Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:51

Дональд Трамп: Дания Гренландияны қорғай алмайды

Гренландия
Фото: ашық дереккөз

АҚШ Президенті Дональд Трамп Дания Гренландияны қорғай алмайды, сондықтан Вашингтон бұл аумаққа иелік етуге мәжбүр болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

 Бұл туралы ол Флорида штатында журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Reuters.

"Біз оған (Гренландияға) иелік етуіміз керек болады. Дания оны қорғай алмайды", - деді Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, Дания басшылары Гренландияға іс жүзінде бармайды да, ал бұл аумақтың қауіпсіздігі Арктикадағы жағдайдың ушығуына байланысты ерекше маңызға ие.

Трамптың мәлімдеуінше, АҚШ Гренландияға бақылау орнату мәселесін алдағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында көтермек. Форум 21 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласында басталады, сол күні Трамп форумда сөз сөйлейді деп жоспарланған.

Ол бұл тақырыпты талқылауға ниетті екенін айтты.

Бұған дейін Трамп бірнеше рет Арктика аймағында Ресей мен Қытайдың суасты қайықтарының белсенділігі артқанын алға тартып, АҚШ-қа Гренландияны бақылауға алу қажет екенін мәлімдеген болатын.

Гренландия НАТО бас хатшысымен де талқыланған

20 қаңтар күні Дональд Трамп Гренландия мәселесін Марк Рютте – НАТО-ның бас хатшысымен телефон арқылы талқылағанын хабарлады.

"Гренландия ұлттық әрі жаһандық қауіпсіздік үшін қажет. Бұл мәселеде кері шегінуге жол жоқ  бәрі соған келіседі", - деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Макрон Трамптың Гренландияға қатысты ұстанымын түсінбейтінін айтты

Сонымен қатар АҚШ президенті Truth Social парақшасында Франция Президенті Эмманюэль Макрон жіберді деген жеке хабарламалардың скриншоттарын жариялады.

Онда Макрон Трамптың Сирия саясатын толық қолдайтынын, Иран мәселесінде «үлкен жетістіктерге жетуге болатынын» жазғанымен, Гренландияға қатысты әрекеттерін түсінбейтінін жеткізген.

Макрон Трампқа Давос форумынан кейін, 22 қаңтарда Парижде G7 форматына жақын кездесуді ұсынып, талқылауға украиндар, даттар, сириялықтар және ресейліктерді де тартуға болатынын айтқан.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Макронға жақын дереккөз жарияланған хабарламалардың түпнұсқа екенін растаған.