Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:58, 18 Наурыз 2021

Діңгек

None
None

       «Тұтас елдің спортына тірек тұлғаң кім?» деген сауал түссе, талай жұрт Дәулет Тұрлыхановты нұсқар еді.

      Адам – қызық құбылыс. Қолынан келгенге сенім аз. Қопалына үнемі жол ашық. Істі қопарып тастайтындар қағаберісте қала береді. Егер ел спортын шын мәнінде ұшпаққа шығару міндеттелсе, біздің ел даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановқа сол саланың тізгінін ұстатар еді. Бір кезде бес-алты жыл басқарып, бүкіл шаруаны ретке келтіріп берді емес пе?!

   Соңғы қырық жылдағы спорт тарихын бір кісідей білеміз дейміз. Білмейтініміз тіпті көп екенін сеземіз. Өйткені өсек термедік. Кесек сөйлейтін кісілерге де көп ермедік. Турасын айтатындарды тыңдасақ та, олардың кейбір пікіріне көңіл бөлмедік. Біздің өзіндік өлшем бірліктеріміз бар. Сөз басында айттық қой, Қазақстанға спортты дамыту шын мәнінде қажет болса, дереу Дәулетке сенім артылуы тиіс. Екінші біреудің көзімізге әзірше ілінбей тұрғаны анық.  Іштегі пайым мынау: осы спортта әлемге аты шыққан қайраткер қазақ екеу еді. Бірі – Бекет аға Махмұтов, екіншісі – Дәулет Тұрлыханов. Бекет аға туралы айтып та, жазып та жүрміз. Енді Тұрлыхановты қалай танығанымыз жайында аз-кем әңгіме.

        Алғаш кездескен кезіміз есімде жоқ. Бәлкім, Барселона олимпиадасының қарсаңында. Онда да ақ тер, көк тер болып жаттығып жүрген сәтін тамашаладық. Сәлем беріп, қолын алған шығармыз. Емен-жарқын әңгімелестік деуге келмейді. Қынабай Аралбаев бенефисін өткізген кезде де қасына жақын жолай алмадық. Командор Маджидов, Александр Карелин секілді кілең чемпиондардан көз сүрінген кеште кілең аңыздарға сырттай сүйсіндік. Ал уақыт өте осы кілемдегі саңлақтардың бәрімен сұхбаттасудың сәті түседі дегенге өзіміз де сенбеген едік. Алланың бұйыртқаны шығар. Кейін әлгі алыптардың әрқайсысымен жеке сұхбаттасып қана қоймай, бірнеше рет дастархандас та болдық. Бірде Ресей қаһарманы, олимпиада ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Александр Карелин терең толғанып сөз бастады.

— Бәріміз де чемпионбыз. Керек десеңіз, менің даңқым Дәулеттен асып түседі. Бірақ былайғы жұртқа бәрімізден сол сүйкімді. Бізді тосырқайтын жұрт оған құшақ ашады. Соның сыры неде екен? Әлде оның адалдығы алыстан көрініп тұра ма? Қызғанғаным емес. Жүз жерден олимпиада чемпионы болсақ та, Дәулеттің жанында күміс жүлдегер секілдіміз. Ресейді айтпай-ақ қоялық. Бүкіл әлем Тұрлыханов десе, тік тұрады. Не қасиеті бар оның? Шын айтамын, қатты ойланамын. Тіпті оңашада ой таразысына саламын. Бізден талантты ма? Деңгейіміз бірдей секілді. Қайраткерлігі ше? Ол депутат болды. Мен де думада отырмын. Не ғажап бұл? Түсінетін секілдімін. Дәулет кең жігіт қой. Қолы ашық. Содан кейін де жолы ашық шығар. Бәрін түгендеп жүреді. Бір жылы сонау бір қиырда чемпион дайындаған бапкерді  білетін, арнайы іздеп барды. Әлі де ұмытпайды. Уақыт тауып, сәлем береді. Бапкер, төреші, тіпті техникалық мамандардың тілегі Тұрлыхановтың үстінде. Бәріміздің әке-шешеміз Дәулетті туып, өсірген секілді. Қазақтар «Жақсыда жаттық жоқ» дейді екен. Сол рас. Дәулетті ешкім жат көрмейді. Дәулет те ешкімді жатырқамайды. Сол себепті жақсы ғой, ол. Ал спорттағы Тұрлыханов! Оның жаттығуы! Күресі! Фантастика! Кешегі Кеңес Одағының чемпионатын қатарынан жеті рет ұтып алу! ТМД кезінде тағы да жеңіс тұғырынан табылу! Білесіз бе, оның не екенін?

— Білеміз, әрине.

— Білмейсіздер! Білсеңіздер, бұл әлем бұлай тұрмас еді ғой. Ол дегеніңіз – сегіз жыл ешкімге есе жібермеу! Сегіз жыл бапты бір деңгейде ұстап тұру! Ол – мүмкін еместі мүмкін ету!

— Әрине, мықтылық.

— Тағы да айта алмадыңыз. Айтқыңыз келді, бірақ жеріне жеткізе алмадыңыз. Мен айтайын. Егер Ресейде Дәулет секілді спортшы туғанда оның қадіріне жетер еді. Жоқ, мені дұрыс түсініңіз. Қазақ елі де қал-қадерінше құрметтеп жатыр. Мемлекет та бағалады. Түрлі қызмет ұсынды. Марапат алды. Бәрі дұрыс.

— Енді?

— Мәселе сол ендіде ғой. Осыны түсініңізші, зерттеңізші...

     Карелинмен арадағы әңгіме кілт үзілді. Сібірдің аюы секілді қорбаңдаған Саша ағай орнынан тұрып, жөніне кетті. Салмақты бір сауалды бізге ұстатып...

 Шетел спортының саңлақтарын да Дәулет елге жиі шақырады. Басқосу көрігін қыздырсын дей ме, әлде төл мәдениетті насихаттаудың төте жолы деп қарайды, дастархан басында сол мықтылармен қатар, қазақ өнерінің шеберлері де отырады. Сахна жоқ, дастархан басында домбыра немесе гитараның сүйемелдеуімен небір әндер шырқалады. Кейде Дәукеңнің өзі де айтады. Әдемі қоңыр даусы бар. Әсіресе спорт тақырыбындағы әндерді ерекше шабытпен, нақышына келтіре орындайды. Сондағы Нағима Есқалиеваның сөзі ғой, «Дәулет айналайын, әнге көп жолай бермеші! Біздің нанға ортақтаспа! Тыңдаушы бол, жұрт назары саған ауып бара жатыр. Бізді аш қалдырасың ғой!» Дәукең жымиып бір күледі. Медеу Арынбаев пен Жеңіс Сейдоллаұлымен қосыла шырқаса,  шынында да, кәнігі өнерпаздай. Тәте айтатын, Дәулеттің анасы Мәрзия Айтбайқызын бәріміз «тәте» дейміз. Үй іші де. Тәте айтады, «Балаларым өнерге жақын болды. Баяғыда ауылда тұрған кезде кешқұрым концерт қояды. Есіктегі перде сахна шымылдығы. Ата-бабалары ақын, әнші болды ғой. Негізіне тартқаны». Яғни Дәулет Болатұлы өнерді о баста меңгерген.

        Әкесі Болат балаларына өзгеше тәрбие берген. Жас кездерінен шыңдап, шынықтырды. Кісі көзіне тік қарамайтын шетінен биязы. Дей тұрғанмен бәрі де қайсар. Бабаға тартқан батырлықтары тағы бар. Бибігүл Төлегенова апай айтады. «Дәулеттің күші көп дейміз ғой, енді небір мықты балуандарды осал адам жыға ала ма? Ал жаны нәзік, жүзінен мейірім төгіліп тұрады. Түсінігі де терең, спортшы да сондай болады екен-ау. Іші-бауырыңа кіріп, жан дүниеңді түсініп, кісінің бәрін баурап алады. Мысалы, үлкен саланы басқарды, екінші бір түсінікпен алсақ, спорт министрі де ғой. Қызмет оны өзгерткен жоқ. Бастапқы қалпынан танбады. Кішіпейілдіктен жазған жоқ. Өзімді құрметтегенін айтпаймын, өзгелерге деген жүрегі жанымды жылытады. Жан-жағына жақсы көңілмен, жадыраған көңіл күймен мән береді. Көркем мінезбен қарайды. Жақсыдан туған ұл ғой. Тегіне тартыпты».

       Әлем таныған Бибігүл апайдың қоспасыз сөйлейтінін білеміз. Біреуді мақтай жөнелуі де сирек. Себебі әбден көзі жетуі керек. Өнерде жүріп спорттағы ұлға өрелі деп баға беруі Дәулеттің деңгейіне өлшем дер едік. Елдегі үлкен-кішінің құрметіне шомылып жүрген адам ғой. Сырт көз не дейді? Оның әлемдік спорттағы беделі қандай? Енді соған бір-екі мысал.

      Карелин бекер құрметтейді дейсіз бе?! Дүниежүзінің балуандары тегіс сыйлайды. Спорт саласының басшылары да Дәулетті құрметтейді. Бағалайды. Күрес түрінен кезекті әлем біріншілігі ішкі Қытайда, Гуанжоу қаласында өтті. Оператор Хасен Омарқұлов екеуміз сол чемпионатты насихаттау мақсатында ұшып бардық. Команда ерте кеткен. Екеуміз соңдарынан жеттік. Дүниежүзілік жарысқа әлемнің айтулы спортшылары мен бапкерлері көп жиналады. Реті келсе, соларды жазып  алғың келеді. Кейбіреуі бас тартады. Көбі  ашыла салмайды. Тіпті тіл табыса алмайтын кездер де болады. Бізге материал керек. Жер түбінен барып тұрып, құр қол қайтсақ, ол да кәсіби шеберлігімізге сын. Сосын Дәулет Болатұлына барамыз. Бір күледі де, әлгі біз атаған спортшы яки бапкерге телефон соғады. Қысқасы, мәселені шешіп береді. Сол жылы Халықаралық күрес қауымдастығының тізгіні Рафаэл Мартинеттиде еді. Әлем чемпионатында ол да жүр екен. Баспасөз хатшысынан сұрап көріп едік, биылша жеке сұхбат бермейтінін айтыпты. Ұнжұрғамыз түсіп кетті. Эксклюзив деген бар ғой. Соны ойладық. Бірақ қисыны келмей тұр. Құрметті қонақтар отыратын тұсқа таядық. Дәулет ағамыз көріп қалса, қалымызды сұрайды. Сол сәтте бұйымтай ретінде айтып қалсақ дейміз. Түйсік алдамапты. Маңына келіп қалған бізді көрген FILA бюро мүшесі жағдай сұрады.

— Бәрі жақсы, тек...

— Иә?

— Иә болғанда, сол Мартинетти сөйлемей қойды.

— Қатты қажет пе еді?

— Көрген соң, сөйлетіп алған дұрыс қой. Қоятын сауалдар бар еді. Ережеге қатысты.

— Жүріңдер, онда!

— Қазір ме?

— Не, қолың бос емес пе?

— Ойбу, дәл қазір бізді Мартинетти қабылдай ма? Қырық күзетінен қалай өтеміз?

— Жүріңдер дедім ғой.

       Хасен ағам екеуміз соңынан ердік. Тіке Мартинетти отырған бөлмеге алып кірді. Президент орнынан ұшып тұрды. Бізді көрген көмекшілері де сасып қалды. Анау бір тұста FILA мүшесінің тағы бірі отыр екен. Дәукең оны да шақырып алды. Алдымен Мартинеттиге біздің келген шаруамыз туралы айтты. Өзінің қазір қолы тимейтінін. Аудармашы іздеуге уақыт кететінін ескертіп, әлгі шақырған қайраткердің аздап орысша білетінін ескергенін де айтты. Риза болдық. Сөйтіп, аяқастынан интервью алдық. Жазып болған соң, Мартинетти Дәукең туралы да бір ауыз пікірін білдірді. Камераға емес. Бізге. Сұхбат аяқталған еді, бір кесе шай ұсынғанда.

— Түбі біздің күресті осы мистер Дәулет басқаруы тиіс. Қолынан іс келеді. Әрі кез келген кісімен тіл табыса алады. Негізі, менің уақытым жоқ еді. Дәулеттің өтінішін орындауым керек болды. Оның көңілін қалдыруға болмайды. Мықты азамат! Өте беделді. Күресті қалай жақсы көреді! Ол үшін күресте ұсақ-түйек деген жоқ. Болымсыз олқылыққа соншалықты мән береді. Бес құрлықтың мамандарын түгел таниды. Бәрімен дос. Мұндай қайраткерлер әлемдік күрес қауымдастығына әбден керек.

— Кейде, негізі, тіл табыспай қаласыздар ма?

— Дәулетпен бе? Жоқ, ол сырт көздің пікірі шығар. Рас, кей кезде сөзіміз бір бағытта өрбімеуі мүмкін. Ол енді жұмыс барысы ғой.

— Жылы сөзіңізге рақмет.

— Жерлесі екен деп, сіздерге мақтап отырған жоқпын. Оның сіздерге ертіп келгені туралы әңгіме. Және бірден келісуімнің мәнісін айтып отырмын.

— Түсіндік сізді, мистер Мартинетти! Қабылдауыңызға рақмет!

Бірнеше байрақты бәсекелерде бірге жүрдік. Бірге жүрдік дегенде, әркімнің өз шаруасы болды. Ол үйлестіруші, команда жетекшісі, қажет кезде бапкер. Біз – спорт насихатшысы. Бусанда өткен Азия ойындарында жағдайымызды жасап қойды. Астымызға көлік тауып берді, қасымызға көмекші ертті. Миша деген тілмәшіміз тағы бар. Миша – жанама аты. Кәріс жігіті ғой. Ши Хо деген даңқты балуанды көмекші ретінде қосып берді.

— Мистер Дәулетті Сеул олимпиадасынан бері білемін, – дейді Ши Хо. – Дым өзгермейді. Қазір тіпті Қазақстанның спортын басқарады, иә! Сондай қарапайым. Сіздің елдің балуандарын кейде өзі баптап жүреді. Қолдарын уқалап, жауырынын ашып, кәнігі бапкер ретінде қызмет көрсетеді. Тіпті жарыс кезінде де үстіндегі костюмін шешіп тастап, бәсекеге шығайын деп жатқан спортшынының дайындығына көмектеседі. Әлі де сол баяғы қарапайым қалпында. Біз осындағы достарымыз. Негізі, досы – мистер Ю. Біз енді көмекшісі десеңіз де жарасады. Мистер Тұрлыханов та спорт әлеміндегі ірі тұлға ғой.

— Күрескен кезін де біледі екенсің ғой?

— Әрине! Таза классика! Күші де көп, әдісті де жақсы қолданады. Юрий Мельниченко менің қарсыласым болды. Тоқсаныншы жылдары. Оның топ жаруына да мистер Дәулет көп еңбек сіңірді. Өзі де күреседі. Юраны да баптап үлгеретін. Жарысқа да алып шығады. Дем беріп отырады. Энергетикасы сұмдық. Мельниченконы жігерлендіріп, қайрап салып,  бәрімізді ұтқызды ғой.

— Кәріс мамандары Дәулет туралы қандай пікірде?

— Бүкіл кәріске бауыр ғой, мистер Дәулет. Бауырын кім жек көреді?! Бәрі құрметтейді. Тіпті жас балуандар да жақсы көреді. Күресін зерттейді. Үлгі алатын балаға берері көп қой.

— Ким Ем Нам екеуі бір үйдің баласы секілді, иә?

— Иә, дұрыс айтасыз. Екеуі керемет дос. Бірін-бірі іздеп жүреді. Ем Нам арқылы бәріміз де туыс болып кеттік қой. Дәулет келеді дегенде бәрімізде жан қалмайды. Сіздер туралы да айтты. Жаңалықтар береді екенсіздер ғой, ия? Бәріне үлгертіңдер деді. Ареналардың арасы алыс. Қаланы жақсы білетін жүргізуші керек деді. Бүкіл жарыс ареналарының адресін жаттатып, мамандарының нөмірін алып, сақадай сай отырдық.

— Рақмет сіздерге!

— Бәрін ойластырып қойған мистер Дәулет қой!

    Азия ойындарының кезекті жарыс күні аяқталуға жақын еді. Кеш батып, енді қонақүйге қарай келе жаттық. Ши Хоның телефоны шырылдады да, ол сөйлесе бере тұтқаны бізге ұсынды. Дәулет Болатұлы екен.

— Амангелді, қалайсыңдар?

— Жақсымыз, Дәулет аға!

— Жақсы болғандарың жақсы. Амангелді, тез бізге келіңдер. Қазақстан бұйырса тағы бір алтын медаль алуы мүмкін. Сұмдық ойындар өтіп жатыр. Қазір жартылай финал басталады. Жеңіске жетсек, алтын медаль үшін алысамыз. Тез келіңдер! Үлгересіңдер!

      Екі кештің арасында не жарыс? Қолдағы тізімге үңілдік. Семсерлесу спортынан басқалардың бәрі бәсекені аяқтады. Ал шпага ұстағандардың финалға шығуы неғайбілдеу. Дегенмен солай қарай тарттық. Қазақстан командалық сында шынымен де ширақ ойнайтын болыпты. Біз келгенде жартылай финал басталыпты. Ел жанкүйерлері қайдан келсін, Бусанда толып жүр. Бірақ семсерлесу спортынан жеңіс күтпеген ғой. Біз де білмедік. Білсек, ерте келер едік қой. Оларға сенім артқан әрі сенімді ақтайды деп ойлаған агенттік төрағасы ғана. 2002 жылдан бері қанша уақыт өтті. Алайда сол бәсеке әлі де көз алдымызда. Дәулет Болатұлына сәлем бердік.

— Амангелді, атаң қазақ бәйге атына да қиқулап дем берген ғой. Тамақ жыртылғанша айқайлайық. Дәтке қуат дейді. Жігіттерге дәл қазір біздің қолдауымыз әбден керек.

     Өзі барын салып қолдап отыр. Қасындағы бір-екі кісіні де қосып алыпты. Қарсыласымыз осал емес. Оның үстіне алаң иелері. Оңтүстік Корея құрамасы сәл бұрын әлем біріншілігінде медаль алған. Жиырма мың көрерменнің қиқуы тағы бар. Төрт-бесеуіміз бір-бірімізді әрең естіп отырмыз. Дегенмен Дәулет Болатұлының айтқанын тыңдадық. Хасен камерасын ұстап, бейнематериал жинауға кірісті. Галина Полевая екеуміз алақанды да аямай, дауысты да барынша шығарып, тың жұмысқа кірістік. Дәулеттің тіпті төмен түсіп, спортшыларға тақау баруына мүмкіндігі бар. Сол құқын пайдаланып, зу етіп командаға барады. Одан біздің қасымызға келіп, қайта дауыспен демеп, күш береді. Ту сыртынан айқайлауға болмайды, сол себепті бері шығады. Оны енді көру керек. Тап бір тұтас елдің тағдыры шешілейін деп тұрғандай. Шыны керек, Қазақстанның финалға шығатынына аса сеніп тұрған жоқпыз. Әлем біріншілігінде жүлде алған Оңтүстік Корея өз жерінде жеңіле сала ма? Тұрлыханов табан астында түрленіп, бірде төраға, келесі сәтте жанкүйер. Енді Сергей Шабалиннің жеке бапкері секілді. Тек қана Сергей емес, төрт спортшыға да ақыл-кеңесін айтып келеді. Тіпті бапкерлердің де тактикалық жүрісіне өзгеріс енгізді-ау деймін. Күні бойы сілелегеніміз әдірә қалды. Ши Хо мен тілмәш Мишаны да қасымызға қосып алдық. Көлге көмегі тиетін бақаның кейпіндеміз. Секірдік. Ысқырдық. Дәулет Болатұлы да бірнеше кило салмақ тастаған шығар, екі ортада жүгіріп. Алла тағала ниетке береді екен ғой. Қазақстан жеңіске жетті! Бәріміз құшақтасып, секіріп жүрміз. Міне, қызық! Дәукеңнің көзінен жас сорғалап тұр. Бәлі! Өз күле береді. Қуаныш жасы екенін біліп тұрмыз. Сосын тез бойын жиды.

— Жігіттер! Жарадыңдар! Бәрің мықтысыңдар! Сыйақы мәселесін маған қоя беріңдер! Енді тапсырма! Қытайды ұту керек! Финалда!

«Ойбу» дедік іштей. Қытай ұтыла ма? Ұтылса төраға ренжиін деп тұр. Жігіттерге сәттілік тіледік. Абырой болғанда, аренада көрермен сирей бастады. Қытай да аз емес. Дегенмен бағанағы нөпір жоқ. Ең кереметі кәрістер енді Қазақстанға жанкүйер болды. Біздің де жұмыс жеңілдеді. Айналайын Аксенов пен Димов-ай! Олар да бір екен! Барын салды! Қазақстан – чемпион! Ендігі шаттаныстың парқы бөлек. Дәулет аңғал ма, әлде бізді сынағысы келді ме?

— Амангелді, аяқастынан қалай келіп қалдыңдар? Көмектерің қатты тиді, қолдау керек болды жігіттерді. Көбі осыны елемеді. Талайына айттым да. Міне, чемпион атанудың алгоритмі! Қандай керемет, иә! Қазір бұйырса көк туымыз желбірейді. Әнұранымыз шырқалады. Қазақтың мерейінің үстем болғаны. Шыны керек, сол үшін жүгіріп жүрміз ғой, бәріміз.

        Дәулет шынын айтты. Әйтпесе семсерлесу спортында несі бар? Кеш батқан кез. Штабта, әлде анау қонақүйлердің біріндегі қабылдауда отырса да жарасатын еді. Мұнда келмесе біздің команда ары кетсе үздік төрттіктен табылар еді. Көзбен көру керек. Сөзбен жеткізе алмаймыз, Дәулеттің жан дәрмен шағын! Тәп-тәуір қызметі бар Тұрлыханов қолды-аяққа тұрмады. Тіпті финалдың алдында Аскеновтардың білегін уқалап, иығын сипап, қуат бергендей болды. Ши Хо айтатын энергетиканы көрдік, тілегі қабыл! Тұтас елдің спортына діңгек болған Дәулетке деген құрметіміз арта түсіп, қас қарая материал дайындауға кірістік. Агенттік төрағасы сол кезде кезекті жарыс күнін қорытындылайтын жиналысты бастап жатқан болатын. «Жұмысты еңсеріп тастайық. Таңның атуына әлі алты сағат бар», – дедік біз.

Тегтер: