Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Дімкәс медицинамен «Дені сау ұлт» туралы қиялдау

Ақмарал Әлназарова
Фото: Жас Алаш коллаж

Қазақстандағы денсаулық сақтау қызметінің құны соңғы үш жылда 2,8 есеге өсіпті. Ал қызметтің сапасы 47 пайызға төмендеген. МӘМС пакетіне кіретін қызметтер, дәрігерлік кеңестер, консультациялық-диагностикалық қызметтер қолдан қиындатылып, тіпті шектелген жағдайлар өте көп.

Өткен аптада мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев осы мәселені Мәжілісте қозғады. Ол денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына депутаттық сауал жолдап, бірнеше ұсыныс айтты. Депутаттың ойынша, медицина саласында «бүгін және қазір» қағидатына сай жұмыс істеуді күшейту қажет. Яғни, науқас ауырып барған бетте көрсетілетін қызметтерге негізделген төлемге көшу керек. Медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін өтеуді, оларды толық және уақытылы қаржыландыруды ойластыру қажет. Саланы цифрландыруды және барлық медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды күшейту керек. Егер тағайындалған клиникада тиісті қызмет 10 күнтізбелік күн ішінде көрсетілмесе кешенді медициналық көмек көрсетуді басқа медициналық ұйымға ауыстыру қажет. Сонымен қатар пациент мемлекеттік клиникада қызмет ала алмаған жағдайда жеке клиникада емделуге жіберу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Расында ПЦР, ИФА, КТ және МРТ сынды тексерулерді жасату үшін тұрғындар апталап, кейде бірнеше ай бойы кезек күтуге мәжбүр. Ол мұндай күрделі диагноздардың нәтижесі 10 күннен артыққа жарамайды.

«Мамандарға жазылу мүмкін емес, бірақ «олардың жұмыс кестесінде бос уақыт көп» дейді шағымданушылар. Бұл олқылық жүйеленбей келеді. Консультативтік-диагностикалық қызметтерге қолжетімділікті жүйелі шектеу медициналық қызметтердің сапасының төмендеуіне ықпал етері анық. Аса күрделі және жұқпалы аурулардың кеш диагностикалық анықталуы өмірге аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті», – дейді депутат.

Депутаттар да айтады, министр де айтады

Жалпы, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе әлеуметтік мәселелерге қатысты батылдығы ұстап тұратын Мәжілісте бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген. Мәселен, депутат Асхат Аймағамбетов медицина саласындағы қосылған құн салығы (ҚҚС) мәселесін, Жигули Дайрабаев медицинадағы бюрократия мен басқарудағы жүйесіздікті сынаған.

Ауыл медицинасы шала-жансар күйде жатқанын депутат Айгүл Қапбарова айтқан. Оның айтып отырғаны – ауылдық елді мекендерде дәрігерлердің жоқтығы, кейде алғашқы медициналық көмек те көрсетілмейтіні, ауылдарға жас мамандарды тарту және мобильді медициналық кешендердің жетімсіздігі. Айта-айта жақ талған МӘМС жүйесін депутат Ерлан Сайыров та сынап өткен. Ол МӘМС қорының қаржылық есептілігін ашық жариялап, қоғам тарапынан бақылау енгізуді ұсынды. Дәрі-дәрмек пен кадр тапшылығын депутат Ирина Смирнова сынаған.

Тізе берсек, жыл басынан бері елдегі денсаулық саласына қатысты талай-талай мәселе көтеріліпті. Бірақ «депутаттардың сынынан қорытынды шығардық» деген министрді көрмедік. Әйтеуір Әлназарова Мәжіліске барған сайын есептерін тізіп, қазақстандықтардың өмір сүру жасы 75 жастан асқанын, өлім деңгейінің 3 пайызға төмендегенін, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартылатынын, МӘМС жүйесі саланы қаржыландыруда маңызды рөл атқаратынын, балалар денсаулығын қорғауға ерекше назар аударылып жатқанын, тегін медициналық көмекті қаржыландыру артқанын айтады да қайтады. Ал халықтың көргені сол баяғы дәрігерге жазылу үшін кезек күту, қат мамандарға бір айлап талон таппай тентіреу, КТ, МРТ аппараттарына айлап кезек тосу, ауруханаға жату үшін порталдың кезегін алты айлап тосу болып тұр. Есепте тұрғандарға тегін берілетін дәріні алудың жыры тіпті бөлек.

Министр биыл жыл басынан бері тегін емдеуге қаржыландыру артты дейді, бірақ, өзгерген ештеңе жоқ. Мамандарға жазылу, талон алу мүмкін емес. Ал бірақ кейбір дәрігердің алдына барсаң, пациент жоқ, бос отырады. Біз мұның сырын білмек болып, бірқатар ақ халаттыларға телефон шалғанбыз. Газетке аты-жөнін көрсеткісі келмеген дәрігерлердің сөзінше, кейде расымен де бос отыратын сәттер болады. Себебі емханалардың кредиттік қарызы көбейіп кеткен. Сондықтан да емхана басшылары біраз қызмет түріне шынымен де шектеу қояды екен. Мысалы, учаскелік дәрігер бұрын күніне 12 адам қабылдайтын болса, қазір оның саны 7-8 адамға азайған. Кейбір қызмет түрлеріне жолдама берілмейтін болған. Қайсыбір анализдерді пациенттер жекеменшік клиникаларға өз қалтасынан қаражат төлеп тапсыруға мәжбүр.

Қарыз неге көбейді?

Деректерге жүгінсек, 2025 жылы еліміздегі медициналық ұйымдардың жалпы қарызы 113 млрд теңгеге жеткен. Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылдың қорытындысы бойынша медицина ұйымдарының жалпы кредиторлық қарызы 2,5 млрд теңге болған. Павлодар облысында бірнеше медициналық мекеменің қарызы 5,8 млрд теңге шамасында деп көрсетілген. Ал жеке зертханаларға амбулаториялардың берешегі Астана қаласында 5 млрд теңгеге дейін жеткен. Қостанай облысында медициналық мекемелердің қарызы 36 млрд теңгеге жуықтаған.

Ал енді емханалар мен ауруханалар неге бұлайша қарызға батып отыр? «Аналитик» талдау және сараптау орталығының әлеуметтанушы маманы Меруерт Молдабаеваның пікіріне сүйенсек, медициналық ұйымдардың қарызға ұшырауы күрделі мәселе. Бұған себеп, денсаулық сақтау мекемелері көбіне МӘМСжәнемемлекеттік тапсырыс (ТМККК) арқылы қаржыландырылады. Алайда бұл төлемдер уақытылы түспейді, жоспарланған көлемнен аз бөлінеді, тарифтер нақты шығынды жаппайды. Нәтижесінде, емханалар қызмет көрсеткенімен, ақшасын кеш алады, осыдан барып қарыз жиналады. Бұл бір. Екінші бір мәселе, мемлекет бекіткен тарифтер, мысалы, бір пациентті қабылдау құны көбіне нақты шығыннан төмен. Дәрі, құрал-жабдық, коммуналдық қызмет бағасы өссе де, тариф сол күйі қалады. Бұл да мекемелерді шығынға ұшыратады. Айталық, дәрі-дәрмек бағасы жыл сайын 10-15 пайызға өссе, емхана тарифі тек 3-4 пайыз ғана индекстеледі. Үшінші мәселе, кадр тапшылығы мен жалақы қысымы жағадан алады. Медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіру міндеті бар, бірақ оған қосымша қаражат бөлінбейді. Емхана өз қаражаты есебінен төлейді. Нәтижесінде ішкі бюджет тапшылығы пайда болады. Төртіншіден, бюрократия және тиімсіз басқару. Кейбір ұйымдарда қаржылық есеп пен басқару тиімді емес. Жоспарлау, тендер, сатып алу процестері ұзаққа созылады. Артық әкімшілік шығындар туындайды. Бұл да қарыз көлемін ұлғайтады. Емханалар өз қаражаты есебінен ғимарат жөндейді немесе жаңа жабдық сатып алады, себебі мемлекеттік қаржы кешігіп бөлінеді.

«Осының барлығы айналып келгенде қарыздың көлемін өсіре береді. Бұдан соң емханалар қарызға бата бермеудің амалын іздестіріп, медициналық қызмет түрін шектейді. Бұл мәселелер бойынша қаржыгерлер мен экономистердің басын жиып кеңесіп, бір нақты шешімге келмесе, осы бетте тұра беретін болсақ, енді бір үш жылдан кейін халыққа тегін медициналық көмек алу тіптен қиындап, арманға айналады», – дейді әлеуметтанушы.

Маман Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық қызметтің басым бөлігі тегін Швеция елінен үлгі алу керегін айтады. Бұл елде азаматтар мен тұрақты тұрушылар үшін дәрігерге бару, аурухана, жедел жәрдем тегін. Әр өңірдің медициналық кеңесі қаржыландыруды бақылайды. Дәрі-дәрмек бағасы субсидияланады, жылдық төлем лимиті бар, дәрі алу үшін бір адам шамамен 120 евро ғана төлейді. Сондай-ақ Норвегия елін де мысал етеді. Ол елде денсаулық сақтау толықтай мемлекеттік модельде жұмыс істейді. Азаматтар тек аздаған қосымша төлем жасайды. Дәрігерлер мен ауруханалар үкімет бақылауында, медициналық қарыз ұғымы жоқ. Өмір сүру ұзақтығы – 83 жас шамасында. Сол тәрізді, Жапонияда біздегідей міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бар, бірақ халық үшін медициналық қызмет қолжетімді әрі сапалы. Өмір сүру ұзақтығы бойынша әлемде 84+ жаспен көш бастап тұр.

Денсаулық сақтау саласын сауықтыру

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов –Үкіметке денсаулық саласына қатысты ұсыныс айтып жүргендердің бірі. Маманның ойынша, болашақта министрлік жергілікті атқарушы органдармен және қаржылық қатысушылармен бірге ауруханалар мен емханаларды «қаржылық сауықтыру жоспарын» әзірлегені жөн. Мысалы, министрлік пен әкімдік бірлесе отырып кейбір ауруханалардың кредиторлық берешегін жергілікті бюджет пен мемлекеттің қолдауымен өтеу туралы меморандумдар жасау керек. Бұдан кейін тарифтерді, қаржыландыру механизмін қайта қараған жөн.

«Аймақтық теңсіздік өте үлкен. Және шалғай аймақтардағы денсаулық сақтау мекемелеріне қосымша арттыру коэффициенттерін қолдану жайлы айтып жүрмін. Бірақ оны ешкім ескермейді. Инфрақұрылымдық, кадрлық, жабдықтар мәселелерін шешу арқылы ауылдық емханалардың қаржылық жағдайын жақсарту керек. Басқару тиімділігін арттыру, медициналық ұйымдардың қаржылық есептілігін, басқару жүйесін жетілдіру және ақпараттық жүйелерді енгізу, қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Оны шешіп алмай, тегін медициналық қызметтен расымен де халыққа қайран болмай барады. Қазір емхана мен аурухана басшылары халықты емдеуді емес, қарыздан құтылуды ғана ойлап кетті», – дейді маман.

Қазақстан денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-нің шамамен 4-5 пайызын ғана бөледі. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 8-10 пайыз. Қазынадағы қаржының басым бөлігі басқа шығындарға кетеді, ал медициналық жабдықтар мен жаңа технологияларға жетпей қалады. Өңірлердегі емханаларға бөлінетін қаражат адам санына пропорционалды емес. Тарифтік жүйе мен төлем үлгісі ескіргені де шындық. ТМККК және МӘМС аясында қызмет құны «әр процедураға бекітілген тарифпен» есептеледі. Ол тарифтер шынында да көбіне нақты шығынды жаппайды, сондықтан ауруханалар мен емханалар қаржылық тапшылыққа ұшырайды. Нәтижесінде дәрігерлерге сыйақы аз, мотивация төмен.

Сондай-ақ материалдық-техникалық базаның ескіргені тіптен алаңдатады. Бұл ретте ауруханалар мен емханалардың шамамен 40 пайызының ескі құрал-жабдықтармен жұмыс істейтіні жайлы да айтылып жүр. Кей өңірлерде заманауи аппараттар бар, бірақ олардың тілін біліп, аппаратты «шемішкеше шағатын» мамандар да тапшы. Осындай мәселелерді тізе берсек, медицина саласының өзі дімкәс екенін байқаймыз. Ал біз сол дімкәс медицинамен «Дені сау ұлт» жасаймыз деп жүрміз.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ