Діни экстремизммен күрес немесе 40 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары

Дін саласындағы саясатты жүргізуде діни экстремизмнің алдын алу тақырыбы ерекше маңызға ие.
Себебі бұл ішкі тұрақтылық пен елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі. Жалпы, жаһандану жағдайында діни экстремизм тек бір елдің емес, бүкіл әлемнің ортақ проблемасына айналып отыр. Сондықтан көптеген мемлекеттер бұл мәселенің алдын алуға бағытталған нақты саясат жүргізеді.
Дамыған елдерде заңнамалық деңгейде экстремистік ұйымдардың қызметіне тыйым салынып, олардың идеялары мен үгіт-насихатын таратуға жол берілмейді. Интернет кеңістігі де қатаң бақылауға алынып, әлеуметтік желілерде таралатын радикалды мазмұндағы материалдарға тосқауыл қойылады. Сонымен қатар жастар арасында ағартушылық жұмыстар жүргізу, дәстүрлі діни білімді насихаттау, діни сауаттылықты арттыру арқылы радикалды идеологиялардың таралуына қарсы іс-қимыл жүзеге асырылуда. Көптеген елдерде бұрын радикалданған азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу бағдарламалары қолға алынған.
Қазақстан да бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарып келеді. Мемлекеттік органдар мен арнайы құрылған дін мәселелерін зерттеу орталықтары халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Теологтар мен дінтанушылар жастармен, түрме мекемелеріндегі азаматтармен кездесіп, деструктивті ағымдардың қауіптілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар интернеттегі радикалды контенттерге мониторинг жүргізіліп, заңсыз материалдар бұғатталады.
Нақты жұмыстарға тоқталсақ, 2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 40 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары жүргізілді, оларға еліміздің барлық өңірлерінен 1,5 миллионнан астам адам қатысты. Дін істері комитеті берген ресми деректерге сүйенсек, бүгінде басты назар діни экстремизмнің алдын алуға және оған қарсы іс-қимылды онлайн жүргізуге аударылып отыр. Алты ай ішінде 17 мыңнан астам ақпараттық материал әзірленіп, оның 2 482-сі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, ал әлеуметтік желілерде 60 мыңнан астам жарияланым орналастырылған. Ақпараттық жұмыс зайырлы құндылықтарды насихаттауға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және экстремистік идеологияға қарсы тұра алатын тұрақты иммунитет қалыптастыруға бағытталған.
Нәтижелерден интернет желісін бақылау нәтижесінде экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталды, олардың 3 126-сы жойылған. Дінтану сараптамасы 2 мыңнан астам материалды зерделеді. Оның шамамен 70 пайызының қорытындысы оң болды, ал 20 пайызында діни мазмұн белгілері анықталмаған.
Бұл бағытта өзге де жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру жағы назарда. Тағы сенім бостандығы мен діни наным-сенімді бағалау бойынша ұлттық индикаторлар бекітілді. Олар конфессияаралық қатынастардың, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара байланысын, сондай-ақ интернеттегі діни белсенділік көрсеткішін анықтайды.
Балауса ДІЛДӘБЕК