Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:41

Дохаға соққы арқылы Нетаньяху кімге және қандай белгі жіберді?

Доха
Фото: ашық дереккөз

Израильдің Дохаға жасаған соққысы басты мақсатқа жете алмады – ХАМАС жетекшілері аман қалды. Алайда бұл қадам «маңызды үндеу» ретінде бағаланып жатыр.

ВВС-дің жазуынша, Израиль билігі әзірге ХАМАС-тың Катардағы басшыларына жасалған шабуылдың қаншалықты сәтті болғанын ресми түрде хабарлаған жоқ. Дегенмен, жергілікті БАҚ-қа пікір білдірген кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер мен әскери қызметкерлердің айтуынша, топтың бес жетекшісі де тірі қалған.

Соған қарамастан, израильдіктердің басым бөлігі – билік өкілдерінен бастап қарапайым халыққа дейін – бұл қадамды орынды деп есептейді. Сарапшылардың пікірінше, бастысы – нысаналарды жою емес, ХАМАС жетекшілерінің басқа елдерде жасырыну мүмкіндіктерінің барған сайын тарылып бара жатқанын көрсету.

Кейбір талдаушылардың айтуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қадам арқылы ХАМАС жетекшілері паналаған Түркияға да айқын сигнал жіберді. Соңғы уақытта Анкара мен Тель-Авив арасындағы қатынастар күрт нашарлап кеткен еді. Егер президент Режеп Тайып Ердоған бұл ишараны түсінген болса, онда Дохаға соққы беруден Израиль белгілі бір мақсатқа қол жеткізгені анық.

Нысаналар жойылмады

Израиль әскерилерінің дерегінше, соққы кезінде ХАМАС-тың негізгі тұлғалары – Халед Машал, Халил әл-Хайя, Зоҳир Жабарин, Мұхаммед Даруиш және Низар Авадалла Дохадағы бір ғимаратта болған. Бірақ олардың тірі екені хабарланды.

ХАМАС жедел үн қатуда бес жетекшісінің де аман екенін мәлімдеді, бірақ бұған нақты дәлелдер келтірген жоқ. Дегенмен, соққы салдарынан қозғалыстың бірнеше мүшесі, оның ішінде Халил әл-Хайяның ұлы мен жеке қорғаушылары қаза тапқан.

Ойын ережесі өзгерді ме?

Кнессет спикері Амир Охан: «Бұл – бүкіл Таяу Шығысқа жолданған үндеу» деп жазды.

Израиль қоғамында кең тараған пікірге сәйкес, «Израильді жоюды мақсат еткен содырлар еш жерде өзін қауіпсіз сезінбеуі керек».

Сарапшы Сет Францманның айтуынша, ХАМАС жетекшілері 30 жылдан бері Дохада қауіпсіз қашықтықтан отырып, Израильге қарсы әрекеттерді басқарумен қатар, молшылықта өмір сүріп келген.

Израильдің бұл шешімі Таяу Шығыстағы дипломатиялық ойынның шарттарын өзгертті деген пікірлер бар. Енді Тель-Авив Батыстың қолдауын күтпестен, біржақты қадамдар жасауға дайын екені байқалады.

Тегтер: