Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:50

Дональд Трамп Иранды «бір түнде жоямын» деп қорқытты

Трамп
Фото: ЖИ/ Жас Алаш

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды бір түннің ішінде «жоюға» болатынын мәлімдеп, мұндай қадам сейсенбі күні-ақ жасалуы мүмкін екенін айтты. 

Ақ үй басшысы соңғы апталарда АҚШ қарулы күштері Иран аумағында ауқымды әуе операциясын жүргізгенін айтты. Оның сөзінше, 37 күн ішінде АҚШ ұшақтары 10 мыңнан шабуыл дасап, 13 мыңнан аса нысанаға соққы берген.

Сондай-ақ Трамп АҚШ одақтастарын сынға алды.

— Жапония бізге көмектеспеді, Аустралия көмектеспеді, Оңтүстік Корея көмектеспеді, кейін НАТО-ға жүгінесің — ал НАТО да көмектеспейді, - деді ол Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында.

Трамп АҚШ бұл елдерге өз кезегінде қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті:

— Бізде Жапонияда Солтүстік Кореядан қорғайтын 50 мың әскер бар, Оңтүстік Кореяда Ким Чен Ыннан қорғайтын 45 мың әскер бар, - деді ол.

Сонымен қатар, ол Парсы шығанағындағы бірқатар елдерді мақтады:

— Сауд Арабиясы, Катар, БАӘ, Бахрейн және Кувейт елдері керемет, - деді Трамп.

«Ең ауқымды соққы»

Сол күні АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Ақ үйде сөйлеп, президент Трамптың тапсырмасымен дүйсенбі күні «Эпикалық қаһар» операциясы басталғалы бергі ең ауқымды соққы жасалатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, егер Иран келіссөздерге келмесе, сейсенбі күні соққылар одан әрі күшейеді.

— Президенттің нұсқауымен бүгін ең ірі соққы жасалады. Ертең одан да ауқымды шабуыл болады. Содан кейін Иранның таңдау мүмкіндігі қалады. Дұрыс шешім қабылдаңыздар, өйткені бұл президент әзілдеспейді, - деді Хегсет.

Бұл мәлімдемелер Иранға стратегиялық маңызды Ормуз бұғазын қайта ашу туралы талап аясында жасалған. АҚШ соңғы мерзім ретінде сейсенбі күні сағат 20:00-ге дейін уақыт берген.