Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:51

Діни қызметкер Иаков Воронцовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Иаков Воронцов
Фото: Азаттық

Иаков Воронцов әкімшілік қамаудан кейін тағы қамауға алынды. Ол бұған дейін есірткі қолданды деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 Қазіргі кезде Воронцовқа «Сату ниетімен есірткі сақтау» және «Есірткі орнын ұстау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Діни қызметкер 72 сағат қамауда отырады.

Өз сөзіне қарағанда, Воронцов айыппен келіспейді. Оған бұл заттарды біреу салып, аяқтан шалмақ болған деп мәлімдеді.

Айта кетейік, Воронцов бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруін және Қазақстанда тәуелсіз православие шіркеуін құру идеясын сынаған соң қызметінен босатылған болатын.

Кейіннен ол Алматыда  10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Воронцовқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы – «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын медициналық емес мақсатта тұтыну» бойынша хаттама толтырылған.

Бұған дейін оның ұсталып, Алматы полициясына жеткізілгені белгілі болған. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі «есірткі тұтынуға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша» қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, тінту барысында ұнтақ тәрізді заттар тәркіленген, ал 1986 жылы туған ер адамның есірткі қолданғаны медициналық сараптамамен расталған.

Воронцовтың адвокаты болған оқиғаның Қазақстан митрополиялық округі өкілдерінің жақында мемлекет басшысына бұрынғы дін қызметкеріне қатысты «алауыздық қоздыру» ісін қайта қозғау туралы жолдаған өтініштерімен байланысы бар-жоғы да нақтыланатынын айтты.

Иаков Воронцов Қазақстандағы Орыс православ шіркеуінің қазақ тілінде құлшылық өткізген алғашқы дін қызметкері ретінде белгілі. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ол РПЦ дінбасыларының бір бөлігінің әскери әрекеттерді қолдау ұстанымын ашық сынаған. 2023 жылғы маусымда Воронцов РПЦ құрамындағы қызметін тоқтатты.

2024 жылы оған «дінаралық алауыздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.