Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Дональд Трамп: Иран АҚШ-пен «маңызды келіссөздер» жүргізіп жатыр

Трамп пен Хаменеи
Фото: Жас Алаш коллаж

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Құрама Штаттармен «қанағаттанарлық келісімге» келуі тиіс екенін мәлімдеді.

 Оның айтуынша, мұндай келісім Иранда ядролық қарудың болмауын көздейді.

Трамп бұл туралы Air Force One бортында Флоридаға ұшып бара жатқан сәтінде журналистерге айтты.

 «Олар бұған келіседі ме, әлде жоқ па – білмеймін. Бірақ олар бізбен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл – маңызды келіссөздер», – деді АҚШ президенті.

Алайда Трамп Иранға қатысты нақты қандай қадамдар жоспарланып отырғанын ашып айтпады. Бұған дейін ол Вашингтон Тегеран мәселесі бойынша шешімді келіссөздердің нәтижесіне қарай қабылдайтынын мәлімдеген еді.

«Көрейік, бір нәтиже бола ма, жоқ па. Ал егер болмаса – одан кейін не болатынын да көрерміз… Ол жаққа біз өте ірі флот жібердік», – деген болатын Трамп Fox News тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар АҚШ президенті ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан Таяу Шығыстағы одақтастарына ықтимал соққылар жоспары туралы алдын ала хабарланбайтынын атап өтті.

«Біз оларға жоспарды айта алмаймыз. Егер жоспарды оларға айтсам, бұл сізге айтқанмен бірдей болар еді. Тіпті одан да қауіпті», – деді ол.

Қаңтар айының басында Дональд Трамп Иран билігінің үкіметке қарсы шерулерді қатаң күшпен басып-жаншуына жауап ретінде жағдайға араласу мүмкін екенін ескерткен болатын. Осы жағдай аясында АҚШ Иран жағалауларына USS Abraham Lincoln авиатасымалдаушысы бастаған ірі соққы беру тобын жіберді.

Осыдан кейін АҚШ пен Иран арасында тікелей әскери қақтығыс болуы мүмкін деген алаңдаушылық күшейе түсті. Ал Тегеран мұндай жағдай орын алса, АҚШ пен оның одақтастарының, соның ішінде Израиль базалары мен кемелеріне зымыран соққыларымен жауап беретінін ескертті.

Дональд Трамптың пікірінше, Иран АҚШ-пен соғысудан гөрі ядролық және зымыран бағдарламалары бойынша келісімге келуді жөн көреді.