Дональд Трамп Иранға 48 сағат ішінде келісімге келуді талап етті
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне жаңа ультиматум қойып, алдағы 48 сағат ішінде келісімге келуді немесе Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастауды талап етті. Әйтпесе, оның айтуынша, Иранда «тозақ орнайды».
Трамп бұл мәлімдемені Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Ультиматум мәні
Ақ үй басшысы Ираннан Вашингтонмен келісім жасау немесе Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасын қалпына келтіруді талап етті. Бұл талап орындалмаған жағдайда АҚШ Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасауы мүмкін екенін ескертті.
Айта кетейік, Трамп бұған дейін де – 22 наурыз күні – дәл осындай 48 сағаттық ультиматум жариялаған. Алайда кейін келіссөздерге байланысты мерзім бірнеше рет кейінге шегерілген.
Келіссөздер тығырыққа тірелді
The Wall Street Journal дерегінше, Пәкістанның делдалдығымен АҚШ пен Иран арасында бітімге келу әрекеті сәтсіз аяқталған. Иран тарапы Исламабадтағы кездесуге қатысудан бас тартып, АҚШ ұсынған шарттарды «қабылдауға келмейді» деп бағалаған.
Қазіргі таңда Иран ресми түрде Трамптың соңғы мәлімдемесіне жауап берген жоқ. Дегенмен Тегеран Вашингтонмен тікелей келіссөз жүргізіп жатқанын жоққа шығарып, байланыс тек делдалдар – Пәкістан мен Түркия арқылы жүріп жатқанын мәлімдеді.
Қарымта соққы қаупі
Иран билігі егер АҚШ олардың энергетикалық нысандарына соққы жасаса, Парсы шығанағындағы АҚШ-пен ынтымақтас елдердің инфрақұрылымына жауап ретінде соққы беретінін ескертті.
Бұл жағдай аймақтағы әскери-саяси шиеленісті одан әрі күшейтіп отыр.