Динара МӘЗЕН, аудармашы: Тез аударма жасау – көркем аударманың қас жауы

Осыдан бес жыл бұрын қазақ оқырманы Хәрри Поттермен танысып, әлемдік бестселлерге айналған Жоан Роулиңның шығармашылығын ана тілінде оқи бастады.
Осыған дейін Гарримен танысып өскен жасөспірімге Хәрри мен Хермиона әу баста жат, таңсық болғаны рас. Осыдан соң әртүрлі пікірлер де жиі айтылды. Алайда уақыт өте келе жұп-жұмыр аударылған шығарма қазақ оқырмандарынан қолдау тапқанға ұқсайды. Бастапқыда қабылдау қиын болғанымен, қазір сұраныс жоғары. Біз бүгін осы шығарманы аударуға атсалысқан аудармашылардың бірі Динара Мәзенмен сұхбаттастық. Әңгімеміз негізінен бүгінгі көркем аударманың сапасы мен сыны, қызығы мен қиындығы туралы өрбіді.
– «Хәрри Поттердің» қазақ тіліндегі аудармасымен таныс оқырманға сіздің есіміңіз таңсық емес. Алайда сіз жайлы жинақ аудармашыларының бірі дегеннен өзге ақпарат аз. Сондықтан әуелі өзіңізді аз-кем таныстырып өтіңізші... Аударма саласына қалай келгеніңіз қызық.
– Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі мамандығы бойынша бакалавр, ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аударма ісі магистры дәрежесін алдым. Университетте оқып жүргенде аудармаға бейім екенімді байқадым, маған бұл процесс оңай әрі қызық іс болып көрінетін. Жанымда жүрген құрбы-құрдастарым аударма жасап беруді жиі өтінетін. Осы кезден бастап аударма жасап, қосымша табыс көзіне айналдырдым. Кейін біраз уақыт ағылшын пәнінен оқытушы боп істедім. Қазақ радиосында тілші болып та жұмыс істедім. Сол кездері аудармаға қызығушылығым артып, аударма компаниялары, кітап шығаратын баспалар мен кинокомпанияларға резюме жолдайтынмын. Бұл 2006-2007 жылдар еді, тестілеуден жақсы өтіп, бірнеше компанияға штаттан тыс аудармашы болып орналастым. Олардың көбі техникалық аударма жұмыстарын ұсынатын. Кейін 1-арна Еуразияға фильм аудармашысы болып қабылдандым. Фильм аударудың өзіндік ерекшелігі бар, әр сөйлемнің түпнұсқа көлеміне сай болуына мән бересің, диалогтар жымдасып, үйлесіп тұруы қажет, мәдени аспектіні ескере отырып аударма жасау керек. Мұнда аударманың қыр-сырын үйреніп, шыңдалуыма білікті редакторлардың көп көмегі тиді. Ал Азаттық радиосында аудармашы болған жылдары мақаланың тілі жатық, барынша түсінікті әрі анық, мағынасы екіұшты болмауына баса мән беретін едік. Аудармада тәжірибе жинауыма Азаттықтағы редакторлардың сын-талабы көп көмектесті.
2012 жылы «Аруна» баспасынан балалар кітаптарын ағылшын тілінен аударуға ұсыныс түсті, осылайша көркем шығарма аударуға бет бұрдым. Ол кезде қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптар қазіргімен салыстырғанда өте аз болатын, кітап дүкендерінің денін орыс тілді кітаптар құрайтын. Осылайша балаларға арналған кітаптар мен энциклопедияларды ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аудару жұмысы басталды. Айтпақшы, бұған дейін Шоқан Уәлихановтың толық алты томдығы жарық көрген, соның бірінші томын аудардым. Содан бері осы көркем аударма саласында еңбектеніп келемін. Steppe&World баспасымен ынтымақтастығымыз 2019 жылы «Хәрри Поттер» жобасымен басталды, кейін «Нарния шежірелері» жинағының бес томын аударуға қатыстым. Осы баспадан отыздан астам кітап аударсам, соның ішінде Руал Даһлдың кітаптары, «Атом улаған дала» (авторы Тоғжан Қасенова), «Түн ортасындағы кітапхана» (Мәтт Хейт), Жейсон Рейнолдстың жасөспірімдерге арналған спорт туралы кітаптар сериясы оқырмандардан жақсы лепес естіді. Бұдан бөлек, «Мазмұндама», «Фолиант», «Астана кітап» баспаларымен де бірлесе отырып ересектер мен балаларға арналған көркем шығармалар, танымдық әдебиеттер аудардық. Ұлттық аударма бюросының «100 кітап» жобасына қатысып, «Қазіргі бизнес коммуникация», «Шағын бизнестегі менеджмент», «Әлеуметтік зерттеу әдістері», «Әлеуметтік ғылымдар сөздігі» сияқты он шақты ғылыми оқулықтардың қазақша сөйлеуіне үлес қостым. Жалпы алғанда көркем аударма, ғылыми танымдық бағыттағы еңбектер, бәрін қосқанда жетпіске жуық кітап аударған екенмін.
– Көп бала, жасөспірім Хәрриден бұрын, ең алғаш Гарримен танысқан, санасына Гарриді сіңіріп өскен. Сондықтан ба екен, Хәрри деген нұсқаны қабылдау олар үшін қиынға соққаны анық. Хәрри деген тосын естілді, түрлі пікірлер де көп айтылды. Бірі мақтаса, енді бірі таңғалысып жатты, Хәрри, Хермиона деп аудару идеясы қалай жүзеге асты?
– Иә, шынымен-ақ, Хәрри деп атау тосын естілгені рас. Әу баста көпшілік қабылдай алмады. Тіпті аудармашылар тобы, өзіміз де бастапқыда Гарри деп аудара берейік дегендей болғанымыз есімде. Бірақ баспагер Раиса Сайранқызы «Хәрри деп атаған дұрыс» деп нық шешім қабылдады. Бір жағынан Раиса ханымның шетелде өсіп, ағылшын тілін ана тілі деңгейінде жетік білетін адам болғаны ықпал етті деп ойлаймын. Ал біз, жалпы посткеңестік елдер жиырма жыл бойы Гарри Поттерді таныдық. Сол үшін де бізге Гарри әлдеқайда жақын сияқты боп сезілді. Кейін ойлана келе шынымен-ақ өз ана тіліміздегі төл дыбыстар арқылы неге таңбаламасқа деген ойға келдік. Ана тілімізде «Х», «Ә» сынды дыбыстар бар. Ана тіліміздегі төл дыбыстардан жерудің керегі жоғын, олар да атаулар мен есімдерді әдемі, дөп бере алатынын түсіндік. Тек Хәрри, Хәрмиона деп емес, «і», «ң» дыбыстары бар сөздерді де ана тілімізге ыңғайлайтын болдық. Мәселен, пуддинг деп емес, пудиң, Роулинг деп емес, Роулиң деп қазақ тіліндегі төл дыбыстармен таңбаладық. Байқасақ, бұл тәжірибе сәтті болып шыққан сияқты. Менің ойымша, Хәрри Поттер кітабы қазақ тілінің төл дыбыстарынан қашпау керегін, олар да әдемі естіледі, ағылшын тілін таңбалауға әбден жарап тұр дегенді көрсете, таныта алған шығарма болды. Оның қазақ тілі мен қазақша кітап нарығына әкелген құндылығы да осында деп ойлаймын. Хәрри Поттердің әлемдік бестселлер кітап болуымен қатар, қазақ тілінде аударылғаны, соның ішінде төл дыбыстарымыз арқылы таңбалануы отарсыздану жолында жасалған тағы бір сәтті қадам болды.

– Сіз бір сұхбатыңызда кеңес заманында күшпен енгізілген тіл ережесін сақтауды талап ететіндер көбейгенін айтып едіңіз. Төл әрпіңді, төл сөзіңді қабылдай алмау сынды кеселдің, сіздің ойыңызша, себебі неде? Мүмкін отарлық сана сіңірген комплекстерімізден әлі арыла алмай жүрген шығармыз?
– Иә, төл әрпіміз бен төл сөзімізді қабылдай алмауымыз отарлық сананың сарқыншағы, соның ішінде әлі күнге дейін арылып болмаған комплекстеріміздің салдары деп ойлаймын. Көптің ойымызша, ң, ә, ү, і сынды дыбыстарды қосып сөйлесек, әдемі естілмейтін сияқты. Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл өтсе де, қазақ тілі – ауылдың тілі деген түсінік, өкінішке қарай, әлі де бар екені рас. Бұл кеселмен әркім өз шамасынша күресе бергені абзал болмақ. Мысалы, аудармашылар аударма жасағанда төл дыбыстармен таңбалаудан қашпайық. Сол кітапты оқып өскен балалар ана тілін жатырқап тұрмайды. Сол секілді әр саланың адамдары өзі қолға алса, бұл үрдіс біртіндеп жойылары анық. Ана тіліміздегі төл әріптеріміз, төл сөздерімізді де қабылдай алатын деңгейге жетеміз деп ойлаймын. Осы орайда әр маман өз саласында осы бағытта қадам жасаса болғаны.
– Бүгінде қазақ кітап нарығының дамып, аудармалардың көбейіп жатқаны шын қуаныш. Десек те, бір аударманың көркемдік табиғаты мен сапасы жоғары болса, енді бірінің сапасы сын көтермейді. Тіпті кей кітаптарды оқысаң, интернеттегі бот аудара салған сияқты күй кешесің. Түпнұсқадан емес, орысшадан ыңғайлап аударатындар көп. Қазіргі көркем аударманың беталысына көңіліңіз тола?
– Қазір көркем аударма саласында үлкен өзгерістер мен жақсы беталыстар болып жатқан кезең. Қазақша кітап нарығында сапалы жұмыс істеп жатқан бірнеше мемлекеттік емес, жеке баспалар бар. Мәселен, өзім бірлесіп жұмыс істеп жатқан Steppe&World баспа үйі сапаны негізге алады. Басқа баспалар да сапалы жұмыс істеуді мақсат етеді деп сенемін. Мәселен, жыл сайын Алматы, Астана қалаларында өтетін кітап фестиваліне бара қалсаңыз, жыл сайын жаңа баспалардың шығып жатқанына куә боласыз. Мен білмейтін де талай баспа бар. Бұл – өте жақсы үрдіс. Сан бар жерде сапа пайда болары анық. Бүгінгі көркем аударманың беталысына көңілім толады, жақсы серпін бар дер едім. Ағылшын тілінде жарық көрген кітаптардың өзін орыс тілінен қалыспай, бір мезетте аудару үрдісін де қолға алып жатырмыз. Бұрын көркем аударма орыс тілі арқылы ғана жүзеге асатын. Алдымен ағылшын тілінде жазылып, ол орысшаға аударылады, кейін ғана қазақ тілінде жарық көреді. Ал қазір ағылшын тілінен қазақ тіліне тезірек әрі тіке аудару үрдісі қалыптасты. Бұл бір жағынан, ағылшын тілін жетік білетін қазақ мамандарының көптігінің әсері болса керек. Жастардың барлығы дерлік ағылшын тіліне жетік. Осы арқылы оқырман талғамының да жоғарылағанын байқасақ болады. Сапалы оқырман орыс тілінен жасалған аударманы тез байқайды. Мысалы, ҚазҰУ-де дәріс беретін профессор Әнуар Тарақ магистратура студенттеріне ағылшын мен қазақ тілінде шыққан кітаптарды салыстырып, талдау жасатады. Мұндай тәжірибе аударма саласындағы сынның дамуына ықпал тигізеді деп ойлаймын. Аудармашыларға осылай сыншылар мен оқырмандар пікірі мен ұсынысын айтса, кем-кетігіміз түзеліп, бір жағынан шабыт беріп, маман ретінде өсе түсуімізге көмек болар еді.
Осы орайда сапасыз аударма да жоқ дей алмас едім. Себебі, аудармашы дайындау барысында әлі де мәселе бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Біріншіден, аудармашы дайындайтын мамандықтардың басым көпшілі теорияға басымдық береді. Практикаға мән беретін оқытушылар мен мамандар аз. Жеке тәжірибеме сүйенсем, көбіне көп аударманың теориясын ғылыми тұрғыда зерттеу жағына мән береді де, нақты мамандар дайындау жағында кемшілік бар сияқты. Аударма факультетін тәмамдаған жиырма студенттің біреуі аудармашы болса – соның өзі шын қуаныш. Себебі, көркем аударманың еңбегі мен төлемінің сай болып, көркем аударма жасайтын адамның әдебиетке деген сүйіспеншілігі мен құштарлығының басым болуы, көркем шығарманың табиғатын түсінуі – басты талап. Көркем аудармашыны арнайы дайындау үшін шәкірттің қабілетін тани білетін мықты ұстаз да керек сияқты.
Бұдан бөлек, бүгінде аудармашы мамандығының құны түсіп кеткен. Себебі, қазір екінің бірі өзін аудармашы сезінетін заман. Аудармашы жеке мамандық ретінде құнды емес. Біздің қоғамда журналистер де, мұғалімдер де, кез-келген мекемеде отырып, орысша-қазақша білетін адамдардың бәрі аудармашы боп алған. Себебі, жеке компания жеке аудармашыны штатқа алуға қымбатсынып, кейде қажетсінбей, кей мамандар қосымша әдебиеттер мен керек материалдарын өздерін аударады. Соның салдарынан өздерін аудармашы сезінеді, қосымша ақша көзі ретінде тапсырысқа аударма алады. Өзін «аудармашы сезінетін» адамдар барлық салада тапсырыстар алу үшін өзін «аудармашы» көрсетіп, солай аударма сапасы түседі. Бүгінде жақсы аудармашы табу өте қиын. Осыдан біраз уақыт бұрын бір тапсырысқа аудармашы іздеген кезде, осындай келеңсіздіктермен қайта-қайта бетпе-бет келіп қала бердік. «Өте мықты аудармашымын» деген отыз шақты түйіндеме ішінен екі адам ғана сапалы аударма жасай алатын боп шықты.

«Сапалы аударма қандай болуға тиіс?» деген сұраққа мысал келтіре кетейін. Автор түпнұсқада «A sense of real alarm gripped Washington» деп жазады. Сөзбе-сөз аударманың шырмауынан шыға алмайтын аудармашы «Вашингтонды шынайы алаңдаушылық сезім биледі» деп жазады. Бір қарасаңыз, бәрі орынды сияқты, әр сөз орнында, сөйлемнің мағынасы түсінікті. Бірақ бұл қазақы түсінікке сай аударма емес. Күнделікті өмірде «мені шынайы алаңдаушылық сезім билеп тұр» деп айтпайсыз ғой. «Вашингтон шын алаңдады» дей салу жеткілікті. Ағылшында жеті сөз ғой, менікі үш сөз болды деп уайымдасаңыз «осы кезде Вашингтонның шын мазасы қашты» дей салыңыз. Немесе көркем аударма емес, маркетинг саласына қатысты бір мысал. Хабарламада: «The flight is not available anymore, try selecting another one» деп тұр. Аудармашы оны «Ұшу енді қолжетімді емес, басқасын таңдап көріңіз» дейді. Өз басым мұндай хабарлама келсе ештеңе түсінбес едім. «Available» дегенді техникалық аудармашылар «қолжетімді» деп аударып алғалы бері, орынды-орынсыз жаза беретін болдық. Осы сөйлемді «Бұл рейс енді жоқ, басқасын таңдаңыз» десе бәрі түсінікті. Аудармашы «осы мен аударған сөйлемнің орысша/ағылшынша түпнұсқасын білмесем, өзім түсінер ме едім?» деп ойласа, көп мәселе шешіліп қалар еді. Бұлардың бәрі мен ойдан шығарған мысал емес, нақты тәжірибеде кездескен аудармалар. Өкініштісі, мұндай мысалдар өте көп.
– Сіздің қазақ тіліне аударған Мәтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапхана» шығармасы жастар арасында кеңінен танымал. Аудармашы ретінде басты объектіні қалай таңдайтыныңыз қызық. Тапсырма не сұраныс арқылы ма? Әлде әдетте өзіңіз ұнатқан шығармаларды аударасыз ба?
– Мәтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапхана» шығармасы, шынымен-ақ, жақсы сатылып, тарап жатыр. Кітапта бүгінде қоғам дертіне айналған депрессияның көбеюі, адамдарда суицидтік ойлардың пайда болуы, жүйке аурулары мен бүгінгі адамның күйзеліске бейім болуы сынды мәселердің шешімін ұсынған. Оқырман, соның ішінде жастар арасында жақсы қабылдады. Мәтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапхана» көлемді кітап емес, бірақ оны үш айға жуық аудардым. Автордың ойын, түп мақсатын түсіну үшін кейіпкердің басынан өткен сезімдерді бірге сезу қажет болды. Тілі де күрделі деуге келмейді, сөйте тұра көп ойланып аударуды қажет еткен шығарма болды.
Кейде кітап қатты ұнаса, өзім баспагерге аудару туралы ұсынысты өзім жасаймын. Баспагер оқып, өз критерийлеріне сай болса, авторлық құқығын алып, аударма жасауды бастаймыз. Ал бұл «Түн ортасындағы кітапхана» шығармасын баспагер Раиса ханым ұсынған еді. Жақсы жазылған, шетелде танымал болып, бестселлерге айналған кітап екенін айтып, аударуға ұсыныс тастады. Аудармашы ретінде өзіме ұнайтын, көңілім соққан шығармаларды ғана аударамын деп айта алмаймын. Өзім ұнатқан шығармаларды ғана аударсам, оны кітап етіп шығару, сату жолын да табуым керек. Көп жағдайда авторлық құқық баспада болғандықтан аударатын кітапты баспагер таңдайды. Ал аудармашы ретінде ұнатқан шығарманы баспагерге ұсына аламын.

– Осыдан 10-15 жыл бұрын дүкен сөрелерінен қазақ тіліндегі кітаптарды көп кездестіре қоймайтын едік. Соңғы жылдары кітап нарығы ілгері басып, әдеби аудармалардың да қарасы көбейгенін айтып қалдық қой. Алайда «көркем аударма ісі бір жолға қойылмаған. Аудармашыларды біріктіретін орталық жоқ» деген де пікірлер жиі ұшырасып жатады. Шынымен-ақ, аудармашылардың еңбегі көбіне-көп елене бермейтін сияқты. Енді осы турасында сөз қозғайықшы.
– Жоғарыда атап өткенімдей, аудармашы бүгінде қадірсіз мамандыққа айналды. Жеке аудармашыны мамандық ретінде ешкім қабылдамайды. Аудармашымын десең, «қашан өзің жазасың», «өз шығармаларыңды қашан шығарасың» деген сұрақтар жиі қойылады. Осыдан бірнеше ай бұрын докторантураға оқуға түстім де, екі айдан соң ғылыммен түбегейлі айналысуға әлі дайын емес екенімді, балалар өскенше көңіл бұра алмайтынымды түсініп өзім бас тарттым. Сол кезде көп танысым қынжылып, құр аудармашы боп жүргеннен, ғалым болған жөн екенін алға тартып, наразылығы мен ренішін білдірді. Соған қарап, таңданып әрі қынжылып қалдым. Құр аудармашы боп жүрсең, бағаланбайтын еңбек екеніне көзім жетті. Себебі біздің қоғамда аударма қосымша табыс табу көзі ғана боп қалып, жеке мамандық ретінде бағаланбайтыны өкінішті. Ал түптеп келгенде аударма жасау, соның ішінде, көркем аударманың қаншалықты қиын әрі ауыр екенін аудармашылар ғана жақсы біледі. «Қазақ тілінің сөз байлығы кең» дегенімізбен, теория жағын зерттейтін ғалымдар көркем аудармада аудармашының еңбегі жазушынікінен де ауыр екенін жиі айтады. Себебі, жазушы өзінің не жазғысы келетінін, оқырманға не айтқысы келетінін біледі, ал аудармашы жазушының терісіне, санасына толық кіре алуы керек. Яғни, ағылшын тілінде background дейміз ғой, автордың өткен өмірі, жүрген жолы мен түйсінген тәжірибесін меңгеріп, оқырманға не айтқысы келгенін ұғынуы шарт. Сонымен қатар, аудармашының алдында таңдау болады. Ылғи мен өз тіліме бейімдеп, жеке тәжірибем арқылы жеткіземін бе әлде түпнұсқа арқылы жазушының ойы мен көзқарасын сақтаймын ба деген дилемма тұрады. Аударма жасау барысында осы дилемманы баланс сақтай отыра шешуге ұмтыламыз. Бұл, шын мәнінде, өте ауыр жұмыс.
Мен қазір көркем аудармадан жерігендей күй кешіп жүрген сәтім бар. Иә, мен бұл жұмысты жақсы көремін, өзіме ұнайды, рухани ләззат аламын, дегенмен, дәл қазір сол рухани ләззатты да жоғалтып алған сияқтымын. Техникалық аудармада терминдарды анықтап алған болсаң, бір сағатта екі-үш бетті аударып тастауға болады. Көркем аудармада дәл бұндай қарқын болмайды. Кейде бір күн отырып, бір сөйлем не бір абзац аударуың мүмкін. Көп ойланасың. Сөйлемнің болмысын дәл аша алды ма, автордың айтқысы келгені осы ма әлде мен өз көзқарасымды теліп қойған жоқпын ба деген сияқты сұрақтар мен дилеммалар жиі туындайды. Осы тұста көркем аудармашының еңбек өтемі де сай бола бермейді. Әрине, баспагерлерді кінәлаудың да қажеті жоқ. Олар мейілінше нарықта жоғары баға қоюға тырысады, бірақ жалпы алғанда көркем аударма жасауға жұмсалатын уақыт пен сарқылатын күшке еңбекақысы сай емес. Бәлкім, біздің елде емес, шетелде де солай шығар. Бір көркем аударманы табыс көзіне айналдыру бүгінде қиын болып бара жатыр. Әлбетте, күніне 5-10 бетті бірден аударып тез аяқтауға болатын шығар, бірақ, тәжірибе жинаған сайын жауапкершілігің де арта түседі екен. Сондықтан, тез аударма жасау көркем аударманың қас жауы екеніне көзің жетеді. Осы тұста бір парадокс пайда болады. Аудармашы уақыт өткен сайын төселе беруі керек еді, ал менің тәжірибемде тәжірибе жинаған сайын жауапкершілігім тым күшейе түсті. Сол үшін де тез аударма жасауға осы күндері ұмтылмайтын да болдым.
Қазір аударма, баспа саласында, аударманы ғылыми зерттеп жүрген мамандар бірігіп Аударма одағын құруды жоспарлап жүрміз. Кеңес кезеңіндегідей аудармашыларды бір орталықтан бақылау, бұл бағыттағы ұйым құру қазір қиын. Аудармашылар одағын, ұйымын құруға жеке-жеке талпыныстар барын байқап жүрмін. Дегенмен, бүкіл аудармашы мен аударманы мемлекеттік деңгейде басқаратын ұйым құрыла ма, құрылған күннің өзінде сәтті жұмыс істей ме деген сұраққа ешқандай жауап бере алмаймын. Себебі, бір жағынан жеке дамығаны да жөн сияқты. Ал бір жағынан аудармашылардың құқығын қорғайтын ұйым болса деп те ойлаймын. Анығында бұл мемлекеттің құзырындағы шаруа дер едім.
Сұхбаттасқан Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ