Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 02 Қазан 2023

Дофамин гормоны және псевдопсихологтар

псевдопсихолог
Фото: из открытых источников

Қазір екінің бірі «менде депрессия», «стресте жүрмін» дегенді жиі айтады. Аталған ұғымдар басым аурырып тұр деген секілді қалыпты, жеңіл сипат ала бастаған. 

Шын мәнінде мұндай салмақты медициналық қорытындыны тек арнайы маман жасай алады. Ал халықтың бұлай тегіс «депрессияға түсуіне» әлеуметтік желілердегі псевдопсихологтар мен коучтардың «жалпақ шешейлігі» себеп десек те болады. Курстарында ананы бір, мынаны бір шалып, психологиядағы терминдерді оңды-солды қолданатын мотиваторлар халықтың санасына рухани ауруды өздері егіп жатқандай көрініп кететіні бар.

«Жас Алаш» осы мәселені талқыға салып көрді. Дөңгелек үстелге әлеуметтанушы, әлеуметтану ғылымының кандидаты Құралай Әділжанқызы, психолог, психоаналитик Назигүл Темірғалиева, қоғаммен байланыс (PR) маманы, философия ғылымының докторы Нұрлан Балпанов қатысты.

Жас Алаш: – Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы сатылатын онлайн курстар көп. Соның ішінде «психолог», «коуч» мамандардың дәуірі жүріп тұр. Өйткені сұраныс артқан. Мұның әлеуметтік себебі неде? Неліктен халық жаппай осындай дүниелерге құмартып алды?

Құралай Әділжанқызы: – Иә, қазір психологтар мен коучтардың саудасы қызып тұр. Бұл дүние неге сонша танымалдылыққа ие болып жатыр десек, ең қарапайым жауап – тың дүниелер қашан да адамды қызықтырады. Аталған сала инфобизнестегі жаңа тренд. Әлбетте, трендтер әртүрлі, біреуі келеді, біреуі кетеді. Бұл да сондай жалт ете қалатын «модалардың» бірі. Бұған дейін Қазақстанда психология аса танымал болмағандықтан, халық бұрыннан отбасылық, кәсіби, жеке мәселелерді шешу үшін психолог, коучтарға жүгінбегендіктен, аталған сала мамандарының тұлғалық консультант ретіндегі коммерциялық образы қалыптаспағандықтан, біз үшін бұл жаңа нәрсе деп айтуға әбден болады. Мәселен, бұрын психологтың кеңесін алуға бару біртүрлі ұят саналатын еді ғой. Ал қазір ол стереотип біртіндеп жойылып келеді. Тағы бір қырынан қарасақ, онлайн курстар карантиннен қалған әдет. Оның екі тармағы бар. Біріншісі, пандемия кезінде әлеуметтік желінің жалғыз еркін алаң болуы, екіншісі, адамдардың күтпеген әрі ұзақ оқшаулану кезеңінде психологиялық көмекті қажет етуі. Осы факторлардың әсерінен соңғы уақытта психологтар мен коучтардың сөзі де, өзі де қызық болып отыр.

Ал тұтынушыларға келсек, халық деген жалпы түсінікпен емес, әлеуметтік топтарға бөліп қарастырған дұрыс. Мұндай онлайн курстарды көбіне қандай әлеуметтік топ алады? Әлбетте, жауабын бәрі біледі, үйде отырған әйел адамдар мен студенттер. Дәл осы әлеуметтік топтар арасында инфобизнестің ықпалы жоғары. Өйткені олардың тұрақты табыс көзі жоқ, іштей мазалайтын триггерлері көп, саланы талдау тереңдігі мен кеңдігі әлсіздеу, ал эмоционалды қажеттілік жоғары. Сондықтан да иммунитеттері де трендтердің әсеріне әлсіздеу болып келеді. Одан бөлек, жалпы қоғамда әлеуметтік проблемалар көп екені жасырын емес. Адамдар мәселесін айтқысы келеді, тыңдағанын қалайды. Одан соң шиеленістерді шешудің жолын, жұбату, жұбаныш іздейді де осындай 5-10 мың теңгелік курстарға жүгіреді. Бір жағынан, әйтеуір құр жатқан жоқпын, ізденіп жатырмын деген ой болатын секілді. Бірақ кез келген нәрсені нәтижеге қарап бағалаған жөн. Мұндай инфоөнімдерді ақша, уақыт жұмсап, оқып жатқанмен, айтарлықтай нәтиженің болуы неғайбыл. Курстар, интенсивтер мен вебинарлар көбейген сайын үйреншікті болып кететіні өз алдына. Оны қоғам түсініп келе жатыр. Осылай-осылай пайдасыз курстардың өзектілігі төмендей береді.

Нұрлан Балпанов: – Қазір ғаламтордың заманы. Кімде әлеуметтік желі бар, соның бәрі инфобизнес өкілдерінің потенциалды клиенттері. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән тенденция. Басып айтатын бір нәрсе, кез келген жаңа трендке уақыт керек. Егер, уақыт сынағынан өтсе, тренд нормаға айналады. Яғни бір кездері жаңа болған құбылыс қалыпты болып кетеді. Алайда инфобизнестегі көп тренд қазірдің өзінде әлсіз екенін көрсетіп қойды. Адамдар күйді, алданды, нәтижесіздігін түсінді. Жалпы айтқанда инфоөнімдерге күмәнмен қарай бастады. Мұндай кезеңдерде халықтың санасында образы әлі былғана қоймаған, қолайлы позицияда тұрған жаңа нишалар келіп, ескінің орнын ауыстырады. Соның бірі – осы лицензиясы жоқ психологтар мен дипломы жоқ коучтар. Интернет-маркетинг арқылы жаңа дүниені көп сатылы жүйемен «қыздырасың», одан соң баяғыдан қалыптасқан шаблонмен жарнамасын жасайсың. Ең қызығы – сатып алатындар көп. Себебі мұндай жарнамалардан соң эмоционалды сана шешім шығарады. Маркетологтар да ақылмен көндіре алмайтынын біліп, бар күшті адамның эмоциясына әсер етуге бағыттайды. Әрине, бірен-саран жақсы инфоөнімдер де бар екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ жартысынан көбі – дерлік шикі, таяз, ешқандай да жаңа білімі жоқ, бірақ бағасы қымбат. Ахмет Байтұрсынұлы айтатын екі бөшке секілді. Шуы жер жарғанмен, ішінде түк жоқ. Айғайлаған жарнамамен өнімді сатады, ар жағы сылдыр су. Бір жағынан бұл тренд шетелден келгені сөзсіз ғой. Бізде бұрыннан «копировать, вставить» деген жүйе. Саясатта да, ғылымда да, медиада да, инфобизнесте де сол. Ал осы біздегі ақпаратты шетелге барып айтса, оны ешкім тыңдамайды да, алмайды да, тіпті мойын бұрып қарамайды. Яғни біздің деңгейіміз, халықтың талғамы әлі осындай. Жылтыратып орап берген қорапқа мәзбіз. Десек те, бұдан да өтерміз. Уақыт өте мұндай инфоөнімдер мен салалардың қызығы да, өтімділігі де азаяры анық.

Ж.А: – Тенденцияның өзі белгілі бір сұраныстарды қанағаттандыра алғандықтан ғана тенденцияға айналады ғой. Жақсы, жаман болса да өнімдер сұраныс бар болған соң сатылады. Осы орайда, қоғамды жаппай жайлаған жан дерті бар деп айта аламыз ба?

Назигүл Темірғалиева: – Әр заманда өзін түсінбеу болады. Бұрын аз еді, қазір көбейді деуге де келмес. Алайда қазіргі қоғам ауыспалы, өмір ритмі тез. Ақпарат ағыны алапат, әрі адамда әрдайым бейімделіп отыру қажеттілігі бар. Физикалық еңбек аз да, миға түсетін салмақ өте көп. Ал бұл эволюция заңдары мен адамның биологиялық жаратылысына жат нәрсе. Сондықтан жалпы адамзатта рухани әлсіздік белгілі бір деңгейде өскен секілді. Бәлкім, ол рухани, менталды қажеттіліктердің артуымен байланысты шығар. Тағы бір фактор – дофамин гормонының дисбалансы. Бір қарағанда, сенімсіз естіледі. Бірақ гормоналды сана адамның ішкі сезімдері мен сыртқы мінез-құлқына айтарлықтай әсер етеді. Дофамин өз табиғатында нейромедиатор, жақсы эмоциялар мен ләззат, рахат сезімін беретін гормон. Мәселе сонда, қазіргі таңда дофаминнің бөлінуіне стимул болатын триггер көп. Мысалы, тәтті не майлы тамақ, әлеуметтік желілер, кофе, шопинг, компьютердегі ойындар, теледидар қарау, музыка сынды әртүрлі нәрселер күнделікті әдетке айналған. Сәйкесінше, мида аталған гормон көп бөлінеді. Осылайша, ағзада шамадан тыс арта берген соң дофамин рецепторлары тозады да жақсы сезімдерді азырақ сезетін болады. Яғни сізді қуантуы керек нәрселер уақыт өте келе қуанышты болудан қалады. Бұған қоса, жаңа айтылғандай, пандемиядан кейін адамдарда күйгелектік пен депрессия көбейді деуге де келеді. Әрі экзистенциалды тоқырау да салыстырмалы түрде жиі ұшырасатын болған. Осындай әртүрлі әсерлерден адамда ішкі қайшылықтар мен эмоционалды шаршау, моральдық көмекке деген сұраныс артуда.

Қ.Ә: – Бұл жерде әлеуметтік желілердің әсерін де атап өту керек. Ол болмаған кезде де «жұрттың баласы» деген бар еді. Ал қазір желідегі посттар мен рилстарды қарап отырып, өзіңді өзгелермен салыстыру, төменірек сезіну бейсаналы түрде орын алады. Мен табысты емеспін деген ой қалыптасып қалады. Осылайша, жетістік ұғымын дұрыс түсінбей, өзіңді салыстырмалы бағалау психологиялық қысымды көбейте береді. Бұған жаңа айтылған қалалық қу тіршілік пен жылдам өмір ритмі қосылады. Соның әсерінен расымен рухани әлсіздік белең алып бара жатқандай. Негізі кітап оқып, жан-жақты ізденсе мұндай ішкі сұрақтарды адам өзі-ақ шеше алады. Бірақ көпшілік ізденуге ерініп, дайынға жүгіреді. Әйтпесе, сол онлайн психологтар мен коучтар ақпаратты қайдан алады? Олар да ашық сатылымда тұрған, жалпыға қолжетімді кітаптарды оқиды, шетелдік курстардың, тренингтердің видеосын қарайды, интернетті сәл ақтарады. Сөйтіп, сол қарапайым дүниені халыққа айтып, сатып отырады.

Ж.А: – Қажеттілік бар делік. Осы сұраныстарды өтейтін мамандарға келейікші. Әлеуметтік желілердегі психологтардың, коучтардың кәсіби классик психологтардан айырмашылығы қандай? Бұл мамандар адамның ішіндегі мәселені толық шеше ала ма? Шеше алған күннің өзінде олардың көмегі уақыт өте келе тәуелділікке шалдықтырып, антидепресанттар секілді қажеттілік емес, әдетке айналуы да мүмкін секілді...

Н.Т: – Классик психологтар дегеніміз – жоғары оқу орнын тәмамдаған, біліктілігін арттырған, психологиялық қауымдастықтарға мүше, дипломы бар кәсіби маман. Дипломы бар, бірақ кәсібилігі жоқ психологтар да жетерлік. Және ел естігісі келетін сөздерді айтып, жанды жерді басып, аудитория жинап, инстаграмның тікелей эфирінде «кеңес» беретіндер де бар. Мұндай онлайн психологтардың жеке анализі, индивидуалды немесе топтық терапиясы жоқ. Бұл «Психологтар кодексіне» сәйкес келмейді. Және аталған кодекс бойынша кәсіби маман өз құзыреті жүрмейтін, қызмет көрсетпейтін бағытына байланысты сұрақпен келген пациентті немесе клиентті қажетті сала маманына жолдайды. Ал әлеуметтік желідегі психологтар мен олардың курстары жалпылама. Яғни айырмашылық ең алдымен білімде. Одан соң жұмыс істеу принципінде. Бізде психолог ретінде өз бетіңше жұмыс істеу үшін тек диплом қажет, лицензия талап етілмейді. Ал әлеуметтік желіде психологпын деп отырғандардың көпшілігінде диплом да жоқ. Коучтарға келсек, бұл бір нүктеден екінші нүктеге жету жолында ақыл-кеңес айтатын «маман». Олар да өз жарнамалары мен курстарында психология элементтерін аз қолданбайды. Бірақ біліктілігіне келсек, көріп отырғанымыздай, көңілі қалаған адам ойына келгенін айтып, сабағын сата беретін болған. Бір жағынан олар халықтың алдында, көппен жүреді. Яғни психологияны теориялық таныту тұрғысынан үлестері бар. Әлбетте, психологияның қажеттілігіне, бірақ мұндай курстардың тиімсіздігіне көзі жеткен халық бірте-бірте онлайн мамандарды тастап, кәсіби қызметкерлерді іздейді. Бұлай деуге негіз де бар. Осыдан 2-3 жыл бұрын қатты дүрлігу болды ғой. Ал қазір халық коуч-мотиваторлар мен кәсіби мамандардың ара-жігін ажырата алады. Тағы бір айырмашылық – көрсетілетін қызметтің құнында. Кәсіби психологтың бір сағаттық қабылдауы 60-100 мың теңге болуы мүмкін. Ал мұндай ақшаға бір айлық немесе одан да ұзақ мерзімді онлайн курс алуға әбден болады.

Осы орайда, псевдопсихологтармен қатар псевдодиагноз да көбейгенін айта кету керек. Негізі жандағы дерттің диагностикасы өте маңызды. Себебі тура басқа да медицина салалары секілді психологияда да қате диагноз қою қате емшараға әкеледі. Дұрыс емес диагноз ситуацияны дұрыс бағаламай, қате интерпретация жасаған кезде пайда болады. Сондықтан да біз кейде, тіпті 10-12 сессияға дейін тек негізгі мәселені табу үшін жұмыс істейміз. Өйткені адамдар әртүрлі. Психология сонысымен қиын. Ал онлайн курстар сізге не керегін білмей жатып, телефонның ар жағынан ақылды қарша боратады. Адамдар болса әртүрлі керекті-керексіз ақпаратты естіп, анық-қанығына көз жеткізбестен, өздеріне-өзі диагноз қоя бастайды. «Мен депрессияда жүрмін», «қазір апатиядамын», «менде выгорание» деген секілді сөздерді жиі естіп кеткеніміз содан. Ал бұл шын мәнінде коуч түгілі психологтар шеше алмайтын мәселелер. Мұндай күрделі диагноздармен жоғары білімі мен квалификациясы бар психотерапевт, ал асқынған ауыр жағдайда психиатр дәрігер айналысады. Ал түрлі деңгейдегі емнің әсер ету-етпеуі алдымен пациенттің өзіне және мәселесінің күрделілігіне байланысты.

Психологиялық көмек уақыт өте келе тәуелділік туғызбай ма деген сауалға келсек, адам баласы ешқашан толық тәуелсіз болмайды. Тек бір тәуелділікті екінші тәуелділікке ауыстырып отырады. Әртүрлі зиянды тәуелділіктерді тұрақты консультацияға деген тәуелділікке ауыстырса, ол оңтайлы шешім болары даусыз. Тәуелділік туындаған күннің өзінде ол бір қауіпті, жаман нәрсе деп ойламаймын.

Ж.А: – Пікірлеріңізге қарасақ, онлайн курстар жарнамасы мықты болған соң ғана сатылып жатыр. Осындай нәтижесіз, пайдасыз өнімдердің өзін өткізу қалай жүзеге асып жатыр сонда?

Н.Б: – Әуелі адамның санасына байланысты. Ал түптеп келгенде мықты маркетолог немесе шебер пиар маманы кез келген сапасыз дүниені сатып бере алады. Олар нарықты, сұраныстар мен қажеттіліктерді зерттейді. Нәтижесінде, пайдасыз өнімді тұтынушылардың эмоциясына әсер ету арқылы өткізеді. Яғни сатып алуға итермелейтін қысым көзі – эмоция. Және бүгінде адамдардың эмоционалды санасына әсер етудің ең көп тараған түрі жеке бренд қалыптастырып, образ арқылы сату әдісі. Егер бұл процеске стратегиялық тұрғыдан қарасаңыз, онда жеке бренд танымал және ықпалды маман болуға, мансаптық өсуге, клиент табуға, қоғаммен берік байланыс орнатуға және дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі. Мысалы, әлеуметтік желілердегі парақшада дисциплина мен жетістікке толы, бәрі бар, бәрі керемет деген контент көрсетіледі. Актерлік, ораторлық шеберлігі мықты инфокәсіпкер өзіне деген сенім қалыптастырып, харизма арқылы аудиторияны баурап алады. Демек, өз өніміне де жақсы пікір қалыптастырады. Осылайша, инфобизнесте ақпаратты емес, образды сатады. Кәсібилігін, кепілдікті, нәтижені сатады. Әрине, иллюзия түрінде. Себебі мақтаулы инфоөнімдерінің мазмұны баяғыдан айтылып келе жатқан қарапайым қағидалар мен қолжетімді ресурстардағы деректермен шектеледі. Өкінішке қарай, халық соған алданады. Мұндай контент жасап, ақша табу, әрине, жеңіл. Алайда уақыт өте келе сапасыз курс авторлары өз имиджін құртып, халықтың сенімінен айырылады. Бір жағынан жаңа есімдер де келе береді. Себебі бұл нарықты қадағалап, реттеп отырған ешкім жоқ.

Қ.Ә: –Негізі біздің коуч, психологтарымыз жанымызда жүр. Тәжірибесі бар аналарымыз, әкелеріміз, әпкелеріміз, көпті көрген кісілер жетерлік. Ақша төлеп, барып жатқан адамдардың көбі солардан артық білмейді. Мысалы, үй шаруасында отырған немесе декреттік демалыстағы келіншектер блог жүргізіп, артынан коуч болып, «психологиялық кеңес» беріп жүр. Тіпті жап-жас қыздардың өзі. Көбі әлі студент немесе отбасын құрмаған. Олар не ақыл береді? Не айтып, не үйретеді? Осыны ойлану керек. Өз көзіммен көрдім, отбасын құрғанына бір жыл да болмаған маман отбасылық мәселелер жөніндегі коуч болып жұмыс істеп жүр. Етігі жоқ етікші ғой бұл! Діни бағыттағы бір атышулы курсты ашып қарасам, бір істі бастамас бұрын мал сойып, құрбандық шал, Құран оқытып, таратып жібер, ары қарай ісің жүреді дейді. Бұл баяғыдан ата-әжеміз айтып жүрген нәрсе емес пе? Зерттеу үшін бірнеше курсты сатып алып, қатысып та көрдім. Сараптадым. Сонда айтып жатқандары – әке-шешесі қызы тұрмысқа шығып бара жатқанда айтатын ақылы. Бірақ ел-жұрт коучтардан осындай қарапайым нәрселерді ақшаға алып отыр. Себебі жарнамасы керемет. Халық бір пәсте өзгере қаласың, аз төлеп, көп нәтиже көресің деген эмоционалды иллюзияларға еретіні өкінішті. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» дегендей-ақ, айтып отырғаны әшейін дүние, ал жарнамасы ғаламат. Сондықтан білім іздеген адам, курс аларда, не бір кеңесшіге жүгінерде рационалды ойланып, шешім қабылдауға, маркетингтік айла-шарғыларға алданбауға дағдылануы керек.

Дөңгелек үстелді жүргізген –  Баян Мұратбекқызы