Діни сенім және құқықтық сауаттылық

Қоғамдағы тұрақтылыққа әсер ететін өте көп ұғымдар мен процестер бар. Соның ең негізгісі – заң үстемдігі. Бүгінде «Әділетті Қазақстан» дегенді жиі айтып жүргеніміз де содан. Ал бұдан тыс рухани мәдениеттің үйлесімі де аса маңызды.
Әрине, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда бұл ұғым діни сенімнен бас тарту немесе руханиятты елемеу дегенді білдірмейді. Дін мен заң бөлек қаралса да, дін мен қоғамды бір-бірінен оқшаулау мүмкін емес. Бірақ әрдайым белгілі бір тепе-теңдікті сақтау қажет. Ол үшін азаматтардың заңға келгенде де, дінге келгенде де сауатты болуы керек.
Сенім – жүрекке орнаған құндылық. Ал заң – сол сенімнің шектен шықпай, өзге азаматтардың құқығына нұқсан келтірмеуін қамтамасыз ететін құрал. Осы екі ұғымның арасын нақты ажыратып, өзара шекарасын білу құқықтық сана мен мәдениеттің белгісі. Өкінішке қарай, мұндай сана бәрінде бірдей қалыптасқан дей алмаймыз. Кейбір азаматтар өздерінің діни сенімдерін заңнан биік қояды, ал кейбірі мүлде дінге қатысты құқықтарын білмейді
Мысалы, конституциямыз әрбір азаматқа ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Әр адам өз сеніміне сай дінді ұстануға, таратуға немесе мүлде дінсіз болуға құқылы. Бірақ бұл бостандық шекарасыз емес. Ол басқа адамның құқығы мен еркіндігі шектелмеген жағдайда ғана жүзеге аса алады. Осыны түсінсек, дін мен құқық арақатынасы түсінікті бола бастайды.
Кейбір азаматтар дәл осы білім мен біліктілік, сауаттылық жетіспегендіктен, түрлі діни ағымдарға көзсіз ілесіп кетіп жататыны да айтылуда. Әрі бүгінгі таңда дін саласындағы теріс идеологиялар мен деструктивті ағымдардың белсенділігі күшейіп отырғанын да жасыра алмаймыз. Тағы қоғамда өзге дінді ұстанушыларға қысым көрсету, діни киім киюге қатысты шектен шыққан пікірлер немесе белгілі бір мерекелерді жоққа шығару сияқты әрекеттер заңмен реттелетінін ескере бермейміз. Мұндай жайттар әртүрлі деңгейдегі конфликтілер мен ішкі алауыздықтың тұтануына алып келуі мүмкін.
Бірақ бұл ережелер туралы ашық ақпарат аз. Жүйелі түсіндіру жұмыстары да көп емес. Осы секілді мәселелерді шешу үшін білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдары әртүрлі тәсілдерді қарастырып та жатады. Әрине, дін саласындағы құқықтық сауаттылықты қалыптастыру тек құқық қорғау органдарының немесе дін істері комитеттерінің ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігіне айналуы тиіс. Мұғалімнен бастап, имамға дейін, журналистен бастап, ата-анаға дейін бұл мәдениеттің қалыптасуына үлес қоса алады. Осы орайда, заңды білу ғана емес, өз құқықтарыңды қорғай алу, кімге, қалай жүгінуді білу де қажет. Заңды құқықтың бұзылғанын біле тұра, мән бермеу, үндемеу, елемеу сынды нәрселердің де болмағаны абзал. Ал оның бәрі түптеп келгенде азаматтардың заң аясындағы сауаттылығы мен діни түсініктерінің де саналы болуына байланысты.
Альфия Жәнібекқызы