Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:45, 13 Қыркүйек 2022

Діндер съезі кімге керек?

None
None

14-15 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтеді.

Съездің негізгі тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» деп аталады. Сонау 2000 жылдардың басынан бері әр үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл басқосудың Қазақстан үшін қандай пайдасы бар? Әрине, қарапайым жұртшылыққа бұл жиынның қажеті шамалы. Бірақ Назарбаев жүйесінен келе жатқан бұл үрдісті бүгінгі билік саналы түрде жалғастырып отыр.

Алдын ала жария етілген мәліметтерге қарағанда, іс-шараға әлемнің 60 елінен 100-ден астам делегация қатысады. Съездің ресми өкілі Назым Жанғазинованың пікіріне қарағанда, аталған жиынға әлемнің атақты дін көшбасшылары мен бірқатар діндарлар келеді. Олардың қатарында

Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб, Израильдің Бас Ашкенази раввині Давид Лау, Израильдің Бас Сефарсд раввині Ицхак Йосеф, Иерусалим православие шіркеуінің патриархы Феовил III және басқа да діни көшбасшылар бар.

VII съезге ислам, христиан діні (барлық үш бағыт – православие, католицизм, протестантизм), буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм рухани көшбасшылары қатысады. Осы жылы «съезд қорытындысы бойынша БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде таратылатын декларация қабылданады. Декларацияда ең өзекті әлемдік проблемалар, жаһандық қақтығыстар, геосаяси шиеленіс, әлеуметтік проблемалар, соның ішінде, моральдық-этикалық құндылықтардың таралуы көрсетіледі», делінген ресми түрде таратылған мәлімдемеде. Алайда Қазақстанға бұл қаншалықты қажет? Әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп жатқан уақытта мұндай жиынның пайдасы бар ма? Діндер съезі Ресей мен Украина қақтығысын шеше ала ма? Әлемдік халықаралық жағдайға қандай да бір ықпалын жүргізуге септігі тие ме?

Рас, бұл жиынға кімдер келмейді дейсіз? Осы жолы «съезд жұмысына алғаш рет Үндістанның ежелгі діні, джайнизм өкілдері қатысады», деп біздің кейбір атқамінерлер қуанып, қайта-қайта ақпарат беріп жатыр. Адам білмейтін діни ұйымның халықаралық саясатқа қандай ықпалы бар? Онда біздің биліктің шаруасы жоқ. Бірақ бір білгеніміз бар: осы съезд Қазақстанда өткізіліп келе жатқан 20 жылдан бері елде бірнеше рет террористік әрекеттер орын алды. Мыңдаған қазақ отбасылары соқыр сенімге еріп, Сирия асты. Өлді. Алғашқы операция барысында Сириядан Қазақстанның 47 азаматы елге оралды. Бірнеше айдан кейін «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан Қазақстанның 231 азаматы елге жеткізілді. Олардың 159-ы – балалар екенін айта кеткен жөн. Ал «Жусан-3» операциясының үшінші кезеңінде Сириядан 67 әйел, 171 бала Қазақстанға келді. Қазақстан азаматтары осылай секталар мен басқа жат ағымдардың жетегіне еріп жатқанда, Назарбаев жүйесі діндер съезін өткізуді бәрібір тоқтатқан жоқ. Ең бір қиыны, мұндай шараларға орасан зор қаржы жұмсалды. 2001 жылдың басында Тұңғыштың шақыруымен сол кездегі Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің мемлекеттік пасторлық сапарында оның қолын сүйіп, ел-жұртқа масқара болған жағдай да болған. Содан бері 20 жыл өтті. Бұл жолы Рим Папасы Францискінің қолын ешкім сүйе қоймас. Елді алапат өрт алып, қымбатшылық жағадан қысып жатқанда мұндай әлемдік жиынды өткізудің қажеті шамалы еді. Бірқатар сарапшылар: «бұл Қазақстанның әлемдік имиджін көтереді», дегенді айтып жатыр. Тәуелсіздік алған 30 жылда көтерілмеген абырой енді осы жиыннан кейін асқақтайды дегенге сену қиын.

– Геосаяси шиеленістің күшеюі аясында еліміздің бейбіт диалог пен ашықтық саясатын нығайтуға бағытталған күш-жігері әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланады. Осылайша, Қазақстан бітімгершілікті қолдаушы ел ретінде өзінің халықаралық беделін нығайтады. Қазіргі таңда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өркениеттер арасындағы үнқатысудың беделді және тиімді алаңы, – дейді ресми өкіл Назым Жанғазинова.

Рас, Рим папасының съезге алғаш рет арнайы қатысуы ол үшін абырой шығар. Бірақ біздің елімізде католиктердің саны бар-жоғы 1 пайызға да жетпейді ғой.

Рас, елімізге әлемнің танымал BBC, CNN, Bloomberg, Al Jazeera, Euronews секілді БАҚ-тардан 200-ге жуық журналисі келеді. Бұл, әрине, ақпарат тарату үшін керек. Алайда үш жылда бір рет өтіп тұратын мұндай бір реттік имидждік форум қарапайым халыққа керек пе? Жоқ! Дұрысы, осыдан келіп, бір жанды сұрақ туады: Қаржыны әлеуметтік бағдарламаларға жұмсаған тиімді ме, әлде халықаралық іс-шараларға салған дұрыс па? Ең алдымен, әділетті Қазақстан құрылуы үшін, елдің ішкі, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмсаған дұрыс.

Айта кететін бір жайт,1991 жылы Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Осы аталған заң елімізге неше түрлі миссионерлердің қаптап келуіне жол ашты. Осы заңмен кешегі 2011 жылы Ақтөбеде терракт орын алғанға дейін өмір сүріп келдік. Қазақ халқы осы заңның зардабын тартты десе де болады. Тағы бір дерек, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңға сәйкес әрбір діни ұйымның құрамында  кем дегенде, 50 адам болса, ұйым ретінде тіркеле беретін болды. Ал Чехияда жаңа шіркеуді тіркеу үшін кемінде, 10 мың адамды жинай отырып, кворум құру талап етіледі, ал Австрияда кемінде, 16 мың адам, Румынияда кемінде, 20 мың адам болу шарт. Міне, осы ескі заң бізді есіркемеді, ал 2012 жылы қабылданған жаңа діни заң да қазақты жарылқай қойған жоқ. Әлі де болса, ел ішінде бас-көзін тұмшалап, жат ағымның жетегінде жүргендер көп. Сақалын ұзартып, балағын қысқартқандар әлі де өз саясатын тықпалап әлек. 

Осы уақытқа дейін елде дін көшбасшыларының жеті съезін өткізген Қазақстан Назарбаев салған үрдісті жалғастыра бере ме? Жалпы, діндер жиынын өткізу – Қазақстан үшін алақайлайтын оқиға емес. Бұған дейін де тарихта дін басшыларының жиыны өткен.

Тарихқа оралсақ, «хрис­тиандар мен мұсылмандардың алғашқы ресми кездесуі 1970 жылы 20 желтоқсанда Ватиканда жүзеге асқан. Конфессиялар арасындағы келесі бір маңызды шаралар 1972 жылдың 18 шілдесінде Ливандағы ислам-хрис­тиан кездесуінде, 1974 жылдың 9-15 қыркүйегінде Кордовадағы ислам-христиан конгресінде, 1974 жылдың 11-17 қарашасында Тунистегі хрис­тиан-ислам коллоквиумында, 1986 жылы Италияның Ассизи қаласында экумендік бата жасауға көптеген дін өкілдері жиналды.  

Алайда бұл үрдісті іліп әкетіп, жалғастырып отырған Қазақстан билігі сонау 2001 жылдан бері діндер съезін өткізу арқылы халықаралық геосаяси жағдайға еш ықпал ете алған жоқ. Мұндай пайдасы жоқ съезді өткізуді бір кездері тұңғыш президенттің Нобель сыйлығын алуға ұмтылысынан туған шара деп қана қабылдаған жөн.

Тегтер: