Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:55

Дональд Трамп Иран мұнайын «бақылауға алғысы келетінін» мәлімдеді

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы мұнай саласын бақылауға алуды қалайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Financial Times газетіне берген сұхбатында айтқан.

Трамптың сөзінше, мұндай қадам АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген саясатына ұқсас болуы мүмкін. Оның пікірінше, басты мақсат – Иранның мұнай өнеркәсібін бақылауға алу.

— Шынымды айтсам, мен ең алдымен Иранның мұнайын бақылауға алғым келеді. Бірақ АҚШ-та кейбіреулер «неге бұлай істейсің?» дейді. Олар — ақымақ адамдар, - деді Трамп.

Негізгі нысана – Харк аралы

Сарапшылардың бағалауынша, мұндай сценарий жүзеге асса, Харк аралы негізгі нысанаға айналуы мүмкін. Себебі Иран мұнай экспортының басым бөлігі дәл осы арал арқылы жүзеге асады.

Мұнай бағасының күрт өсуі

Ирандағы соғыс аясында әлемдік мұнай нарығында баға айтарлықтай өскен. Financial Times дерегінше, соңғы айда мұнай бағасы шамамен 50%-ға көтерілген.

30 наурыз күні Азия нарықтарында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 116 доллардан асып, қақтығыс басталғалы бергі ең жоғары деңгейге жақындады.

Мәліметтерге сәйкес, Пентагон аймаққа 10 мыңға жуық әскери күш жіберуді мақұлдаған. Олардың қатарында теңіз жаяу әскерлері мен 82-ші әуе-десант дивизиясы сарбаздары бар.

27 наурызда шамамен 3500 америкалық әскери, оның ішінде 2200 теңіз жаяу әскері аймаққа жеткізілген. Тағы мыңдаған әскери күш жіберілуде.

Дегенмен сарапшылар Харк аралын басып алу операциясы айтарлықтай тәуекелге толы екенін айтады. Бұл адам шығынының артуына, соғыс шығындарының көбейуіне және қақтығыстың ұзаққа созылуына әкелуі мүмкін.

Трамптың өзі де бұл мүмкіндікті нақты растаған жоқ:

— Мүмкін біз Харк аралын аламыз, мүмкін алмаймыз. Бізде түрлі нұсқа бар. Егер алсақ, онда белгілі бір уақыт сол жерде боламыз, - деді ол.

Сондай-ақ ол Иранның аралды қорғау мүмкіндігін төмен бағалап:

— Оларда айтарлықтай қорғаныс жоқ деп ойлаймын. Біз оны оңай басып ала аламыз, - деді.

Келіссөздер және Ормуз бұғазы

Сонымен қатар Трамп Иранмен Пәкістан арқылы жүргізіліп жатқан жанама келіссөздердің «жақсы жүріп жатқанын» айтты.

Ол Иранға 6 сәуірге дейін АҚШ ұсынған келісімге келу туралы ультиматум берген. Келісім болмаған жағдайда АҚШ Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасауы мүмкін.

Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Бұл бағыттағы жағдайға қатысты нақты жауап бермеген Трамп:

— Біз 13 мың нысанды бомбаладық, тағы мыңдаған нысана бар. Келісім өте тез жасалуы мүмкін, - деді.

Оның айтуынша, Иранның рұқсатымен 20 танкер бұғаз арқылы өтіп кеткен, тағы бірнеше кемеге рұқсат берілген. Алайда бұл ақпарат тәуелсіз дереккөздер арқылы расталмаған.

Иран басшылығына қатысты мәлімдеме

Сонымен қатар Трамп Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи ауыр жағдайда екенін айтты.

— Ол не қайтыс болған, не өте ауыр хәлде. Біз ол туралы ештеңе естіп отырған жоқпыз, — деді Трамп.

Алайда Иран билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, Моджтаба Хаменеи тірі және қауіпсіз жерде екенін мәлімдеді.