Діни сауаты жоқ жастар тез адасады

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, шілде айында Қазақстанның жеті азаматы «террористік қызмет жасағаны үшін» сотталған. Бұл туралы «Жас Алашқа» ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш комитеттің бізге берген мәліметінше, Түркістан қаласының соты жергілікті тұрғынды 8 жылға соттау туралы шешім шығарды. Ол «шетелдегі террористік ұйымның қызметіне қатысты» деп айыпталған. Бұған дейін ол шетел аумағында ұсталып, арнайы күзетпен Қазақстанға әкелінген.
Сонымен бірге Алматы облысының түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан бір азамат 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Комитет оны «радикалды идеологияның жақтаушысы» деп сипаттады. Ол «кісі өлтіруге әрекеттенгені және терроризмді насихаттағаны үшін» сотталған. Бұған қоса, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарының, Алматы және Астана қалаларының соттары бес азаматты 4 жылдан 8 жылға дейін соттады. Олардың бәрі «терроризмді насихаттап, шетелдегі соғыс қимылдары аймақтарына шығуға әрекеттенгені үшін» істі болған. ҰҚК сотталғандардың аты-жөнін, қылмыстық істердегі радикал ұйымдардың атын атамады. Осының алдында ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаев экстремистік ұйымдардың ел азаматтарын радикал идеологияға тартуы толастамай тұрғанын айтқан. Естеріңізге сала кетейік, шамамен бір ай бұрын Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған ер адам 11 жылға сотталған.
Осындай оқиғалардан соң қоғамда мұндай жайттардан қалай қорғану керек?! Азаматтардың деструктивті ағымдардың үгіт-насихатына түсіп, діни экстремизм арбауында кетпеуі үшін қандай әрекеттер жасаған абзал деген сияқты сұрақтардың маңызы арта түседі. «Жас Алаш» осы және өзге де сауалдарды дінтанушы, ғалым Ерғазы Айдарханұлына қойып көрді.
– Ерғазы мырза, қазір діни деструктивті ағымдардың үгіт-насихатына еріп, түрлі теріс әрекеттер жасайтындар бар. Біз бұдан жастарды қалай сақтандыруымыз керек?!
– Бұл ретте мемлекеттік деңгейде шаралар атқарылып жатыр. Түрлі бағдарламалар, операциялар қолға алынды. Жалпы, ұстанған бағытымыз дұрыс. Әрине, жастарды мұндай қатерден сақтау үшін олар ең алдымен сауатты болуы керек. Діни тұрғыда дәстүрлі өзіміздің дініміз бен салтымызды ұстанған бағытта жұмыс істегеніміз абзал. Ол үшін, әрине, әрбір аймақтағы мешіттерден бастап, жергілікті құзырлы орындарда түрлі шаралар жүргізу қажет. Бұл мәселемен айналысуды тек қана ҰҚК-ге артып қоюға болмайды. Жан-жақты дамығанымыз жөн. Білімді, саналы ұрпақтарымыз болғанда ғана біз бәйтерек тәрізді жайқаламыз. Дін дегеннің өзі өте нәзік нәрсе. Оның бірнеше тармақтары бар. Әуелі соны зерттеп, зерделеп барып ұстанбаса, оның жолы қиын болады. Қазір кейбір азаматтардың адасып жатуының өзі діни сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу жастар болса олар адаспайды дер едім.
– Қазір антитеррористік бағыттардың қайсысын нәтижелі деп айта аласыз?!
– ЖуырдаАқтөбе, Атырау облысы мен Шымкент қаласында терроризмді насихаттағаны, террористік қызметке адам тартқаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін бірқатар азаматтар сот үкімімен кінәлі деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар айналасындағы адамдарды шетелде террористер жағында соғыс қимылдарына қатысуға және діни себеппен күш қолдануға үгіттеген. Өздерінің радикалды көзқарастарын интернеттегі экстремистік материалдарды зерттеу арқылы нығайтып отырған. Өткенде ҰҚК-нің басшылары биыл жыл басынан бері 400-ден астам оқу-жаттығу мен терроризмге қарсы дайындықтар ұйымдастырылғанын айтты. Осы ретте «Найза-Антитеррор-2025» оқужаттығу шарасы өткен. Бұл шарада терроризмге қарсы күрестегі мемлекеттік органдардың «гибридті» қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайындығы тексерілген. Бұған қоса, комитет ұлттық мүдделерді, конституциялық құрылысты және қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға ерекше көңіл бөліп отыр. Ондағы басым бағыттардың бірі – ұлттық экстремизмге, сепаратизмге және азаматтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға тартуға қарсы тұру. Жалпы осы іспеттес шараларға көңіл толады. Дегенмен әлі де осындай шаралардың ауқымын кеңейтіп, қауіпсіздікті арттырған маңызды.
Сұхбаттасқан Қ.САЙЛАУ