00:19, 25 Желтоқсан 2018
Докторант Майғазиев проректор бола алады

Докторант өзі оқып жатқан академияда проректор бола алады. Қарапайым тілмен айтқанда, оқушы «завуч» бола алады деген сияқты ғой.
Оқушы болғанда, бастауыш сынып окушысы емес әрине, 11-сыныптың оқушысы директордың орынбасары қызметіне тағайындалып, әп-сәтте өз ұстаздарының бастығы болып шыға келеді… Эстрада әншісі Сәкен МАЙҒАЗИЕВТІҢ Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының проректоры атанғанына да біршама уақыт өтті. Әлеуметтік желілер арқылы жаңа лауазымды қызметін сүйіншілеген әншіге әріптестері мен жанкүйерлері құттықтауларын жеткізіп, ықыластарын білдірген еді. Алайда, әншінің бұл қызметке тағайындалуына таң қалғандар да кездесіп жатты. Білім саласында айтарлықтай еңбек өтілі жоқ Сәкен Қордабайұлының бұл лауазымды орынға жайғасуы қаншалықты заңды деген сұрақтың туындағаны рас.Жасыратыны жоқ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы –еліміздің ең іргелі оқу орындарының бірі. Өнер әлеміне қадам басуды мақсат ететін жастар аталмыш білім шаңырағында шыңдалып шығады. Академияға қарапайым оқытушы болып жұмысқа тұрудың өзі – көптеген педагогтар үшін орындалмас арман. Ал қатардағы әншінің бірден басшылық қызметке келуін кейбір мамандар сорақылық жағдай деп санап отыр.«Сәкен Майғазиевтің Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры болуынан осы оқу орнына жақында ғана ректор болып тағайындалған Асхат Маемировтың facebook парақшасы арқылы хабардар болдым. Майғазиев мырзаның халықаралық байланыстарға жауапты проректор болуына бөгет болатын бір мәселе бар. Ол – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығы. Бұл бұйрық бойынша оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми, халықаралық, инновациялық, стратегиялық жұмыс мәселелеріне жетекшілік ететін жоғары оқу орны басшысының орынбасары (проректор) ғылыми дәрежеге ие болуы тиіс. Немесе магистр академиялық дәрежесін Назарбаев университетінде я болмаса шетелде алған болуы тиіс. Өкінішке қарай, Майғазиев мырза аталмыш бұйрықта көрсетілген осынау біліктілік сипаттамаларына ие емес. Бірақ Майғазиев мырза шығармашылыққа жауапты немесе жоғары оқу орнының шаруашылық істеріне жауапты проректор бола алады. Өйткені бұл салалар бұйрықта аталып өтілмеген. Майғазиев тіпті ректор да бола алады. Өйткені елімізде ректор болу үшін ғылыми дәреженің керегі жоқ. Десек те, Майғазиевтің проректор болуына кедергі болатын тағы бір жайт бар. Ол – этика. Докторантурада білім алып жүрген шәкірттің өз профессорларына «басшы» болуы – абсурд. Өркениетті елдерде әркім өз орнында және өз лауазымына лайық жұмыс істейді. Әлемге әйгілі әнші екен деп Элтон Джон Лондон университеті жанындағы Королдік Музыка Академиясының проректоры болмайды, бола алмайды. Өйткені кез келген жоғары оқу орны ғылыми дәрежені бірінші орынға қояды, қоюға міндетті. Өйткені жоғары оқу орындарының негізгі міндеттерінің бірі ғылым өндірісі; тіпті бұл жоғары оқу орны өнер академиясы сынды тәжірибеге бағытталған болса да. Бұл мәселеде мені таңқалдыратыны, жоғары оқу орнының бір әншіге проректор болу туралы ұсыныс жасауы; ал әншінің де бұл ұсынысты қабылдай салуы. Бұл жағдай елімізде жоғары оқу орындарының өзінің негізгі міндетінің не екенін білмейтінін көрсетеді. Егер бұйрық өзгеріске ұшыраған болса, біз білмейтін кейбір мәселелер бар болса Академия ректораты осы кезге дейін халыққа түсіндірме, мәлімдеме жасауы тиіс еді», — деп пікірін білдірді өнертану докторы Молдияр Ергебеков. Бұл мәселенің мән-жайын білу үшін академия ректоры Асхат МАЕМИРОВ мырзаға хабарласқан болатынбыз. Білім ордасының басшысы не себепті таңдау Сәкен Майғазиевке түскенін баяндап берді.«Сәкен Майғазиевтің бұл қызметке тағайындалуы — заң аясындағы әрекет. Оқуын толықтай аяқтап болды деуге болады. Тек докторлық жұмысын қорғау ғана қалды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жаңадан қабылданған бұйрығы докторантты аталмыш бөлім бойынша проректор етіп тағайындауға мүмкіндік береді. Кәсіби шығармашылық еңбек өтілі он бес жылға жуық. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жетекші солисі ретінде абыройлы еңбек етті. Ал нақты педагогикалық-оқытушылық еңбек өтілі 8 жылдан асады. Сондай-ақ аталмыш азамат «Смарт» балаларға арналған өнер мектебінің жетекшісі міндетін абыроймен атқаруда. Оның үстіне кәсіби білікті әнші. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағы бар. Академияға түскен көптеген жас өнерпаздар Сәкенді өзіңе үлгі тұтады. Аталмыш міндетті абыроймен атқара алатынына сенеміз», — деді Маемиров мырза.Фото: reactor.inform.kz