Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 29 Наурыз 2022

Динара Мәлік: Аппақ қар ериді ернімде...

None
None

Ауыл, әжем екеуі де бір жүрек,

Сағыныштан, сезем… Әжем жүр жүдеп.

Суреттерден қарайтындай қарғам деп,

Сәбиімнің жанарындай мөлдіреп.

… Кейде… Кейде бір ашылмай қабағым,

Бір бөлмеде сізге жол сап барамын.

Иісіңді, қолдарыңды құшаққа ап,

Сағыныштың басам солай самалын.

Хабарыңды сұрап, туыс-бауырдан...

Солай менде күз-тірлікке бағынғам.

Жаулық, камзол алып қойдым бір жолы,

Жолдармын деп жақын келсе ауылдан.

Көрпе көктеп, жіпті отырсам сабақтап,

Әжем сонда қалатын-ды алақтап.

Тым ұзаққа кетесің-ау құлыным,

«Баянды боп жолықсын» деп табар бақ.

Солай… Cолай шүкір деймін таңдарға,

Ойлар, мұңдар, есік қағып қалғанда...

Бір арманым, көп арманым бар менің...

Әжем… Ауыл… шамы сөнбей тұрғанда!

***

Қайда кетіп, қалсам екен үндемей,

Көлеңкесі көрінбейтін сүлдедей...

Жапан түзде, шытынаған шатыры,

Жан-дүнием, қаусап қалған бөлмедей...

Тас боп аунап, табанымда тіршілік,

Азынайды… кеудемде жел күрсініп...

Жүрегімнің терезесін қымтаймын,

Бәлкім, қазір… күлер ме екен Күн шығып?!

Неге маза бермей қойды бұл-шағым,

(Әңгімеден, әуеннен де шаршадым...)

Ән тыңдасам, әннің бәрі сен жайлы,

Сабырсызға салмақ болар мұнша-мұң.

Аппақ қарды, қолда барды мадақтап,

Жымиюға құлықсыздау таң атпақ.

Өтіріксіз өмір дәмді болар ма,

Шындығымда өлең қалсын тұрақтап!

***

Шабыт мені менсінбеді деп едім,

Өзіме де белгісіздеу дерегім.

… Таң бозынан, ақ жүзімді аймалап,

Саусақтарын сүйгізіп тұр өлеңім...

Жаңылып та іздеп едім жарықтан,

Менікі емес дедім атқан ғаріп-таң.

Көзім нұры сөйлеп кетті парақта,

Мен кешірім сұрайыншы уақыттан!

Түн баласы түрлі ойларға беріліп,

Ақтың бәрі қара болып көрініп.

Өмір бітті деп ойладым кеше мен,

...Әсемдікке кеттім бүгін елігіп...

«Жаман нәрсе» деген сөзді көп естіп,

Өсіп едім түрлі ойды елес қып.

Ертегіде зияны бар сүйкімді,

Кейіпкер ме, ол да маған тым ыстық.

Солар болып кеткім келіп бірде мен,

Тағдырыма теріс қарап жүрген ем.

Ойымды оқып ауа кімге жеткізді,

Мөлдіреген бір әлем тұр гүлдеген!

Сол әлемнің ашып едім есігін,

(Сұлулықты көргің келсе несі мін?)

Қалам беріп, кетіп қалды қас-қағым,

«Өзіме ұқсас жаздым кісі есімін».

Жар жолында адасқан бір кекілді,

Әріп біліп алғанына өкінді.

Жолға емес жанға қарап жүреді,

Өлең деген сонда тұрған секілді.

Содан бері бір ғажайып күй тұнды,

Тауып алдым ұрлап кеткен ұйқымды.

Сыр жоқ менде көлеңкелеу, күңгірттеу,

Біз аңыздың кейіпкері сүйкімді!

***

Ұшайыншы қақпашы қанатымнан,

Сәбимін ғой, іңгәләп жаңа туған.

Жіберші еркелесін еркіндігім,

Бұл жүрек сүю үшін жаратылған.

Жыр оқиын ақ аңғал жүрегіммен,

Күлкі жасап алайын күйігімнен.

Шалқытып, шарықтатып, жібер мені,

Бір ғасырды, бір күнде сүрейін мен!

Жымисам сен де бірге күлімдегін,

Мен сенің ең аяулы үніңдемін.

Кешегідей көзіңмен қарамашы....

Туған күнім еді ғой бүгін менің!

Жолыма төсеп таста гүлдеріңді,

Қайталап айта берші сүйгеніңді...

Жанарыммен жаныңды жаулап алам,

Ең әдемі киіп ап көйлегімді!

Қол ұстасып, билейік көктемменен,

Біздің сезім күзбенен шектелмеген.

Жүрегіміз жып-жылы соғып тұрсын,

Ешқашан, ешкімге әлі кектенбеген!

Сілкіп ашып, сезімнің шымылдығын,

Ойларыңа шырмалсын сырым бүгін...

Тіршіліктің бәріне тәнті болып,

Айтшы күнім, Әлемнің сұлулығын....

Қалықтатып жіберші көкке мені,

Орындалсын көңілдің күтпегені!

Мен саған бұйырған соң осы күні,

Тағдырым туыс болып кеткен еді....

***

Қағып-қағып қанатын,

Тереземе құстар келіп қонатын.

Мөлт-мөлт етіп əндетеді… содан соң...

Өз мұңынан өзі үркіп қалатын.

Ұқсамайды дауыстары біріне,

Есіміңді естимін ғой еліге.

Əр əріпің əнге айналған екен-ау,

Құс біткеннің жан бітіріп тіліне!

Жұта түсем бал татыған ауаны,

Ойдан ұзап, бойға құлап барады.

Əйнегінен көріп тұрмын жүректің,

Бір терезе бөліп тұр ғой араны...

Көбелекше бөлме ішіне соғылып,

Тына қалдым… ұшпаңдаршы бал үміт...

Құстың əнін саған айтсам шіркін-ай...

Басқа сөзді керегі не жан ұғып?!

***

Сұлу мүсін сымбаттым,

Кетемісің айға алып?

Пері болып тіл қаттым,

Періштеге айналып.

Жұмбақ болған жалғыздық,

Жұмағыңды ашайын.

Кеудеңдегі жүз жылдық,

Жүрек болып жасайын!

Маржан-маржан мұңдардан,

Аршып алып аңсайын.

Сені күтсін күнде алдан,

Қардан туған Ханшайым!

Шынға айналып сүй дер ме ем,

Шың басынан көріндің!

Күмбір-күмбір күйлерден,

Нөсерлетіп төгілдің.

Ең сабырлы адамдай,

Өкпелемей өтіндім.

Жар болуға жаралмай,

Бар болуға бекіндің.

Көңіл іші бұлыңғыр,

(Он ойландым… Оқталып...)

Шертілсем бе бүгін бір,

Шешінуге шақ қалып?!

***

Өлімнен пенде қорықпайды ғой бәрібір,

Тағдыры басқа салған соң.

Жоқтайтындардың, жоқтағандардың әні бір,

Жүрегің тоқтап қалған соң...

Өмірге деген құштарлық еді үніңде,

Жүрсе де мейлі жылатып.

Ажалың ғана бақытты боп тұр бүгінде,

Құшағына алған құлатып...

«Адамның басы, Алланың добы» болмайды,

Алла да сүйер пендесін.

Көзіміз көріп, көметініміз жанды қинайды,

Қара жер орын бергесін...

***

Сен көрмеген көз-жасымды түн көрді,

Мен мұңайтып алдым екен кімдерді?

Мен ұйқысын бұздым екен кімдердің,

Қара түнде көз ілмеуді үйрендім.

Сезім болсам, ақша бұлтқа айналып,

Ар қалпында сүйгенмін!

Мен біреудің алдым ба әлде, тынышын,

(Жаратқанға жақпады ма бір ісім?)

Кең дүние құшағында адасып,

Тарылады тынысым!

Әлде оның ұрладым ба, шаттығын,

Ауыстырып алды ма екен ақ гүлін.

Ерінімде есімі тұр ән салып,

Тербеледі пәк-мұңым...

Мені әкеткен арман екен тым биік...

Оны әкеткен ойлар болды тұңғиық.

Дәл осылай азабымды сүйеді ол,

Өн-бойыма нұр құйып!

***

Темекі секілді төзімнің,

Түбінде тұншығып көз ілдім...

Көгілдір қиялдар төбемде,

Түтінге тұтқын боп кетер ме...

Бір рет те наздансам болмай ма,

Жаным деп, жіби сал ондайда.

Өзіңді аңсатқан елес-түн,

Əйтпесе ренжіген емеспін...

Хат болып көзіңе асықтым,

Сен болсаң жауапсыз жасыттың...

Жүрек боп жүрмін ғой дүрсілдеп,

Жаураса жылынып жүрсін деп...

Осылай бітер ме жалғасы...

Тек… үнсіз, үндемей қалмашы...

***

Көз-жасымнан есімің ағылады,

Жерге түспей жүректе жаңылады.

Сан жылдар сығалайды күн көзінен,

Атар дей ме аяулы таңың əлі...

Сағыныш сыңар ма екен Жер бетіне,

Көктеммен күлем бірге тербетіле...

Сұлулықтың сырына құлақ аспай,

Қарап тұрсам жетеді келбетіңе!

Білмеймін қайда бастап барарыңды,

Əйтеуір аңсамаймын нала-мұңды.

Күтумен түндер ақсын қарашықтан,

Жолыңа телміртіп қой жанарымды!

Күнің тыныш жандай боп жайбарақат,

Мені іздерсің өзгені аймалап-ап.

Тыным бермей дүрсілдеп тамырыңда,

Миыңда жүріп алам ойламай-ақ.

Күбірлеп мөлдір жырым ерініңде,

Байланып күлкің тұрар көрігімде.

… Аласұрған ақылдан қашып келдің,

Ал енді қия аласың мені кімге?

***

Жалған да жалған, жалған мұң,

Жырымды немен жалғармын.

Сүйіп те тұрып алдандым,

Сүйікті болып тоңғанмын.

Қарақат көзді сөйлетіп,

Қап-қара мұңды билетіп,

Өлердей сүйіп қалғанмын.

Жел қонып, кенет шашыма,

Иығына кеткен асыла...

Өбе алмай өзім қалғанмын.

Көне алмай сонда арман-жыр,

Бұлқынып, симай қалған-бір.

Сүйілмей кеткен беу-өмір,

Толқытып тағы толғандыр!

Басылмай құмар кеудемнен,

Даламен, түнмен емделгем,

Содан соң барып, Күн күлген,

Көкіректің көзін кім білген...

Сөйлейтін сөзден жаңылып,

Махаббат тілін сағынып,

Қызыл тіл сонда күрмелген.

Құлап бір кетсе жұлдыз-күн,

Күлкімді гүлге сүйгіздім.

Сөнбес деп жүрек қайғымен,

Мұңымды Жерде сүргіздім!

***

Ажал болып, төнетіндей қара түн,

Сипамақ боп ұмтыламын қанатын.

Қимылымды аңдитындай бір бейне,

Жалғыздықтан содан жаным тоңатын.

Мейлі, мейлі ұзақ болсын, мына түн,

Өмір дер ме, өлім дей ме шын атын.

Сескенер ем, ескерер ем амал не,

Аңсарымды болса егер ұғатын.

Қай мұңымды айтсам екен, шертіліп,

Үндемейді… ол да іштей тұр тынып...

Бұл сәт ойлар, күндізгіден алшақтау...

Жүрек дейтін аңқау сөйлер бұлқынып.

Ұзақ түнде, тұмшалайды тұман сыр,

Кірпігіңді түнге қадап шыдарсың.

Аунап түсіп, ақылыңды шашып ап,

Қиялдағы аяулыңа ұнарсың.

Түндер сырға тұйық болар түнеріп,

Бір ысынып, бір суырсың, «бір өліп»,

… Ал таңертең таудай болып оянып,

Тіршіліктің күймесіне түнедік!

***

Аппақ қар ериді ернімде,

Сен құсап сүйісе алмайды...

Бақытқа келмейді сенгім де,

Білем ғой баяны болмайды...

Аппақ қар құлайды кеудеме,

Көгершін-көңілді алдайды...

Дірілдеп тоңады гүл-дене,

Сен болып жылыта алмайды...

Аппақ қар арманым үзілген,

Дем болып жер бетін еріткен.

Сен еріп келердей ізімнен...

Қарайлай беремін неліктен?!

Тұншықты тағдырым жанарда,

… Ол мені аңсайды түбінде!

Сол кезде мен сөйлей алам ба,

Ол білген махаббат тілінде...

***

Алыс кетсем, әр қадамым жаңылыс,

Жақын жүрсем, өшетіндей сағыныш.

Алыс кетсем, елесіңе мың барам,

Жақын келсең, көріп тұрып жынданам.

Жалғыздықты аңсар ма екен, мұнша адам,

Бұл көңілдің қалауынан шаршағам.

Өз өртіме өксіп тұрып жылындым,

Сүйіп тұрып, сүйіктімнен түңілдім.

Келіп кеткен ізің жатыр бөлмемде,

Неге енді тыншымайды бұл-кеуде?!

Көз ұшында екі өмір тұр ілініп,

Екі жаққа кетсек пе екен бөлініп.

Тірлік бізді жіберді ме жұтаң ғып,

Сағына алмай, сүйісе алмай жұқардық.

Көмектесе алар ма екен Күз де енді,

Сағыныш па, серік еткен біздерді!

… Терезеге көп телмірді-ау жанарым,

Қара жолда қалтырап тұр қаламым!..

***

Хабарсыз қалғаның не, қамықтырып,

Жанымды жіберсеңші… Жарық қылып.

Сен мені жалғыздықпен жазалайсың,

Күйімді көлеңкеде бағып тұрып.

Хабарсыз қалғаның не тiршiлiгiм?

Күтіп жүрмін әлі де білші, күнім.

Қандай қиын… гүлдердің қурағаны,

Қандай жақсы, естіген гүл сыбырын!

Хабарсыз қалдың неге аңсағаным,

Күндерді сенсіз қалай тауыса аламын?

Өлең боп өнбойыңды жылытайын,

Көктемде Күн астында тоңса жаның...

Сағаттар жылжып жатыр үндемедің,

«менсіз-ақ бақытты боп жүр» — демегін.

Өртенуге жаралған өмір менде,

Сағынуға арналған түн дегенің...

*"*

Шын айтам, бәрінен жалықтым!

Күтумен күн санап зарықтым...

Адам боп туылдым арман не,

Кешірші киелі Жарық Күн!

Кешірші киелі түндерім,

Жүрегім ауырып жүр менің.

Ауылдың қызындай аңғал ем,

Бағымды қызғанды кім менің!

Жалғаннан жерідім, тап бүгін,

Қолымнан сүйеді пәк күнім.

Қай кезде сөнді екен шырағым,

Қай жерге шашылды шаттығым?!

Қайғының алдында өр едім,

Ал бүгін алаңсыз көнемін.

Тұңғыш рет түнеріп келеді,

Жылауды білмеген өлеңім.

***

Жазылмас жараны емдеймін,

Дертімнің дауасы кім деймін?

Басқа бір ғажапты аңсап ап,

Өзгеше ғұмырда гүлдеймін.

Бақытты болып та мұңайдым,

Пенде боп пендені сынаймын.

Қуанғым келіп тұр жүрекпен,

Жас болып неліктен жылаймын.

Бір құлы болсам деп Құдайдың,

Жаңылмай жүз бақыт сұраймын.

Басқаша жыр жазғым келіп тұр,

Басқаша шумақтар құраймын.

«Дәл қазір шуақ боп төгілсем,

Әйелдей алдыңда жеңілсем», -

деп келе жатамын ал сосын,

Жек көріп тұрамын көрінсең!

Талай рет қоштасқам түнменен,

Қоштасып көргенмін, үнменен.

Ал сөздер басқаша сөйлеп тұр,

Ерінімді естіп ап шөлдеген.

Ішімде ерегес, төбелес,

Көзімде құбылған көп елес.

Мен солай екеумін өмірде,

Жер басып жүргені мен емес!

Жалғыз боп қалғандар елемес…

Тегтер: