Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:28, 13 Сәуір 2022

Доллар мен рубль сүйкенсе, арасында теңге өледі

None
None

Күні кеше халықаралық валюта қорының өкілдері АҚШ доллары әлемдік нарықтағы үстемдігінен айырылуы мүмкін екенін болжады.

Goldman Sachs америкалық қаржы орталығының сарапшылары доллардың қазіргі жағдайын ХХ ғасырдың бірінші жартысында британиялық фунттың әлемдік резервтік валюта мәртебесінен айырылуымен салыстырды. Бүгінгі таңда доллардың жаһандық төлемдердегі үлесі басым, бірақ АҚШ-тың әлемдік саудадағы үлесі салыстырмалы түрде аз. Құрама штаттары ірі импорттаушы болып табылады, ал елдің сыртқы қарызы артуда. Халықаралық валюта қоры директорының орынбасары, америкалық экономист Гита Гопинат та осындай пікірде. Оның ойынша, Ресейге қарсы салынған санкциялар әлемдік қаржы жүйесінің бөлінуіне әкеліп соғады. Әлемдік саудада басқа валюталар көбірек қолданылып, артынан орталық банктер доллардың үлесін азайтып, валюта резервтерін әртараптандыруы ықтимал.

  Халықаралық сарапшылар доллардың беделі жайлы осылай дегенімен, Қазақстанда көк қағаздың еңсесі биік. Қазақстан қор биржасында доллар әрдайым өтімді. Доллар қымбаттаса, бұғалық салуға көнбейтін инфляция да еліріп кетеді. Қазір елде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің дені 12 пайызға қымбаттады. «Доллар өсті» дегенді желеу еткен алыпсатарлар өнім бағасын күнде өсіріп, елдің есін алуда. Сонда біз «доллар қымбаттаса, бәрі қымбаттайды» деген түсініктен қашан арыламыз? Үкіметтің ойында доллардан арылуға деген ниет бар ма? Доллардың екпінен теңгені қалай қорғаймыз? Ұлттық валютамыз нығаятын күн туа ма?

   Негізінде, қазір ұлттық валютасы жыл сайын әлсірейтін бірқатар елдер біртіндеп, доллардан арылуды жөн санап отыр.  Түркия мен Иран, көрші Ресей де мұндай қадам ұлттық валюталарын «тегеурінді етеді» деп үміттенуде. Түркия мемлекеті қазірдің өзінде Қытай, Ресей, Иран сияқты ірі сауда әріптестерімен «тек ұлттық валютасы арқылы төлем жасауды дұрыс», деп шешкен. Сол сияқты Ресей де соңғы бес жылдан бері доллардан арылу үшін өзінің валюталық резервтерін әртараптандыруға көшті. Бұдан бөлек, геосаяси жағдайға байланысты ширыққан Путин жуырда «газды экспортқа шығару барысында рубльмен есептесеміз», деп те қыр көрсетіп қойды.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділдә Баяхметовтың айтуынша, Армения, Грузия, Әзірбайжан, Түркия, Иран елдері де долларға қарсы қимыл жасауда. Ал Қазақстан үшін долларға тәуелділіктен арылу қаншалықты маңызды?!

   2015 жылы Қазақстан да доллардан бас тартуға қатты көңіл бөлді. Долларсыздандыру саясатын іске асыруға байланысты арнайы жоспар да құрылды. Сол кезегі Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2015 жылдың соңында белгілі бір жұмыстар жүргізбейінше, нәтижеге жете алмайтынымызды, нақты нәтижелер туралы бір жылдан соң айтуға болатынын мәлімдеді. Бірақ бір жыл емес содан бері жеті жыл өтті. Қазақстанның дедолларизация туралы жоспары тек қиял болып қала берді. Рас, Ұлттық банк теңгемен салынған депозиттер көлемін өсірді, шетелдік валютадағы салымдарды кеміткен болды. Үкімет теңгені қорғау мақсатында отандық өнім өндірушілерге бірнеше жеңілдіктер қарастырды. Индустриалды-инновациялық бағдарламалар легі ойластырылды. Халықтың қолына қаражат беру мақсатында – түрлі-түрлі арзандатылған несие, жол картасы дейсіз бе, қилы-қилы идеялар дүниеге келді. Жоспар бойынша 2020 жылдан бастап, олардың нәтижесін көріп, импортқа тәуелділіктен арылып, ұлттық экономика еңсе тіктеп, ұлттық валютамыз нығаюуы керек еді. Бірақ керісінше, теңге де нығаймады, экономикамыз да кең тыныстай алмай отыр.

    Сарапшылар айтып отырғандай, қазір Орта Азия елдеріне экономикасын долларға тәуелді ету тиімді болмай тұр. Қазір әлемдік нарықта 500 трлн доллардан астам қаражат айналымда жүр. Кез келген мемлекет шетелден немесе халықаралық валюта қорынан несие алатын болса, доллармен алады. Экспорт, импорт ара қатынасындағы сауда барысы да доллармен есептеледі. Біз қанша жерден өнімді, тауарды теңгемен есептесек те айналып келгенде, халықаралық нарықта долларға тәуелдіміз. Осыған байланысты бірқатар елдер шара қолданып, алтын-валюта қорларын әртараптандырып, ішкі нарығынан долларды ығыстырып жатқанымен, әзірге, Қазақстан асықпай отыр. «Дедолларизация жайында айтылғалы біраз уақыт болғанымен, бізде нақты сауатты шаралар қабылдана қойған жоқ», – дейді экономистер.

   Мамандардың пайымдауынша, Қазақстанда, тіпті ішкі нарықта да доллар беделді. «Қазақстан – менеджмент және экономикалық болжам» орталығының қаржыгері Ерқабыл Омашевтың айтуынша, Әзірбайжан, Грузия елдерінде жылжымайтын мүлік құны тек ұлттық валютамен бағаланады. Өзбекстан мен Қырғызстан да сауда-саттық тек ұлттық валютада жасалады.

– Қырғыздың базарынан киім-кешек алуға барсаңыз, тек соммен сауда жасап қайтасыз. Өзбекстанда да солай. Ал бізде теңгемен қоса, ішкі нарықта доллармен де саудаласа береді. Сондай-ақ Қазақстанда тұрғын үй бағасын ішкі нарықта көбінесе, доллармен бағалайды. Түркия, Әзірбайжан, Грузия елдерінде мұндайда тек ұлттық валютамен есеп айырысады. Көлік сатсақ та көк қағазбен есептесуге жақынбыз. Бізде теңгеден гөрі доллар өтімді. Ашығын айту керек, шенділер пара алса да доллармен алғанды жақсы көреді, – дейді қаржыгер.

  Маман алға тартқандай, егер біз теңгені қорғаймыз десек, «алдымен, ішкі нарықты доллардан тазартуымыз керек». Бұған қоса, сақтық қорымызда жатқан доллардың көп болуы да көк қағазға сұранысты түсірмей тұр.

– Сақтық қорымызда доллардың үлес салмағы 70 пайыздан астам. Болашақта бұл көрсеткішті 40 пайызға түсірсек жөн болар еді. Сақтық қорда алтынның үлесін көбейтуге тырысу керек. Сақтық қордың 40 пайызы доллар, 40 пайызы алтын, қалған 20 пайызы юаньмен жинақталса, бұл арада тепе-теңдік пайда болады. Қазір мұнай мен долларға байланған экономиканың нәтижесі екі жыл сайын ұлттық валютаны құнсыздандыру екенін қазір біраз елдер ұқты. АҚШ федералдық жүйесінің де көздеп отырғаны тек өзінің пайдасы. Сондықтан әлем экономикасы, әсіресе Орта Азия елдері 2020 жылдан бері қарай нақты бір өзгеріске ұмтылып жатыр. Осы аралықта Қазақстан да бейқам қалмауы керек. Ол үшін доллардан арылуға қатысты батыл әрекеттер жасалып, дедолларизацияны құр қиялға айналдырмау керек. Теңгеге сенім артсын десек, бізге мұндай қадамдарға қорықпай баруға тура келеді, – дейді Ерқабыл Омашев.

   Қалай десек те, доллардан арылу әлем үшін келешекте өзекті бола түспек. Біз жоғарыда мысал еткеніміздей,  2015 жылдан бері осы идеяны «пісірумен» келеміз. Әзірге, сыртқы нарық өз алдына, ішкі нарықта долларды шектеуге үкіметтің пәрмені жетер түрі жоқ. Мүмкін, доллар ұстап, қаражатын доллармен ғана оффшорға тығып үйренген шенеуніктерді теңгенің тағдыры толғандыра қоймайтын шығар. Бірақ келешекте қараша халықтың жайын ойласа, ұлттық экономиканың мәртебесі толғантса, үкімет, ең алдымен, теңгенің еңсе тіктеуіне ықпал етуі керек.

Тегтер: