Динара Бердімұрат, кәсіпкер: Кәсіпті пайда табамын деп ашсаң, ақша ешқашан келмейді

Соңғы бес жылда республика бойынша жас кәсіпкерлердің саны 500 мыңға жеткен. Оның ішінде кәсіпкер қыз-келіншектердің үлесі шамамен 60 пайызды құрайды.
Әрі білімге қатысты жеке оқу орындарында да төбе көрсетіп жүргендер – қыз-келіншектер. Бұған дәлел ретінде елімізге белгілі кәсіпкер, «Кәусар» балалар орталығының директоры Динара Бердімұратты айтуға болады. Бүгінгі әңгімеміз де Динара ханыммен жеке кәсіпкерлік жайында болмақ.
– Динара ханым, әңгімеміздің әлқиссасын кәсібіңізден бастасақ.
– Жалпы, бизнесім балаларға бағытталған. Өмірім мен бірінші кәсібіме келетін болсақ, өзім Шымкент қаласының тумасымын. Шымкентте жеке балабақшада бес жыл әдіскер болып қызмет атқардым. Сол уақыттарда апам «Алматы қаласына бар, бұл жерде өспейсің. Білімің жақсы, қабілетің бар, үлкен қалаға барып, өсуің керек» деп жиі айта бастады. Апамның сөзінен кейін Алматыға ешкімді танымасам да, тәуекел етіп келдім. Содан түйіндемемді жеке балабақшаға тапсырып, жұмысқа тұрдым. Директор басында Шымкенттің қызы деп жақтырмай, еңбек кітапшама қарамастан, ыдыс жуушы ретінде жұмысқа қабылдады. Өйткені менен бұрын жұмыс істеп кеткен тәрбиеші қыз Шымкенттікі болған екен. Ол қыз төбелесіп, дөрекі мінезімен жұмыстан шығып кетіпті. Директор содан Шымкенттің қыздарының барлығы ұрысқа жақын деп ойлаған көрінеді.
Жұмысқа келгенімде бір ай мені сынап, мінезімнің жақсы екеніне көзі жетті. Тіпті «Шымкентте де осындай қыздар бар екен ғой» деп таңғалып та жүрді. Осылайша барлық мәселе жерге емес, адамның тәрбиесіне, біліміне байланысты екенін дәлелдедім. Кейін бір тәрбиеші ауырып қалып, орнына сабақ бердім. Сонда балалардың робот сияқты ештеңеге қызығушылықтары жоқ екенінен шошып, директорға өзімнің бес жылдық тәжірибемді бөлісе отырып, кіріктірілген сабақтарды енгізуді өтіндім. Уақыт өте келе, балаларға түрлі ойындар ойнатып, қызықтыра бастадым. Мәселен, бананды алып, «Қане, балалар, бананды аю құсап жейікші» деп, аюдың даусымен «аламыз, ашамыз» деп көрсетіп, артынша түлкінің даусымен, балықтың ымымен көрсетіп, ойната бастадым. Балалар да бірден қызығушылықтары оянып, қайта-қайта ойнағысы келетін болды. Сөйтіп, топтағы бес баланың саны 12-ге жетіп, балабақшаға тәрбиеленушілер көптеп келе бастады. Ата-аналармен де жақсы тіл табысып кеттім. Еңбегім бағаланып, әдіскер болып тағайындалдым.
Өкінішке қарай, балабақша ғимаратының жалдама ақысы көтеріліп, директорымыз шетелге кетіп, бақшамыз жабылып қалды. Балабақша жабылған соң, артынша ата-аналар мені үйге іздеп келетін болды. Ол кезде бес қыз үй жалдап тұратынбыз. Біз бесінші қабатта тұратынбыз, балаларды бесінші қабатқа алып шығу қиынырақ болатын. Сонда қасымдағы Семейдің қызы маған өмірімде жасамаған жақсылықты жасады. Ата-аналарды жинап, «Балалар үшін үйіміз ыңғайсыз. Одан да жаңадан шағын кабинет жалдап, балаларды сол жерде қабылдайық. Ол үшін сіздер жалға алатын бөлменің ақшасын алдын ала беріңіздер», – деп, «Сымбат» сән үйінен бөлме тауып берді. Сол уақыттарда қонаққа өнер жұлдыздары келе бастады. Ең алғаш болып Қайрат Нұртас, Қанат Үмбетов келді. Осылайша біртіндеп бала саны көбейіп, Оспанов көшесіндегі үлкен ғимаратқа көштік. Міне, он жыл болды, орталығымызда домбыра, шахмат, би үйірмелері ашылып, 50 бала тәрбиеленіп жатыр.
Екінші кәсібім – «Кәусар» бал қоспасы деп аталады. Компанияны ашқанымызға үш жыл болды. Онда бал қоспасымен жасалған табиғи өнім дайындаймыз. Бұл өнім үш жастан асқан балаларға арналады. Яғни иммунитетті көтереді әрі суық тигенде жақсы көмектеседі. Байқасаңыз, кішкентай балалар дәрі іше алмайды. Сол үшін тұмаудың алдын алу мақсатында әрі суық тигенді жазу үшін таудың балын араластырып, табиғи өнім дайындаймыз.
— Балаларға арналған орталық қандай қызмет атқарады?
— Басты мақсатымыз – балаларды мектепке дайындау. Төрт жастан бастап балаларды қабылдап, жазып, санай алатындай дәрежеге жеткізіп, мектепке жібереміз. Бірақ біліп тұрған балаларды қабылдамаймын. Ондайда ата-аналар «басқа жерде қабылдай береді, алсаңыздар болады ғой» деп жатады. Олай болмайды. Өйткені ақша үшін қабылдай беретін орталықтағы балалар «Дарын» гимназиясына тест тапсыратын кезде білгенін ұмытып, қорқып қалады. Ал біздегі балалар мектептегідей тоқсан сайын тест тапсырып, психологиялық әрі танымдық тұрғыда төселіп, гимназияға емін-еркін кіре беретіндей жағдайға жетеді. Білетін баланы қабылдамауымның себебі – ол балаларға ертең мектеп қызық болмай қалады. Тағы бір себебі – білген бала жанындағы білмейтін балаға зиянын тигізеді. Сол үшін бірдей типтегі балалар бір топта болу керек. Орталыққа төрт жастан бастап, жазуды білетін балалар келіп жатады. Кей жағдайда алты жасқа келіп, ештеңе білмейтін балалар да келеді. Өйткені әке-шешесі күні бойы жұмыста жүріп, баласына қарайтын уақыттары болмайды. Сол ата-аналар бір жылда нәтиже шығарып беріңізші дейді. Біз үйреткенмен, бала үй тапсырмасын орындамай келеді. Өйткені ата-анасы үйінде қадағалап отырған жоқ. Мектепке дайындайтын орталық болғандықтан, қолдан келгенше үйретіп шығуға тырысамыз.
— Балаларға арнап кітаптар шығарған екенсіз. Жалпы, кітап жазу, әсіресе балаларға арналған дүние үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осыған орай, белгілі бір аға буынмен кеңестіңіз бе? Әрі тәжірибе барысында баланың ой-өрісін дамытуға қандай оқулықтар жетіспейтінін байқадыңыз?
— Бұл кітапты шығарамын деген ойым болған жоқ. Орталықты ашқан кезімде басшы ретінде қазақша оқулықтарды іздей бастадым. Кітапханалардан бөлек, «Гулянда», «Меломенді» тоздырдым. Бірақ қазақ тілінде ыңғайлы, жеңіл кітап таба алмадым. Балабақшаларда қазақ тілінде математикаға арналған ешқандай кітап жоқ. Бұл туралы теледидарда да, көпшілік орындарда да айтып жүрмін. Ал басқа балабақшалардың барлығында орыс тіліндегі кітаптардың орысша тапсырмаларын өшіріп, үстіне қазақша жазып, қаншама балабақша басшылары қиналып жүр. Көбінде кішкентай бала не білсін, оларға ертегі болса болды деген түсінік қалыптасқан. Ол қате ой.
Ұстаз ретінде айтатыным, барлығын балабақшадан бастау керек. Қазақ тіліндегі көрнекі кітаптарды көбейтіп, мектепалды даярлықты балабақшаның бағдарламасына енгізу қажет. Мәселен, 4-5 жасар балаларға орыс тілінде оқулықтар өте көп. Ал бізде логикалық, дидактикалық кітаптар ғана бар. Баланың дамуына пайдасы жоқ деп отырғаным емес, десек те, сандарды білуі айтарлықтай рөл атқарады. Әр бала мектепке сандарды біліп баруы тиіс, өйткені қалған жазуды, сөйлем құрастыруды уақытымен игере алады.
Балаларға жетіспейтін осындай дүниені көріп, қарным ашатын. Сол себепті өзім сандарды жинақтап, ойдан тапсырмалар құрастырып жүрдім. Тапсырмалар мен ойындарым жинақтала келе, «маған неге кітап шығармасқа» деген ой келді. Осылайша «Ғажайып математика» және «Пішіндер» атты кітаптар шығардым. Қалтам қалың болсын деп емес, балалардың қамын ойлағандықтан. Әрі оқулық ата-аналарға тегін таратылады.
— Ұстаздық жолында жеткен жетістіктеріңіз қандай?
— Басты жетістігім ретінде математикалық есептерге арналған оқулықтар шығарғанымды айта аламын. Кітап дайын болысымен, Астана қаласында да тарасын деген ниетпен мәжіліс депутаты Нұржан Алтаевқа хабарластым. Онда да инстаграмдағы жеке парақшасына «сізге кітабымды сыйлағым келеді» деп хабарлама жібердім. Ол кісі «жарайды» деп, көмекшісінің нөмірін жазып жіберді. Артынша Нұр-Сұлтан қаласына билет сатып алдым. Бірақ бұл іс-әрекетіме айналамдағылар «ол өтірік парақша болуы мүмкін» деген секілді сенімсіздік білдірді. Сонда да ештеңеге қарамастан, астанаға жол тарттым. Министрлікке барғанымда Нұржан Алтаевтың көмекшісіне хабарласып едім, телефоны өшіп тұрды. Бірден ойыма «мен алдандым», «босқа келдім бе» деген сан сұрақ мазалай берді. Босқа үміттенгеніме өкініп, қайтып бара жатқанымда телефоным шыр етті. Хабарласып жатқан Нұржан Алтаевтың көмекшісі Диас деген жігіт екен. Ол кісі бірден: «Динара, қайдасың? Біз жұма намазынан енді ғана шығып едік. Тезірек қайта орал», – дегенінде төбем көкке жеткендей болды. Осылайша мәжіліс депутатымен жолықтым. Ол кісі «кіп-кішкентай қыз қалай кітап шығарған» деп таңданысын білдірді. Бұл маған үлкен мотивация болды. Кейін «Батыр шапағаты» төсбелгісіне ие болдым. Артынша екінші кітабымды дайындап, балаларды домбыра үйірмесіне қатыстырып, жұмыстарым үсті-үстіне көбейе түсті.
— Сізді тәжірибеңіз бойынша балаларды оқуға, жазуға қалай қызықтырып, ынтасын арттыруға болады?
— Орталығымызда жалқау балалар бар. Кейбірі «апай, ұйқым келіп жатыр» дегенді сылтауратып жазғысы келмейді. Ол, негізі, тәрбиешіге байланысты. Өйткені балаларды оқытуға педагогтардың өздерінің қызығушылықтары жоқ. Қызыл дипломға бітіргендердің барлығы сондай. Ойларында тек «айлық алып, кредитімді жапсам, тағы бір жерде жұмыс істеп, қосымша ақша тауып, жағдайымызды жасасақ» деген ой ғана. Шын мәнінде балаға жаның ашып, жан-тәніңмен беріліп жұмыс істеу қажет. Күрделі жоспар бойынша өткізілген сабақ баланы жалықтырып жібереді. Тіпті ересек адамдардың өзі лекцияда ұйықтап қалып жатады. Бұл методика балаларға жарамайды. Керісінше, баланы печенье, жеміс-жидектерді достарына бөліп беру арқылы санатып ойнатса, қызығушылықтары артады.
Бізде сабақ осы методика бойынша өтеді. Балалар да балабақшаға келуге асығады. Ата-аналары алып кететін кезде үйлеріне қайтқысы келмей жылап қайтатын кездер жиі кездеседі. Баламен жұмыс істеу өзіме де ұнайды әрі балалармен өткізген уақытым мен үшін демалыс. Қымбат spа, массаж, демалыс орындарының ешқайсысы баламен бірге уақыт өткізгендей әсер бермейді. Әрі балалардың арасында жүрсең, олармен бірге ойнап-күліп, қызықты сабақ өткен сайын жасара түсетінімді байқадым. Шын ниетіңмен, шын көңіліңмен жасаған жұмыс нәтижесін береді. Берекең де арта түседі. Кәсіпті пайда табамын деп ашсаң, ақша ешқашан келмейді. Халыққа кішкене болсын пайдам тисін деп ниеттенсең ғана Алла тағала кәсіптің берекесін береді. Шүкір, ниетіме қарай, көптеген марапатқа, төсбелгілерге ие болдым.
— Елімізде кәсіпкер әйелдерге арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Оның айтарлықтай тиімділігі бар ма?
-Жекеменшік кәсібім болғаннан кейін, одан хабарым жоқ. Сондай-ақ мемлекеттен ешқандай қолдау сұрамаймын. Шын мәнінде қажет болса, мүмкін, танысар едім.
— Өмірде мотивацияны қайдан аласыз?
— Өзімнен-өзім аламын. Әрбір жетістігім, ең бірінші алған төсбелгім – мотивация. Тәрбиелеп жатқан балаларымның жетістігі де күш береді. Балалар орталығы ашылған сәттегі алғашқы бес жылдағы қиындықтарға шыдағанымның арқасында қазір тек жақсылығын көріп жатырмын. Бастысы, өз-өзіңе деген сенімділікті күшейтіп, Алладан денсаулығым жақсы болсын деп тілеу керек.
— Алдағы уақытта кәсіпке байланысты қандай жоспарыңыз бар?
— Менің арманым әрі жоспарым – ертегі әлемі сияқты балабақша ашу. Балабақшаның сыртына сандар мен қазақы ойындарды мүсін түрінде бейнелеп, көркемдесем деймін. Ең бастысы – балалар қызығатындай балабақша салу. Өмірімнің соңына дейін балаларымның тәрбиесімен айналысып өтемін. Екінші кәсібімді де тастамаймын.
— Әңгімелескеніңізге рақмет.