Дональд Трамп F-15 ұшағының ұшқыштары құтқарылғанын мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп ел қарулы күштері «АҚШ тарихындағы ең батыл іздестіру-құтқару операцияларының бірі» аясында Иран әуе кеңістігінде атып түсірілген McDonnell Douglas F-15 Eagle экипажының мүшесі болған америкалық әскери қызметкерді құтқарғанын хабарлады.
Ол бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Трамптың айтуынша, ұшқыш Иран аумағында, таулы өңірде, қарсы тараптың іздеуінде жүрген. Соған қарамастан, АҚШ әскері оны құтқару үшін ауқымды операция жүргізген.
«Бұл жауынгер ешқашан жалғыз қалған жоқ. Бас қолбасшы, қорғаныс министрі, штаб бастықтары және саптастары тәулік бойы оның орналасқан жерін бақылап, құтқаруға бар күшін салды», – деп жазды Трамп.
Оның мәліметінше, операцияға «ең қуатты қарулармен жабдықталған» ондаған ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылған. Құтқарылған ұшқыш жараланғанымен, оның жағдайы тұрақты.
Сонымен қатар Трамп бұған дейін дәл осындай жағдайда тағы бір америкалық ұшқыштың да құтқарылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл операция алдын ала жарияланбаған, себебі екінші құтқару миссиясының барысына кедергі келтіруі мүмкін еді.
Ақ үй басшысы бұл оқиға тарихта алғаш рет екі америкалық ұшқыштың жау аумағында жеке операциялар арқылы құтқарылуы ретінде тіркелгенін атап өтті. Құтқару барысында АҚШ әскерилерінің ешқайсысы зардап шекпеген.
The New York Times бұл оқиғаны «екі күнге созылған өмір мен өлім арасындағы жарыс» деп сипаттады. Басылым дерегінше, екінші ұшқыш 24 сағаттан астам уақыт бойы Иран аумағында жасырынған. Қолдарында тек тапанша болған.
Сондай-ақ, мәліметтерге қарағанда, Орталық барлау басқармасы қарсы тарапты жаңылыстыру үшін ұшқыштың құтқарылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Кейін нақты орналасқан жері анықталып, Пентагон жеткізілген.
Операцияға жүздеген арнайы бөлім сарбаздары, ондаған әскери ұшақтар мен тікұшақтар қатысқан. АҚШ шабуылдаушы авиациясы ирандық күштердің ұшқыш жасырынған аймаққа жақындауына жол бермеу үшін соққы жасаған.
Айта кетейік, 3 сәуір күні The New York Times және Axios секілді басылымдар Иран аумағында F-15 жойғыш ұшағының апатқа ұшырағанын хабарлаған еді. Кейін Ормуз бұғазы маңында Fairchild Republic A-10 Thunderbolt II ұшағының да апатқа ұшырағаны белгілі болды.
Ирандық БАҚ бұл ұшақты атып түсірдік деп мәлімдегенімен, деректерге сәйкес A-10 ұшағы Иран әуе кеңістігінен шығып, ұшқыш сәтті катапульта жасаған.