Дина Таңсәрі Қазақстан билігін жала жапты деп кінәлады

«НеМолчи» қорының негізін қалаушы Динара Смаилова Черногорияның астанасы Подгорицада өткен баспасөз жиынында Қазақстанның құқық қорғау органдарын қатты сынға алды.
Қазақстандық және черногориялық журналистерге берген сұхбатында Дина Смаилова 2017 жылдан бері өзін заңсыз түрде қудалап келе жатқанын мәлімдеді.
– Осы жылдар ішінде маған қарсы барлығы сегіз қылмыстық іс қозғалды, оның екеуі қылмыс құрамы болмағандықтан жабылды. Барлық істер полиция қызметкерлерінің өз рапорттары негізінде қозғалған, ал бұл істерде зардап шеккен тараптар мүлде жоқ, – деді ол.
Құқық қорғаушының айтуынша, ол 2021 жылы халықаралық ұйымның шақыртуымен күйеуімен бірге Тбилисиге көшіп, Қазақстаннан кеткен. 2023 жылы ерлі-зайыпты Түркияға қысқа мерзімді сапармен барған. Алайда Смаилованың сөзінше, қайтадан Грузияға оралмақ болған кезде, оларға елге кіруге тыйым салынған.
– Біз Қазақстан билігі Грузия билігіне бізді елге кіргізбеу туралы өтініш жасаған деп ойлаймыз. Нәтижесінде бізді сол ұшақпен мәжбүрлі түрде Түркияға қайтарды. Сол сәтте бізге жаңа өмір бастайтын ел таңдау қажет болды. Бірнеше себепке байланысты Черногорияны таңдадық: дәрігерім маған денсаулығыма байланысты теңіз жағалауындағы елге көшуге кеңес берді. Черногория – НАТО құрамындағы ел, Еуроодаққа кандидат. Біз бұл елден қорған табамыз деп сендік, – деді ол.
2024 жылы Қазақстанда өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істерге қатысты Дина Таңсәрі де пікір білдірді. Ол қазіргі таңда жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғу және алаяқтық баптары бойынша күдікке ілінген. Алайда Смаилованың айтуынша, бұл істердің артында саяси себептер жатыр.
– Барлық донорларымыздан жауап алды. Олардан менің үстімнен арыз жазуды талап етті. Тергеушілер кешкі уақытта келген, үйге үш-төрт полиция қызметкері бірден барған. Психологиялық қысым жасалған. Нәтижесінде жеті адам арыз жазды – бұл жеті мыңнан астам сұралған адамның ішінен шыққан жеті ғана адам. Олар полицияның қысымымен маған арыз жазған. Жалпы залал сомасы – шамамен 40 еуро ғана, - деді Таңсәрі.
«НеМолчи» қорының жетекшісі сөзінің соңында Қазақстанның құқық қорғау органдарын жала жабумен айналысты және жеке ақпаратты заңсыз таратты деп айыптады.
– Мен, Динара Смаилова, Қазақстанның құқық қорғау жүйесін мен туралы жалған ақпарат таратқаны үшін, мен және мен басқаратын қор туралы жалған пресс-релиздер жариялағаны үшін айыптаймын.
– Мен, Динара Смаилова, Қазақстанның құқық қорғау органдарын менің жеке деректерімді заңсыз таратқаны және “НеМолчи” қорының донорларын заңсыз қудалағаны үшін айыптаймын.
– Қазақстанда фемицид кең етек жайған, заңдар – тек декларативті сипатта, ал үкімет әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың нақты санын мұқият жасырып отыр, – деді ол.