Дональд Трамп АҚШ-тың «алтын картасы» қандай болатынын көрсетті

Дональд Трамп елде тұру құқығын беретін жаңа «алтын карта» бағдарламасының дизайнын жұртшылыққа таныстырды.
Трамп бұл картаны журналистерге көрсетіп, оның эксклюзивті екенін айтты.
"Бұл – Трамптың алтын картасы. Егер сізде 5 миллион доллар болса, бұл карта сіздікі болуы мүмкін", – деді ол.
Карта стандартты банк картасынан сәл үлкенірек боп жасалған. Онда Азаттық мүсіні бейнеленген және Трамптың портреті орналасқан. Оң жағында "The Trump Card" жазуы мен президенттің қолтаңбасы бар.
Бағдарламаның мақсаты мен шарттары
Дональд Трамп "алтын карта" бағдарламасын биыл ақпан айының соңында жариялаған болатын. Бұл бастама АҚШ-тың EB-5 бағдарламасын алмастыруға бағытталған. Бұған дейін EB-5 визасы арқылы шетелдіктер ел экономикасына 1 миллион доллар инвестиция салып, АҚШ-та тұрақты тұру құқығына ие болатын. Ал "алтын карта" бағдарламасы арқылы 5 миллион доллар төлеген адам бірден АҚШ азаматтығын алу мүмкіндігіне ие болады.
Трамптың айтуынша, карталарды сатудан түскен қаражат мемлекеттік бюджет тапшылығын жабуға жұмсалуы мүмкін. Бағдарламаға қатысушылар арнайы тексерістен өтеді, алайда оның нақты шарттары әлі жарияланған жоқ.
Жаңа бағдарламаға қызығушылық жоғары
АҚШ Сауда министрі Ховард Лютниктің мәліметінше, "алтын карта" бағдарламасы іске қосылған алғашқы күні шетел азаматтарына 1000-нан астам карта сатылған. Бұл жаңа визалық жүйеге қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Трамптың өзі "алтын карта" бағдарламасы алдағы екі апта ішінде толық іске қосылатынын мәлімдеді.
АҚШ-тың "алтын картасы" халықаралық деңгейде қандай реакция тудыратыны әзірге белгісіз. Сарапшылар бұл бастаманың иммиграция жүйесіне және ел экономикасына ықпалы қандай болатынын болжауға тырысып жатыр.