Діни сауатсыздық опық жегізуі мүмкін
Дін – имандылықтың діңгегі, адамгершіліктің бастауы. Алайда ел арасында асыл дінімізді керағар діни ұйымның саяси мүддесіне пайдаланып жүрген теріс пиғылды ағымдағылар бар.
Арбаушылардың ара-жігін ажырату бәрімізге қиындық туғызатыны рас. Сондықтан халыққа діни экстремизм мен терроризмнің сипаты мен оның ащы салдарын түсіндіру шараларын үздіксіз өткізу аса қажет. Діни білімнің төмендегінен қанша жас опық жеуде?
Мәселен, Алматы облысындағы «Дін саласы бойынша мәселелерді зерттеу орталығы» КММ жүргізген мониторинг қорытындысына сүйенсек, былтыр 18 жасқа дейінгілердің 6933-і, 18-30 жастағылардың 10 324-і және 30 жастан асқан тұрғындардардың 4083, сондай-ақ жасын көрсетпеген адамдардың 15 877-і дәстүрлі емес діни ағымдардың әлеуметтік желідегі аккаунттары мен топтарына тіркелген. Олар дәстүрлі дінге жатпайтын топтардың ақпараттарын білместікпен оқып және өзгелерге жіберіп отырған. Мамандардың айтуынша, алғашқыда желіге салынған материалдардың саны – 6 266 623 болса, әлгі жарияланымды аккаунт қолданушылар таратқан кезде 128 527 983-ке бір-ақ секірген.
Білімсіз әрекет – өкінішке әкеледі
Жақында мектеп жасындағы балаларды діни сауаттылыққа шақыратын шараның бірі Алматы облысындағы Р. Тоқатаев атындағы орта мектепте өтті. Мектеп ұжымының ұйымдастыруымен болған кездесуге Еңбекшіқазақ ауданының діни істер жөніндегі инспекторы Сатай Олжас шақырылып, ол оқушыларды толғандырған сауалдарына тыңғылықты жауап берді.
Дін саласын үйлестіретін маман оқушылардың жадына мынадай маңызды мәліметті еске салды:
— Көпшілігіміз жұма күндері «Жұма мүбәрак болсын!» деген араб әліпбиімен жиhатқа шақыратын сурет-видеолар жібереміз. Араб әліпбиін білмей жатып, әр нәрсені жіберуге елікпеген абзал. Мұндай әдеттен арылмасақ, түптің түбінде заң алдында жауапқа тартылатынымыз анық. Сондықтан діни сауатсыздық проблемалық салдарға айналуы мүмкін, – деді діни істер жөніндегі инспектор.
Кездесуде дінтану пәнінің мұғалімі оқушыларға осы тақырыптағы көрнекілік құралдармен таныстырып, бейнероликтер көрсетті.