Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:27, 04 Сәуір 2024

Дипломы бар, жұмысы жоқ

п
Фото: из открытых источников

Қазір университеттегі оқуын аяқтап, қолына дипломын алған жастар қайда барып жұмыс істеймін деп бас қатырады. 

Нарықта жоғары сұранысқа ие мамандық иелері бұл мəселеде аса қиналмаса да, кейбір мамандар көп ойланып, тығырықтан шығар жол таба алмай жатқаны жасырын емес. Жастар арасындағы жұмыссыздық пен жалпы елдегі жұмыссыздық мəселелері де осылай туындайды. Қазіргі таңда аталған проблеманы шешу ісіне мемлекет те назар аудара бастады. Осындай жұмыспен қамту саясатының негізіндегі жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасқан ас кадастр маман Жұлдызай Нартаймен тілдестік. Ол қазір Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының қызметкері. Айтуынша, қалалық жұмыспен қамту басқармасы оған көп септігін тигізіпті. 

«Бүгінде оқуды бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасу қиындау іс. Мен де дипломымды алған соң жұмыс таппай жүріп қалдым. Сөйтіп жүріп өзімнің қатарластарымнан жұмыспен қамту орталығы туралы естідім. Ақырында Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, ақпарат алдым. Ол жақтағы қызметкерлер жеке куəлігімді, үйге тұрақты тіркеуге тұрғаным жайлы құжат, диплом сұрады. Бар болғаны – осы. Құжаттарды тездетіп жинадым да, тіркелуге өтініш қалдырдым. Тіркелген соң жеті ай уақыт өткенде бос вакансия бар екенін хабарлап, мені жұмысқа шақырды. Сəуірден бері орналасып, қызметімді атқарып жүрмін», – дейді Жұлдызай.

Мұндай шараларға кейіпкеріміз секілді біраз жас мамандар жүгінген. Соңғы есептерге сүйенсек, биылғы наурыздағы жағдай бойынша 131,5 мың адам жұмыспен қамту орталықтары мен шараларына барыпты. Соның ішінде 110,8 мыңы жұмыспен қамтылып, 35,3 мыңы тұрақты қызметке орналасқан. Одан бөлек, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқыту, «Бизнес бастау» жобасы бойынша кəсіпкерлік негіздеріне оқыту, əлеуметтік кəсіптік бағдарлаудан өткізу қарқын алып жатыр. Жəне осы жылға жаңа кəсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант, жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық 5 млн теңгеге дейінгі 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру қарастырылған. Жақында ғана сондай грант алған кəсіпкер Əжімбай Мұхамедиярмен арнайы сөйлестік. Ол ат əбзелдерін өндірумен айналысады.

«Грант туралы өзім сынды, бірге аралас-құралас болып жүрген кəсіпкерлерден естідім. Айналамдағылар осындай мемлекеттік бағдарлама бар екенін, оны тиімді пайдалануға болатынын айтып жүрді. Сөйтіп, менің де қызығушылығым арта бастады. Ақыры көп жүрмей, құжат жинауға кірістім. Ақпан айында қажетті қағаздың бəрін жинастырдым. Көбіне-көп онлайн қызметтерге жүгінгендіктен аса қиындық тудырған жоқ. Артынша, арнайы құрылған комиссияға жұмысымызды жəне бизнес жоспарымызды таныстырып, қорғап шықтық. Өндіретін өнімдерімді көрсетіп, оған нарықта сұраныс бар ма, жоқ па деген тақырыпты да талқыладық. Комиссия мүшелері жобамды қолдап, арада он күндей өткенде грант иегері атанғанымды хабарлады. Əрине, гранттық қаржылай қолдау ұтып алғаныма өте қатты қуанғаным рас. Артынан бəрі келісімшарт бойынша жүрді. Ақша қолыма тиген соң өндіріске қажетті дүниелерді бірсыпыра алып алдым. Əрине, кəсіпті жүргізіп, жақсы табыс табу үшін қаражат сала беру керек. Алайда бастапқыда жұмысқа кірісіп кетуге осы гранттық қолдау жақсы көмектесті. Ол сома жылдан жылға арта берсе дейміз. Бұл кəсіпкерлер мен өз ісін бастағысы келетіндерге жақсы қолдау болар еді. Кəсібім туралы айтар болсам, елімізде өндіріс орындары тапшы, шикізат қымбаттау. Сондықтан тері, терінің орнына қолданылатын басқа да материалдарды көршілес Қырғызстаннан алдырамыз. Электрбұрғылар, ағаш кесетін электрлі ара, тігін мəшинесін қолданамыз. Одан бөлек, өзіміздің балға, балта-шоттарымыз бар. Теріні өңдеп, жүнін түсіріп, қол жұмысы арқылы жасап шығарамыз. Өнімімізді Қытайдағы ағайындар мен көкпаршылар, ұлттық спортпен айналысатын, мал шаруашылығын жүргізетін азаматтар сатып алады. Қазіргі уақытта бұл отбасылық кəсіп ретінде жүзеге асып жатыр. Уақыт пен біраз күш салсақ, кəсібімді кеңейтемін деп есенемін», – дейді кəсіпкер.

Балауса Ділдəбек

Фото: pixabay

Тегтер: