Доха отқа оранды, НАТО аспанына сызат түсті

9–10 қыркүйек күндері әлемдік саясат алаңында екі ірі оқиға қатарынан тіркелді. Израиль Катар астанасы Дохадағы ХАМАС басшылығына әуеден соққы жасап, кейінгі жиырма жыл бойы «бейбітшілік алаңы» атанған Катардың делдалдық рөліне күмән тудырды.
Ал дәл осы уақытта Ресей дрондары алғаш рет Польша әуе кеңістігін бұзып, НАТО күштері оларды атып түсірді. Бір жағынан – Таяу Шығыстағы қақтығыс жаңа деңгейге шықса, екінші жағынан – Шығыс Еуропада соғыстың шекарасы кеңею қаупі күшейді.
Израиль Катарға әуеден соққы жасады
Израиль билігі ресми түрде шабуыл ХАМАС-тың саяси штабына бағытталғанын хабарлады. Al Arabiya дерегінше, соққы кезінде ұйым жетекшілері – Халиль әл-Хайя, Захер Джабарин, Халед Машаль және Низар Абдалла қаза тапқан. Бұл уақытта қозғалыстың бүкіл басшылығы Трамптың Израильмен келіссөз жөніндегі ұсынысын талқылап отырған.
ВВС-дің жазуынша, ХАМАС-тың келіссөз жүргізуші тобы нысанға алынғанын, бірақ жетекшілер аман қалған. Дегенмен әл-Хайяның ұлы Хумам мен оның көмекшілерінің бірі қаза тапқаны белгілі болды. Катар соққы ХАМАС резиденциясына тигенін растады. Оқиға барысында Катар қауіпсіздік қызметкері де көз жұмған.
АҚШ билігі Катарға алдын ала ескерткенін мәлімдесе, Доха мұны жоққа шығарды. Премьер-министр Мұхаммед бен Абдурахман әл-Сани болса, АҚШ-тан қоңырау соққыдан 10 минут өткесін жеткенін айтып, оқиғаны «мемлекеттік терроризм» деп бағалады. АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің әрекетіне «қатты наразы» екенін білдіріп, Катар АҚШ-тың жақын одақтасы әрі бейбітшілік үшін делдалдық жасап жүрген ел екенін мәлімдеген.
2023 жылдың қазан айында ХАМАС Израильге шабуыл жасаған соң, дәл осы Катардың делдалдығымен тараптар уақытша бітімге келіп, 105 кепілдегі Израиль азаматы 240 палестиндік тұтқынға айырбасталды. Алайда 2024 жылы Доха келіссөздерден уақытша шыққан еді. Тек АҚШ-та билікке Дональд Трамп келген соң ғана Катар қайтадан делдалдық процеске оралды. Guardian газетінің жазуынша, 2025 жылдың жазында Катар 10-нан астам бітімгерлік процеске қатысып жүрген. Оның ішінде Африкадағы қақтығыстар да бар. Әсіресе кепілге алынғандарды босату ісінде Доха әлемге «нөмірі бірінші келіссөз жүргізуші» ретінде танылды.
Израильдің Дохаға жасаған соққысы Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ және Еуропалық одақ тарапынан қатаң сынға алынды. Еуроодақ бұл әрекетті халықаралық құқықты бұзу деп таныса, БАӘ «ашық соққы» деп атады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болса, операцияны «толық негізді» деп атап, оны Иерусалимдегі атыс пен израильдік сарбаздардың қазасына жауап деп мәлімдеді.
Бұл оқиғадан кейін Катардың әлемдік делдал ретіндегі болашағы бұлыңғыр күйде қалып отыр. Катардың ресми билігі әзірге делдалдықтан бас тартатынын жарияламады. Дегенмен мұндай шабуылдан кейін Доханың бұрынғы беделі сақтала ма, жоқ па – белгісіз.
Алғаш рет НАТО аймағында Ресей дрондары атып түсірілді
Ресейдің Украинаға жасаған кезекті әуе шабуылының салдары бұл жолы Польшаға жетті. Түн ортасында Польша аумағына кірген бірнеше ресейлік дронды Польшаның әуе күштері НАТО қолдауымен атып түсірген. Бұл оқиға Варшаваның алғаш рет көршілес елдегі соғысқа тікелей араласуын білдіреді. Польша билігі жағдайды «агрессиялық әрекет» деп атады. Премьер-министр Дональд Туск НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен «тұрақты байланыста» екенін айтып, таңғы сағат 8:00-де министрлер кеңесінің шұғыл отырысын өткізген.
Дрондардың әдейі Польша аумағына кіргені шетелдік БАҚ тарапынан жазылып жатыр. Ал Польша әскерилерінің мәліметінше, радарларда 10-нан астам нысан тіркелген, оның ішінде қауіпті деп танылғандары жойылған. «Аумаққа кірген кей дрондар атып түсірілді. Құлаған жерлерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр», – делінген Польша армиясының ресми мәлімдемесінде. Reuters агенттігі НАТО дереккөздеріне сілтеме жасап, Польша аумағына кірген дрондардың саны 6–10 аралығында екенін хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, бұл әрекет әдейі жасалған. Дрондарды жою операциясына Польша F-16 ұшақтарымен қатар, Нидерландтың F-35 ұшақтары және Италияның AWACS барлау ұшақтары қатысқан.
Қазір Польшада жағдай ушығып тұр. Әскерилер тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақырып, Подляское, Мазовецкое және Люблин өңірлерін қауіпті аймақ деп атады. Польша астанасындағы ең ірі әуежай – Шопен де уақытша жабылды. Flightradar24 дерегінше, бірнеше рейс басқа қалаларға бағытталған.
АҚШ Федералды авиация әкімшілігі Шопенді Польшадағы уақытша жабылған төрт әуежайдың бірі ретінде атады. Олардың қатарында Украинаға жолаушы мен қару-жарақ жеткізуде маңызды саналатын Жешув-Ясенка әуежайы да бар.
Мәскеудің жауабы
Ресей Қорғаныс министрлігі Польша аумағына соққы беру жоспарланбағанын мәлімдеді. Ведомство ресми хабарламасында: «Польша аумағындағы нысандарды жою жоспарланбаған. Қолданылған дрондардың ұшу қашықтығы 700 шақырымнан аспайды», – делінген. Кейін министрлік «бұл тақырып бойынша Польша Қорғаныс министрлігімен консультация өткізуге дайынбыз» деп мәлімдеді. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Бұл мәселені талқылағымыз келмейді. Ол – Қорғаныс министрлігінің құзыреті», – деп қысқа қайырған.
Польша тарапының дерегінше, 10 қыркүйек түні әуе кеңістігіне кірген 19 ресейлік дронның басым бөлігі Беларусь аумағынан ұшып келген. Әскерилер жеті дрон мен бір зымыранның сынықтарын тапқан. Премьер-министр Дональд Туск мұны «Ресей тарапынан бұрын-соңды болмаған арандатушылық» деп атап, НАТО-дан әлдеқайда үлкен қолдау күтетінін жеткізді. Осыған байланысты Польша альянстың 4-бабына сәйкес одақтастарынан консультация сұрады. Еуропалық одақ шабуылды халықаралық құқықты бұзу деп таныса, БҰҰ дерегінше, түні бойы Украина аумағы Волынь мен Львов облыстарын қоса алғанда әуе шабуылы дабылы астында болған.
2022 жылы Польшаға Украинадан ұшып келген зымыран елдің оңтүстігіндегі ауылға түсіп, екі адам қаза тапқан еді. Содан бері Польша аумағына дрон кіру қаупінен сақтанып келген. Бірақ бүгінге дейін ресейлік дрондардың Польшада атып түсірілгені жайлы дерек болмаған. Оған қоса, Варшава бейсенбі күні Ресей мен Беларусьтің «Запад» бірлескен әскери жаттығуларына байланысты Беларусьпен шекараны жабатынын мәлімдеді. Бұл шешім НАТО-ға мүше Литва мен Латвияда да алаңдаушылық туғызып отыр.
Айымгүл Мақсұтқызы