғанын айтады. Сондай-ақ 2016 жылдары Ақтөбеде лаңкестік шабуылдар жасалынып, артынша Алматы қаласында да жалғасқан еді. Сол лаңкестік шабуылдарға қатысқандардың дені жастар болды. Онда да қаншама адам қайтыс болды. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Кейінірек терроризмнің алдын алу мақсатында өңірлерде «Жусан» гуманитарлық операциясы шеңбері бойынша әйелдер мен балаларды оңалту бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, әйелдердің басым бөлігі бұрынғы сенімдерінен бас тартты. Одан бөлек, әр аймақта терроризмге қарсы жұмыстар белсенді түрде атқарылып келеді, – дейді теолог А.Дүйсен.
Иә, қоғам бәрімізге ортақ! Сол себептен де діни экстремизм мен терроризмнің одан бетер белең алмауы үшін ел болып, халық болып бірауыздан әрі Ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі екенін естен шығармағанымыз жөн.